Accessibility links

Балалар жазушысы кітабын Ресейде шығаруға мәжбүр


Қазақстандық жазушы Аделия Амраева. (Жеке мұрағаттан алынған сурет).

Қазақстандық жазушы Аделия Амраева. (Жеке мұрағаттан алынған сурет).

Қазақстандық балалар жазушысы Аделия Амраева елде кітап шығару қиын екенін айтады. Алматы баспаларының бірі бас тартқан соң ол кітаптарын Ресейде бастыртып жүр.

Алматы облысында тұратын 28 жастағы Аделия Амраева әңгіме жазуға бала күнінен әуес екенін айтады. Абылай хан атындағы қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін неміс және түрік тілдері мұғалімі мамандығы бойынша бітірген ол кітаптарын орыс тілінде жазады.

– Бала кезімде жазғандарымды анам, бірнеше сыныптасым мен орыс тілінен сабақ берген Асқар Мұлқаманұлы ағай ғана оқитын. «Жазушылық қабілетің бар» деп алғаш айтқан сол кісіге алғысым шексіз, - дейді Аделия Амраева Азаттық тілшісіне.

Аделия Амраева есейе келе, Алматыдағы ашық әдебиет мектебінде оқып жүргенде кітап жазуды қайта бастаған. Оның алғашқы әңгімесі егіздер туралы мұңды хикая екен.

«КІТАБЫМДЫ АЛМАТЫДА ШЫҒАРА АЛМАДЫМ»

Аделия Амраева 2010 жылы Ресейдің Мелихово қаласында балалар тақырыбына жазатын жас жазушылардың жетінші семинарына, Ресей мен ТМД және алыс-жақын шетел жас жазушыларының 10-форумына қатысқан. Ол – балалар әдебиеті саласындағы Владислав Крапивин атындағы және Сергей Михалков атындағы әдеби конкурстардың финалисі.

Жас жазушы кітаптарын Қазақстанда шығармайды. Ол «Футбол алаңы» повесінің үзіндісін Алматыдағы «Аруна» баспасына апарып көрсеткенін, бірақ баспа жауапсыз қалдырғанын еске алады. Содан көңілі қалған жас жазушы шығармасын өзге баспаларға ұсынбаған. Ол «баспаларды жағалаудан ештеңе шықпайтынын өзімнің және өзге жазушы әріптестерімнің тәжірибесінен білемін» деп қынжылады. «Аруна» баспасы қызметкерлері Азаттық тілшісіне «қазір басшылық ауысып кетті, ал Аделия Амраева деген жазушы туралы ештеңе білмейміз, ол кісі бұрынғы басшылықтың тұсында келген шығар» дейді.

Аделия Амраева (ортада) қазақстандық балалар жазушыларымен бірге. Алматы, 22 қараша 2012 жыл.

Аделия Амраева (ортада) қазақстандық балалар жазушыларымен бірге. Алматы, 22 қараша 2012 жыл.

Ақыры Аделия Амраева «Футбол алаңы» кітабын Ресей баспаларына жолдаған. Бірақ олар әуелі «кейіпкерлердің аты-жөнін орыс есімдеріне өзгерт» деген шарт қойған.

– Бірақ әбден ойланып, «Футбол алаңы» кітабы кейіпкерлерінің есімдерін өзгертуден бас тартып, бұрынғы қалпында қалдырдым. Әрине, ресейлік бала туралы емес әрі оқиға желісі өзге елдің территориясында өрбитін кітапты шығару баспаға қиын екені түсінікті. Ұзақ келіссөздерден кейін ақыры оларды айтқаныма көндірдім. Бұл үшін баспаға көп рахмет. Кітабымды шығармай қойса қайтер едім, - дейді жас жазушы.

Ресейлік баспа кітапты 3 мың дана тиражбен шығарған әрі кейіпкерлердің қазақ есімдерін қалдырған. Ресейлік баспалардағы тәртіп бойынша, жазушыға кітабы үшін қаламақы да төленген.

Аделия Амраева «өз елінде кітаптарын шығаруға өзгелермен тең мүмкіндік бермесе, қазақстандық жас жазушылар сол күйі танылмай қалуы мүмкін» деп алаңдайды.

Ол «жас авторлардың кітаптарын шығаруға құлықсыз Қазақстаннан гөрі Ресей баспаларына жүгінген маған ыңғайлы» дейді.

– Қазақстандық баспалар көбінесе тамаша классик, бірақ баяғыда қайтыс болған жазушылардың кітаптарын шығарып күн көреді. Мұны сөкпеймін де, сынамаймын да. Жас жазушылардың шығармаларын шығару баспаларға тиімсіз сияқты. Мұның себебін баспа нарығында жүргендер ғана түсінетін шығар. Оларды сөге алмаймын, бірақ кітабымызды шығармайтыны рас. Жазушылар кітаптарын өз күшімен, өзге елдерде шығарады. Жеке меншік баспалардан кітабыңды шығару тіпті қиын екенін білемін, - дейді Аделия Амраева.

ӨНДІРІСТІК ПРОЦЕСС

Қазір Аделия Амраева Ресейде жарық көретін «Германия» деген әңгімелер жинағын күтіп жүр. Сергей Михалков атындағы конкурстың финалына дейін жеткен жинақты Ресейдің «Детская литература» баспасы өндірістік жоспарына енгізген, бірақ кітап әзірше шыққан жоқ.

– Кітабымның кейіпкері жалғыз адам емес, тұтас бір елдің өшпенділігіне тап болады. Бұл – менің қатарластарым, Германияға көшіп кеткен достарым туралы, олардың әлгі елдің өшпенділігін қалай жеңгені туралы кітап. Кітабым бастан-аяқ өмірбаяндық болмағанымен, достарымның бәрі кетіп, жалғыз қалған кездері бастан кешкен сезімдерімді енгіздім, - дейді Аделия Амраева Азаттық тілшісіне.

Қазақстандық балалар жазушысы Аделия Амраева.

Қазақстандық балалар жазушысы Аделия Амраева.

Ол әке-шешесінің замандастары жайлы және құстар туралы тағы бірнеше әңгіме жазған. Баспадан шықпай, әзірше сөреде жатқан екі әңгімесін автор «қазақстандық менталитет» тақырыбын қозғайтын ерекше әңгімелер деп сипаттайды.

Аделия Амраева кітаптары кіріс әкелмейтінін айтады. Сондықтан жас жазушы жеке меншік компаниялар мен Алматыдағы неміс театрында қосымша жұмыс істейді.

– Жазушылықпен ақша тауып, күн көрген жақсы шығар, бірақ қазір театрдағы жұмысыма көбірек арқа сүйеймін. Кітабым шығып жатса, қуанамын, ал шықпайтын кездері де болады. Ең бастысы, мен кітапты бірдеңе айтқым келгеннен емес, ішіме сыймағанды жеткізгім келгендіктен жазамын, - дейді Аделия Амраева.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG