Accessibility links

Қазақстанда балалар кітабы неге аз шығады?


Балаларға арналған кітаптардың мұқабасы. (Көрнекі сурет).

Балаларға арналған кітаптардың мұқабасы. (Көрнекі сурет).

Қазақстанда шығатын балалар әдебиеті жыл сайын азайып барады. Сарапшылар «мұндай қарқынмен қолда бар оқырманымыздан айырылып қалуымыз мүмкін» деп қауіптенеді.

Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейдің бірінші сыныбында оқитын Айша Ержанова Бегалин атындағы балалар кітапханасы қызметкерлері ұйымдастырған «Сиқырлы әрі ғажайып әлем» бағдарламасына қатысу үшін Алматыға келген. Айша бос уақытында әдеби кітаптарды, орыс және қазақ халық ертегілерін оқығанды жақсы көреді.

Бірақ Айша сияқты кішкентай кітапқұмарлар аз. Сарапшылар Қазақстанда шығатын балалар кітабының азаю себептерінің бірін оқырмандардың кітапқа деген ынтасының төмендеуімен байланыстырады. Балалар кітабы күніне орай кітапхана ұйымдастырған кездесуде жазушылар мен балалар баспасы редакторлары Қазақстандағы балалар әдебиетінің жағдайын талқылады.

ЖАЗУШЫЛАР МЕН РЕДАКТОРЛАР

Бірақ Алматы қаласындағы жазушылар мен балалар баспасы редакторлары қазіргі балаларды «кітап оқуға құлықсыз» деп көп кінәламайды. Олардың айтуынша, Қазақстанда балаларды қызықтыратын кітап та, балаларға арнап жазатын жазушы да аз. Жазушылар «кітап шығаруға ақшамыз жоқ , сондықтан аз жазамыз, ал мемлекеттен қайыр жоқ» дейді.

«Жыл он екі ай» балалар журналының бас редакторы әрі публицист Талғат Айтбайұлының айтуынша, кезінде Қазақстан кітап көп оқитын ел болған. Оның айтуынша, енді Моңғолия, Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар көбірек оқиды.

Талғат Айтбайұлы (оң жақта), Кемелбек Шаматай (ортада) балалар әдебиеті мәселесін талқылап отыр. Aлматы, 2 сәуір 2015.

Талғат Айтбайұлы (оң жақта), Кемелбек Шаматай (ортада) балалар әдебиеті мәселесін талқылап отыр. Aлматы, 2 сәуір 2015.

​— Бүкіл республиканы аралағанда көз жеткізгенім - мұғалімдердің өздері кітап бетін ашпайды. Қолына кітап ұстамайтын шенеуніктер де көп, - дейді Талғат Айтбайұлы Азаттық тілшісіне.

Кітап палатасы сайты дерегінше, Қазақстанда барлығы бір мың 335 мемлекеттік және жеке меншік баспа бар. Бірақ «Балдырған» балалар журналы қызметкері әрі ақын Құлкерім Елемес «олардың ішінде балалар әдебиетін шығарумен арнайы айналысатын баспа санаулы ғана» деп қынжылады. Құлкерім Елемес «Баспалардың бәрі мемлекет меншігінде болуы тиіс. Әйтпесе бәрі жабылады» дейді Азаттық тілшісіне.

Журналист әрі фельетоншы Кемелбек Шаматай кітапқұмар балалардың азайып кетуін теледидар мен қазіргі заман гаджеттерге әуестіктен көреді.

— Ата-аналар мен ұстаздар қауымы балалардың компьютерде ойнауына тыйым салып, телефонды қолдануын шектеп,бұл бағытта көп жұмыс істеуі тиіс. Балалар мен жасөспірімдердің көркем әдебиетті мүлде оқымайтыны қатты қынжылтады, - дейді Кемелбек Шаматай Азаттық тілшісіне.

Жергілікті басылым редакторлары балалар кітабын аз шығарудың себебін дүкендердің кітапқа үстеме баға қосып сатуымен байланыстырады. Азаттықпен әңгімелескен редакторлар «Жұрт қымбат кітапты алғысы келмейді. Бұрын дүкендер 10 пайыз үстемені қанағат тұтушы еді, қазір 50 пайыз қосады» дейді.

КІТАПХАНА

Бегалин атындағы балалар кітапханасының әдістемелік-ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Татьяна Пактың айтуынша, соңғы жылдары оқырман санында көп өзгеріс байқалмаған. Биыл кітапханаға 16 мың бала мен жасөспірім оқырман келген.

— Балалар көбінесе фантастикалық кітаптарды оқиды. Қазір шығып жатқан балалар кітаптарын үздік туындылар деп айта алмаймыз. Бірақ Қазақстанда балалар кітабын мүлде шығармайтыны жаңалық емес. Аделия Амраева деген тамаша балалар жазушысы «Футбол алаңы» деген кітабын Қазақстанда шығара алмады. Ал Ресей баспаларының «кейіпкерлердің есімін өзгерт» деген шартымен келіспеді. Балалар тақырыбына кітап көп жазылады, бірақ шығармайды, - дейді Татьяна Пак Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, қазір балалар көбінесе «Еркегали по прозвищу Кошмарик» повесін, шытырман оқиғалы «Сауран» кітабын оқиды.

Татьяна Пак ата-аналарды балаларды кітапханаға тартуға шақырып, «отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту керек» дейді.

БАСПАЛАР

Ал Алматы қаласындағы ірі баспа өкілдері «балалар кітабының менеджементі нашар» деп кінәні авторларға артады. Олардың айтуынша, қазақстандық жазушылар біріншіден, аз жазады, екіншіден, олардың тапсырыс берген тиражы кітап шығаруға кеткен шығынды ақтамайды.

«Өнер» баспасы директорының орынбасары Қарлығаш Оспанованың Азаттық тілшісіне айтуынша, қазақстандық баспалардың көбі орыс жазушыларының кітаптарын шығарады немесе аударып басады. Ол орыс жазушылары кітаптарын көп тиражбен шығаратыны баспаға тиімді екенін айтады.

— Қазақстанда қазақ тілінде балалар кітаптары мүлде аз. Балалар кітабын жазатындар бар шығар, бірақ бізге келетін жазушы аз. Аз тиражға тапсырыс беретіндіктен, көбінің кітабын шығарудан бас тартамыз. Қазақстандық кітаптарда сурет аз әрі көбінесе жұқа мұқабаға тапсырыс береді, кітапты сатуға бұл да әсер етеді. Ал бізге ондай кітапқа ақша салу тиімсіз, - дейді Қарлығаш Оспанова.

Кітап қарап тұрған жасөспірім. (Көрнекі сурет).

Кітап қарап тұрған жасөспірім. (Көрнекі сурет).

Қазір мектеп бағдарламасына енгізіп жатқан мектеп оқушыларына арналған «Ұлттық дүниетану» танымдық кітабын «Өнер» баспасы шығарған. Баспа директоры орынбасарының айтуынша, бір мың тиражбен шығатын кітаптың әр данасын шығару құны шамамен жазушыға төрт мың 500 теңгеге түседі.

Бұл пікірді «Бастау» баспасы өкілдері де құптайды. Баспа қызметкерлерінің айтуынша, баспаның оқулықтар мен оқу құралдарын шығаруға тиісті рұқсаты бар. Бірақ шығын ақталмайтындықтан, Алматыда балалар кітабын шығару тиімсіз.

«Тәуекел етіп, шығынға батқымыз келмейді. Бірінші жартыжылдықта шығарған бір кітапты келесі жарты жыл бойы сатуымыз керек. Жазушылар аз тиражбен шығарса әрі ешкім сатып алмаса, қалай сатасың? Ешқандай стимул жоқ, бұл мәселені мемлекеттік шенеуніктер шешуі ттиіс. Ал олар тендерді ұтқандарға ғана көмектеседі. Осылай тығырыққа тірелесің» дейді«Бастау» баспасы өкілдері.

Кітап палатасы сайтының хабарлауынша, 2012 жылмен салыстырғанда, 2013 жылы шыққан балалар әдебиеті азайған. 2012 жылы «Алматы кітап» баспасы бес мың 450 кітап шығарса, 2013 жылы небәрі үш мың 832 кітаппен шектелген. «Атамұра» баспасы 2012 жылы үш мың 565 кітап, ал 2013 жылы екі мың 361 кітап шығарған. «Мектеп» баспасы 2012 жылы - екі мың 177 кітап, ал 2013 жылы екі мың елу екі кітап шығарған.

Айша Ержанованың ата-анасы «қызымыз оқитын қазақстандық жазушылардың кітаптары жоқ болса, шетел кітаптарын сатып әперуге тура келеді» деп уайымдайды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG