Accessibility links

Төсек тартып жатқан әкесіне 12 жасар баласы ғана қамқор мен тірек болуда


Виктор мен оның мүгедек әкесі Андрей Жидких теледидар көруде. Алматы облысы, Іле ауданы, Междуречинск ауылы.

Виктор мен оның мүгедек әкесі Андрей Жидких теледидар көруде. Алматы облысы, Іле ауданы, Междуречинск ауылы.

Анасыз өсіп келе жатқан Виктор жастайынан үй шаруасының бар тірлігіне көмектесетін. Әкесі Андрей төсек тартып қалған күннен бастап, әкелі-балалы отбасының бар жүгі 12 жасар баланың мойнына түсіп отыр.


ТҰЛ БОЛҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҚ


Бес ай бұрын жағдай дәл осындай болмайтын. Абайсызда жығылып, омыртқасын зақымдап алған әке балдақпен жүрсе де, өздері тұратын Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Междуречинск ауылындағы бау-бақшаларда дәнекерші болып жұмыс істеп, отбасының күнделікті ішіп-жемін тауып күн кешетін. Виктор да бес шақырым жердегі Шамалған станциясының мектебіндегі сабағынан қалмай, өзге өскіндердей балалық бал дәуренін асыр салып, ойынмен өткізіп жүретін.

Ауру асқынып, Андрей Жидких төсек тартып қалған күннен бастап, отбасының жағдайы қиындады. Бар ауыртпашылық 12 жасар Виктордың мойнына түсті: ойын да, барыс-келісі қиын болған мектеп те (5 шақырым жердегі меткепке автобус жүрмейді) жайына қалды.

– Бәрін жасайды: пеш те жағады, тамақ та пісіреді, кір де жуады. Мені күтіп-бағады. Бау-бақшаларда жалданып жұмыс істейді. Еңбегіне кейде азық-түлік, кейде ақша береді, – дейді әкесі Андрей.

Андрей Жидкихтің айтуынша, оның 4 балалы берекелі шаңырағы болған. Бірақ та тағдырдың жазуымен әйелі 3 баласын алып, іргесін аулаққа салған.
Виктор Жидких досымен бірге, Алматы облысы, Іле ауданы, Междуречинск ауылы.


Жалғыз қалған Андрей мен оның ұлы Викторға қазір көрші-қолаң, ескі дос-жарандар киім, отын, азық-түлік беріп қол ұшын созып тұрады. Әйтсе де төсек тартып жатқан әке мен қаршадай баланың қыстың көзі қырауда жылусыз, азықсыз аш отырған кездері қаншама?!

Андрей Жидкихтің сөзінше, отбасының жағдайын біліп-кетуге жергілікті әкімшіліктен де кісілер келіп кеткен. Алайда «Көмек көрсетеміз деген уәдеден өзге істі көрмедік», – дейді ол.

Бүгін де жалғызбасты науқас әке Андрей Жидкихтің отбасы мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемнің ешбіріне қол жеткізе алмай отыр.


«ҚАЙЫР ТІЛЕГЕННЕН ГӨРІ ӨЛІП КЕТКЕНІМ АРТЫҚ»

Бұған қоса, жергілікті жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекция науқас әкеден жалғыз баланы талап етеді, «Викторды баға алмайсың, басқа қамқоршы тауып берейік», – дейді.

– Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар келді. Төрт-бес адам. Виктордың шешесін тауып береміз, мені мүгедектік зейнетақыға шығарып береміз деді. Міне, құжаттарымызды алып кеткеніне 2 жыл болды. Әлі еш хабар жоқ, – дейді ауру меңдеген әке.

Андрей Жидкихтің айтуынша, оның құжаттары толық болмағандықтан, денсаулық сақтау мекемелері оған ем көрсетуден бас тартып отырған көрінеді.

Ол өзіне қол ұшын бергісі келгендердің көмегінен бас тартпайтындығын айтады. «Ең құрығанда, көктемде есік алдына шығатын мүгедектерге арналған арба болса, шіркін» дейді Андрей күрсініспен.

– Мен балдақпен ептеп жүре алған кезімде осы бау-бақшаларда дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Біреудің құбырын жалғап бердім, біреудің тағы бірдеңесін дегендей. Бірақ жолға шығып, қалпағымды тосып қайыр тілеу деген ойым болған емес. Ондай болмайды да. Мен оған бармаймын. Одан да осы жерде өліп кеткенім артық, – деген Андрей «ұлым Викторды да тентіретіп, қайыр тілетпеймін» дейді.

Ол ертеңгі күніне, қайырымды адамзат баласына үміт артады.

Десе де, көршілер осы маңайдағы шіркеулерде Виктордың қайыр тілеп жүргенін көрдік дейді.

Әкесіне қамқоршы болған бала Виктор туралы видеосюжетті көріңіз:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG