Accessibility links

«Ақорданың балалары»


Қазақстан президенті резиденциясы - Ақорда. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті резиденциясы - Ақорда. (Көрнекі сурет)

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтің баласы Сергей Нұртаевтың Қазақстанның Италиядағы елшісі ретінде тағайындалуы қоғамда «Қазақстан элитасы балалары кім болып жұмыс істейді?» деген сауалдың қозғалуына түрткі болды.

Қыркүйектің 22-сі күні 40 жастағы Сергей Нұртаев Италиядағы Қазақстан елшісі болып тағайындалды. Бұрын ол Грекияда елші болған. Сергей Нұртаев – ҰҚК төрағасы әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың совет заманынан келе жатқан серігі Нұртай Әбіқаевтің баласы.

Қазір Қазақстанның саяси элитасы ортасында бұл құбылыс таңсық емес. Бірақ бақылаушылардың пікірінше, Астанада непотизм өршіп барады әрі элитаның «балаларына» өзгеше фамилия беруі тенденцияға айнала басталған. Жоғары қызметтегі қайраткерлердің ішінде Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевтің баласы Сергей Нұртайұлы Нұртаев сияқты әкесінің тегіне жазылмаған басқа да «балалар» бар.

АЛМА АҒАШЫНАН АЛЫС ТҮСПЕЙДІ…

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев («Кто есть кто в Казахстане?» энциклопедиясының авторы) және белгілі журналист Айгүл Омарова элита балаларының мемлекеттік қызметте сәтті өрлеуі Қазақстанның «ойлап тапқан жаңалығы» емес, бұл - бұрынғы Совет Одағында да болған әрі қазір Ресей және өзге постсоветтік елдерге де тән құбылыс деген пікір айтады. Айгүл Омарова «бұл тіпті Батыс елдерінде де бар құбылыс» деп, америкалық Буш пен Кеннеди отбасыларын «мысалға» келтіреді.

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың Қазақстан сыртқы істер министрі орынбасары болған кезіндегі суреті. Алматы, 16 шілде 2010 жыл.

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың Қазақстан сыртқы істер министрі орынбасары болған кезіндегі суреті. Алматы, 16 шілде 2010 жыл.

Жергілікті сарапшылар «топ-шенеуніктердің балаларының жоғары қызметке тым жас шағында тағайындалуы сөкеттік емес» деп санайды. Олар Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагиннің баласы, 2013 жылдың наурызында 26 жасында Астана аудандарының бірінің әкімі болып тағайындалған Павел Кулагинді мысалға келтіреді. Кезінде ол «А» корпусына кадр іріктеу тестінен өте алмай, бұл қызметінен алты айдан кейін «ұшып кетті» деген хабар тараған. Бірақ Астананың коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығы Павел Кулагин әлгі резервке 2015 жылдың ақпанында ілікті. Кадрлар резервінде «Ақмола Феникс» және «Шаңырақ Групп» компанияларының 36 жастағы директоры, ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божконың баласы Максим Божко да бар.

Қоғам Сергей Нұртаевты елші етіп тағайындауды біраз сөз етсе, парламент сенатының бұрынғы төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің баласы Сержан Әбдікәрімовтің елші болып тағайындалуына онша мән берген жоқ. 39 жастағы Сержан Әбдікәрімов биылғы наурыздан бері Чехияда елші болып жұмыс істейді.

Парламент сенатының бұрынғы төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.

Парламент сенатының бұрынғы төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.

Жергілікті сарапшылардың айтуынша, ұқсас екі оқиғаға қатысты қоғамның екі бөлек реакция танытуының бірнеше себебі бар. Жалпы, жұрт элитаның балалары «ерекше жаратылған» деген ойға үйренген. Бірақ Нұртай Әбіқаевтің баласы болса, Сергейдің тегі неге Нұртаев деп жазылған деген сауал туады. Мұндай тенденция енді басталған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інілерінің бірі Қайрат Назарбаев тегін өзгертіп, қазір саяси элита тізімінде Қайрат Сатыбалды деген есіммен белгілі.

Сарапшылар «Мүмкін, Нұртай Әбіқаев жұрттың «баласының қызметі мен генетикалық тегі арасында байланыс бар» деген сөзіне ілік болмау үшін баласының әлеуметтік мәртебесін көрсетпеуді жөн көрген шығар» деп болжайды.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕН БИЗНЕСТЕГІ «БАЛАЛАР»

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан элитасының балалары мемлекеттік органдар ғана емес, бизнес құрылымдарда, әсіресе саяси тәуекелі аз, жалақысы көп мұнай-газ саласымен байланысты компанияларда да отыр. Ол «ҚазТрансГаз» компаниясы бас директорының 35 жастағы орынбасары әрі Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, парламенттің бұрынғы депутаты Болат Жылқышиевтің баласы Қуаныш Жылқышиевті мысалға келтіреді.

Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Сарыбай Қалмырзаев.

Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Сарыбай Қалмырзаев.

Данияр Әшімбаев тағы бір мысал ретінде ел президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Сарыбай Қалмырзаевтың баласы Нұрбол Сұлтанның бизнестегі өрлеу тарихын айтты. Нұрбол Сұлтан бизнес-карьерасын 21 жасында «ҚазМұнайГаздың» еншілесі «ҚазТрансОйл» компаниясында бастап, бірер жылдан кейін оны басқарған. Бірақ әкесінің мезгілсіз қазасынан кейін іле-шала Нұрбол Сұлтан да лауазымды қызметтерінен айырылған. Саясаттанушы «бұл жағдай Қазақстан элитасы балаларының жетістігі ата-анасының амандығына тәуелді екенін тағы да дәлелдейді» дейді.

Бұрынғы білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің баласы, 46 жастағы Бейімбет Шаяхметов 2014 жылдың қаңтарынан бері «Азия газ құбыры» компаниясы бас директорының орынбасары болып жұмыс істейді. Бейімбет Шаяхметов - Халық банкі басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметованың күйеуі.

Ішкі істер министрі орынбасары Владимир Божко.

Ішкі істер министрі орынбасары Владимир Божко.

2007-2013 жылдары «Азия газ құбыры» компаниясы бас директорының орынбасары қызметін бұрынғы білім министрі Бақытжан Жұмағұловтың 39 жастағы баласы Руслан Жұмағұлов атқарған. Сарапшылар 2013 жылы оның әкесі Бақытжан Жұмағұлов министр қызметінен отставкаға жіберілгеніне назар аударады.

Қаржы полициясының бұрынғы бастығы, ал қазір парламент сенаты депутаты Рашид Түсіпбековтің баласы, 38 жастағы Жанат Түсіпбековтің қызметі мұнай бизнесімен тығыз байланысты. Ол - «ҚазМұнайГаздың» еншілесі Rompetrol Group компаниясының бас директоры.

Рашид Түсіпбековтің әділет министрі кезіндегі суреті.

Рашид Түсіпбековтің әділет министрі кезіндегі суреті.

Таяуға дейін энергетика министрі Владимир Школьниктің баласы Игорь Школьник «Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры болып жұмыс істеген. Қазір Игорь Школьниктің бизнесі Ресейде шоғырланған. Forbes.kz сайтының болжамынша, ресейлік Sermules Enterprises Limited компаниясының 315 миллион доллары бар қожайыны Игорь Школьник Қазақстанның ең бай 50 адамы тізіміне кірген.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардағы Қазақстан элитасы балаларының үлесі – 30 пайыздан аспайды деп болжайды.

НЕПОТИЗМ ЖАРЫМЖАНДЫҒЫ

Тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов «элитаның мемлекеттік қызмет пен бизнесте лауазымды қызметте отырған балаларының кейбірі мүмкін адал адамдар немесе білікті мамандар шығар, бірақ мұндай кадрлық саясат мүлде сорақылық» деп санайды. Оның айтуынша, биліктегі қазіргі режим барлық жерге өз туыстарын немесе сенімді адамдарын қоюға тырысады. Қайтсе де билігін сақтап қалуды ғана көздейтін жеке-дара биліктің жаратылысы осындай.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазір вице-премьер болып отырған қызы Дариғамен түскен суреті. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазір вице-премьер болып отырған қызы Дариғамен түскен суреті. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Дуванов «әлеуметтік лифт жүйесін, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету, кадрларды біліктілігіне қарай тағайындау деген сияқты нәрселер туралы әлі талай айтылады, бірақ кадрлар іс жүзінде жоғары билікке адалдығына қарай іріктеле береді» деп санайды. Оның айтуынша, мұндай «киелі» жүйе жоғары билікке ғана емес, аймақтардағы жергілікті әкімдерге де тән.

Сергей Дуванов саяси дағдарыс күшейген сайын биліктің секемшілдігі де арта түседі, сондықтан билік қарамағындағыларды бақылауды күшейтеді деп санайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын өзгелерден артық танытқан адамдар мен оның отбасы мүшелерін жуырда жоғары қызметке тағайындаудың сырын ол осылай түсіндіреді. Сергей Дуванов «өзінің түкке тұрғысыз кадр саясатын ақтауға тырысу үшін Қазақстан билігі мен жергілікті сарапшылардың көрші елдерге, әсіресе Батысты мысалға алуының жөні жоқ» деп түйіндейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG