Accessibility links

Жариялылық іздеу мүгедек балалардың сабағын тоқтатуға ұласты


Орал тұрғыны Татьяна Колбасинаның "Ботақан" тобында болған 12 жасар қызы Викториямен түскен суреті. 4 сәуір 2016 жыл.

Орал тұрғыны Татьяна Колбасинаның "Ботақан" тобында болған 12 жасар қызы Викториямен түскен суреті. 4 сәуір 2016 жыл.

«Ботақан» оңалту тобының қызметі уақытша тоқтағаннан кейін Орал қаласында ондаған мүгедек бала педагогтар өткізетін тегін сабақтан қағылды.

Оралда мүгедек баласы бар аналардың ұжымдық арызынан кейін «Ботақан» оңалту тобының жұмысы уақытша тоқтатылды. «Ботақан» тобы Батыс Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсететін жартылай стационар ретінде жұмыс істеген үш мекеменің бірі болатын.

ШАҒЫМНЫҢ МӘНІСІ

Мүгедек балалардың аналары қадағалаушы органдарға «Ботақан» оңалту тобы басшысы Тамара Истоминаның үстінен шағым түсірген. Олар оны «ақшаны қайда жұмсап жатқанын жасырады, балалар сабақ оқитын бөлмелерде санитарлық талаптар орындалмайды» деп айыптады. Көбі -балалары биыл оңалту тобына ілікпей қалған ата-аналар. Хатқа қол қойған 10 әйел «ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білмейміз әрі топта санитарлық талаптар орындалмайды» деп мәлімдейді.

Олар «Бөлме суық, логопед арнайы қолғапсыз жұмыс істейді, 20 балаға есептіліп ашылған топқа небәрі 5-6, тіпті одан да аз бала барады, ал қалғандары тізімде ғана бар» деп жазаған.

Арызданушылардың айтуынша, бұл жанжал ата-аналар 2014 жылы «Ботақан» тобы жетекшісінен «Мерекелердің бірінде демеушілер берген 50 мың теңге қайда жұмсалды?» деп сұраған кезде басталған. Хатта «Ұйым басшысы ата-аналардың алдында есеп беруге міндетті емес екенін айтады» деп жазылған.

Ата-аналардың айтуынша, қалада мүгедек балаларға арнап ақша жинау үшін екі жәшік орнатылған, бірақ әлгі ақшаның қайда жұмсалып жатқанын ата-аналар білмейді.

- Бізді биыл еш негізсіз әрі себебін түсіндірместен, мысықтың баласы сияқты топтан лақтырып тастады. Наурыздың 1-інен бастап топқа жаңа балалар қабылдапты. Ал бізге «сендердің әлеуметтік қызметкерлерің бар дейді», - дейді «балалар сал ауруы» (ДЦП) диагнозы қойылған бес жасар Райханның анасы Лариса Өтешқалиева Азаттыққа.

Осындай диагноз қойылған 12 жастағы Данилдің анасы Галина Говорованың айтуынша, билік ата-аналар биылдан бастап қызмет түрінің бірін ғана таңдауы тиіс екенін мәлімдеген.

«Ботақан» оңалту тобындағы мүмкіндігі шектеулі балалар. Орал, 4 сәуір 2016 жыл.

«Ботақан» оңалту тобындағы мүмкіндігі шектеулі балалар. Орал, 4 сәуір 2016 жыл.

- Бізге наурызың 3-інен бастап мүгедек балаға мемлекет есебінен екі түрлі арнайы көмек көрсетілмейтінін айтты. Әлеуметтік қызметкер үйге небәрі екі сағатқа келіп, кетеді. Ал бала, мысалы массаждан, логопед қызметінен қағылып, өзге балалармен араласпай қалады ғой, - дейді Галина Говорова.

Балалардың аналары ұжымдық хатты «Кей балалар есепте ғана бар, ал мемлекеттен оларға деп бөлінген ақша мен демеушілер беретін ақша, сыйлықтар мен азық-түлік қайда кетіп жатыр? Біз, яғни мүгедек балалардың аналары «Ботақан» тобын жабуды немесе басшысын ауыстыруды талап етеміз» деген сөйлеммен аяқтаған.

БАСШЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ақыры Орал қалалық прокуратурасы ата-аналар арызы бойынша тексеру бастап, оңалту тобы қызметін жуырда уақытша тоқтатқан. Мұны Азаттыққа «Ботақан» тобының өкілеттігін тоқтатқан басшысы Тамара Истомина хабарлады.

Ол оңалту тобын 2010 жылы ашқанын айтады. 20 мүгедек балаға есептеліп ашылған топқа келетін балаларға педагогтар аптасына төрт күн, бірнеше сағаттан сабақ оқытады. Топ әлеуметтік тапсырыс түрінде бөлінетін мемлекет ақшасына күн көреді. Биыл билік алты миллион теңге бөлген. Тамара Истоминаның айтуынша, бұл ақшаның көп бөлігі өзін қоса алғанда, топта жұмыс істейтін 10 қызметкерге жалақы төлеуге кетеді. Топта жеті педагог, бір администратор мен бухгалтер бар. Топ басшысы 80 мың теңге, қалған қызметкерлер 30-45 мың теңге жалақы алады. Бұған қоса, көлік жүргізушіге айына 80 мың теңге төленеді. Аумағы 60 шаршы метр болатын кеңсені «Ботақан» ай сайын 36 мың теңгеге жалдайды. «Ғимаратты жалдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен ақша бөлінбейді. Оның ақшасын өзімтауып отырмын» дейді Истомина.

«Ботақан» оңалту тобы пайдаланатын ғимараттың жабық тұрған есігі. Орал, 12 сәуір 2016 жыл.

«Ботақан» оңалту тобы пайдаланатын ғимараттың жабық тұрған есігі. Орал, 12 сәуір 2016 жыл.

Тамара Истомина қаржылық заң талаптарын бұзбағанын айтып, «ата-аналар биылдан бастап мүгедек балаларға бірнеше қызмет түрін көрсетуге тыйым салынғаны үшін маған ашуланып жүр» дейді.

- Заң бойынша, биыл оларға бір қызмет түрі ғана көрсетіледі, ал олар екі түрлі қызмет алғысы келеді. Әлгі ата-аналардың балаларына аптасына бір рет әлеуметтік қызметкер келіп тұрады. Бұл - өте қиын жұмыс. Бірақ 40 жасымда мүгедек болып қалған соң өзім сияқты жандарға көмектескім келген, - дейді Тамара Истомина.

Іштен орталық жүйке жүйесі ақауымен туған 12 жастағы Викторияның анасы Татьяна Колбасина қызын «Ботақан» тобына төрт жыл апарған. Ол «Топтағы сабаққа қатыспай жүргенде қызым тым тұйық болатын. Қазір қызымның мінезі ашылып, кісі жатырқамайтын болды» деп педагогтарды мақтайды.

- Жалпы, топтың жұмысына қатысты шағымым жоқ, бірақ балаларымыздың құқығын бәрібір шектеп отыр. Біздің балаларымыз сияқты балаларға ұжымдық та, жеке сабақтар да қажет, - дейді Татьяна Колбасина.

РЕСМИ ТҮСІНІК

Ата-аналар мен «Ботақан» басшылығы арасында жанжалға қатысты Азаттыққа комментарий берген Батыс Қазақстан облысындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Ділдаш Ысқақова ресми құжаттарға сілтеме жасайды.

...арнайы қызмет көрсету стандартына сәйкес, мүгедек балаға мемлекет есебінен тек бір әлеуметтік қызмет түрі - үйге келетін әлеуметтік қызметкердің көмегі немесе оңалту тобы сияқты жартылай стацонар мекемеде сабақ оқыту қызметі ғана көрсетілуі тиіс.

- Халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау саласында бекітілген арнайы қызмет көрсету стандартына сәйкес, мүгедек балаға мемлекет есебінен тек бір әлеуметтік қызмет түрі - үйге келетін әлеуметтік қызметкердің көмегі немесе оңалту тобы сияқты жартылай стацонар мекемеде сабақ оқыту қызметі ғана көрсетілуі тиіс, - дейді маман.

Басқарма бастығы орынбасарының айтуынша, мемлекет есебінен қызмет көрсетілетін мүгедек балалардың бәрі былтырдан бері «Е-собес» бірыңғай республикалық дерекқорға енгізілген. Арызданған ата-аналардың балалары екі қызмет түрін алып жүргенін әлгі дерекқор арқылы анықталған.

- Олар қызмет түрінің бірін таңдауы тиіс, - дейді Ділдаш Ысқақова.

Облыстық басқарма дерегінше, Батыс Қазақстан облысында мүгедек балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін жартылай стационар түрінде үш мекеме жұмыс істейді. 50 балаға есептеліп ашылған «Шапағат» мемлекеттік дәрігерлік-әлеуметтік мекемесі және үш жеке меншік балаларды оңалту орталығы бар. Оның екеуі - әрқайсысы 20 балаға есептеліп ашылған «Бәйтерек» және «Ботақан» орталықтары, ал облыстың Сырым ауданында 10 балаға қызмет көресететін «Нұр шуағы» оңалту орталығы бар. Жеке меншік үш орталық демеушілердің ақшасы мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бөлінетін грантқа күн көреді.

Бұдан бөлек, БҚО Зеленовск ауданы Күшім ауылында әке-шешесі бас тартқан 80-нен аса мүгедек бала жататын психоневрологиялық диспансер бар. БҚО-да арнайы әлеуметтік көмек алатын барлығы 498 мүгедек бала тіркелген. Көбі психикасында ауытқу бар, қимыл-қозғалыс аппараты зақымданған, ДЦП диагнозы қойылған балалар.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG