Accessibility links

Балалардың лагерьде демалуына баға кедергі


Лагерьдегі балалар. (Көрнекі сурет).
Лагерьдегі балалар. (Көрнекі сурет).

Ата-аналардың көбі балаларын лагерьге демалуға жіберуге асықпайды. Біреулер мұның себебін жолдаманың қымбаттығымен түсіндірсе, енді біреулері балалардың қауіпсіздігін уайымдайтынын айтады.

Азаттық тілшісі алматылық ата-аналар арасында балалар демалысы жайында шағын сауалнама жүргізіп көрді.

«АҚШАНЫ ЖЫЛ БОЙЫ ЖИНАЙМЫН»

Ата-аналардың кейбірі балалар демалыс үшін қаражатты жыл бойы жинайтынын айтса, көбі балаларын демалуға ешқайда жібере алмай отырғанына шағынады. Мұның бір себебі - балалар лагері жолдамасының қымбат бағасы.

- Балалар лагеріне жолдама бағасы жыл сайын қымбаттайды. Жалғыз балам бар. Қызымды жазда лагерьге жіберу үшін жыл бойы әр ай сайын төрт мың теңге іркіп қаламын. Ең арзанын таңдап, 48 мың теңгеге «Мадагаскар» лагеріне 10 күнге жолдама сатып алдық, - дейді Лейла Сапиева Азаттық тілшісіне.

Келіншектің айтуынша, ол жалақы алған сайын карточкасында төрт мың теңге қалдыруды дәстүрге айналдыруға тырысады. Сондықтан жаз шыға жолдама сатып алу отбасы бюджетіне көп салмақ түсірмейді.

Лейла Сапиеваның пікірінше, бала төрт қабырғада қамалмай, лагерьге демалғаны дұрыс.

Шығыс Қазақстандағы лагерьдің бірінде демалып жүрген балалар. (Көрнекі сурет).
Шығыс Қазақстандағы лагерьдің бірінде демалып жүрген балалар. (Көрнекі сурет).

Ата-аналардың баласын лагерьге жібермеу себептерінің тағы бірі - олардың қауіпсіздігі мен денсаулығына уайымдайды. Алматыға Орал қаласынан қонаққа келген Дінмұхамед пен Данира Бекхожиндер «лагерьге ешқашан барып көрмедік, анамыз жібермейді» дейді.

- Лагерьде неше түрлі жағымсыз оқиғалар болатынын көп естідік. Достарымыз «алғаш темекіні лагерьде тартып көрдім, ауру жұқтырып алғандар да көп болады, шприц тауып алатынбыз, түрлі жәндіктер шағып алған» деп айтып отырады. Қысқасы, жағымсыз пікірлерді көп естідік. Бірақ біз лагерьде демалмадық деп өкінбейміз. Әке-шешеміз бізді Алматы, Астана, Түркияға апарып, каникулды естен кетпестей етіп өткізеді, - дейді Данира Бекхожина Азаттық тілшісіне.

ЖОЛДАМАҒА СҰРАНЫС «СӘЛ АЗАЙДЫ»

Жеке меншік лагерьлердің көбі жолдаманы туристік агенттіктер арқылы сатады. Alma Travel Agency компаниясы менеджері Әсия Садықованың айтуынша, биыл жолдамаға сұраныс сәл азайғаны байқалады.

- Жолдаманы көбінесе Атырау мен Ақтаудағы мұнай компаниялары қызметкерлерінің балалары үшін сатып алады. Лагерьде демалатын бала саны тым көбейді, немесе азайды деп айта алмаймын, бірақ биыл аздап кемігені сезіледі, - дейді компания менеджері Әсия Садықова.

Алматы маңында орналасқан бірнеше лагерьдің аты-жөнін атамауды сұраған басшылары Азаттыққа лагерьде демалғысы келетіндер саны азайғандықтан, «тіршілік ету» қиындап кеткенін айтады.

«Связист» лагері директоры Тамара Глазкова Азаттық тілшісіне жыл сайын лагерьге көбінесе жыл сайын келіп жүрген балалар келетінін, олардың кейбіріне тіпті жеңілдіктер қарастырылатынын айтады.

- Оларды тәулігіне ең арзан баға – төрт мың 800 теңгеге жібереміз. Өзге лагерьлерде бір күн жеті мың теңге тұрады. Біздің лагерьде демалу ұзақтығы 20 күннен аспайды, жолдама құны - 96 мың теңге. Әлгі ақшадан вожатый, дәрігер, аспаз, күзетке жалақы төлеп, азық-түлік сатып аламыз, - дейді Тамара Глазкова.

Балалардың республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділда ата-аналар баласын демалуға лагерьге жіберуге барынша тырысуы тиіс деп санайды. Ол балаға жазғы демалысын ата-анасынан жырақта өткізу аса қажет, тәуелсіздікке үйреніп, ой-өрісі кеңейеді деп есептейді.

«Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділда
«Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділда

- Қазір лагерьлердің бәрі жеке меншіктің қолына өткен. Балалар тегін демалатын жалғыз ғана лагерь бар. Оған көп балалы және тұрмысы нашар отбасылардың балалары, жетім балалар барады. Баласын 11 сыныпқа дейін жыраққа шығарып көрмеген отбасылар да бар. Бұл - әлеуметтік проблема, - дейді Жұлдыз Әбділда.

Балалар газеті бас редакторының айтуынша, редакция жүргізген сауалнама барысында ата-аналардың көбі баласына күніне 500 теңге беретінін, ал лагерьге жіберуге мүмкіндігі жоғын айтқан. Жұлдыз Әбділда ата-аналарды әлгі ақшаны жыл бойы жинап, ұялы телефон, планшет, нетбуктың орнына лагерьге жолдама сатып әперуге шақырады.

Алматы қаласы білім басқармасы мамандарының Азаттыққа хабарлауынша, биыл «Огонек», «Спутник» лагерьлерінде көп балалы, тұрмысы нашар отбасылардың балалары мен жетім балалардың тегін демалысын ұйымдастыруға мемлекеттік бюджеттен 190 миллион теңге бөлінген.

- Алматыда балалар тегін демалатын «Өрнек» лагері бар. Бұл категорияға балалар үйі, мектеп-интернат балалары жатады, - дейді Алматы қаласы білім басқармасының маманы Нұргүл Тау.

Алматы мен қала маңында барлығы 30 шақты жеке меншік лагерь бар. 10 күндік жолдама бағасы лагерьдің орналасқан жеріне байланысты 40 мыңнан 140 мың теңгеге дейін (220-750 доллар) тұрады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG