Accessibility links

Балалар лагерін террористерден гөрі жолдың жайы алаңдатады


Бірінші сынып оқушысы мен мектеп жанындағы полиция инспекторы. Алматы, 1 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бірінші сынып оқушысы мен мектеп жанындағы полиция инспекторы. Алматы, 1 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ақтөбедегі қарулы шабуыл мен «лагерьді атқылады» деп тараған жалған хабарламадан соң балалар лагерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Азаттық тілшісі қандай шаралар қабылданып жатқанымен танысқан еді.

Алматы қаласының тұрғыны Жасұлан Көкбасов биыл балаларын лагерьге жіберуге қорқып отыр. Осы айда Ақтөбеде болған қарулы шабуыл мен Астанада тұратын қыз баланың лагерьдегі қазасы туралы шудан кейін үш баланың әкесі оларды жыл сайын баратын лагерьге жіберуден бас тартқан.

– Құдай сақтанғанды сақтайды! Одан да балаларымды ауылда тұратын ата-әжесіне жібергенім жақсы, солай істегенім қауіпсіздеу, - дейді Жасұлан Көкбасов Азаттыққа.

Ақтөбедегі қарулы шабуылдан кейін елде 40 күнге террористік қатердің «сары» (орташа) деңгейі жарияланған. Ақтөбедегі балалар лагері күзетшілеріне оқ атылғаны туралы ақпарат тарап, мұны ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Владимир Жұмақанов ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндаған еді. Лагерьді атқылаған деген хабардың расталмағаны сол күні мәлім болған, бірақ «балалар лагеріне оқ атылыпты» деп ұзынқұлақтан тараған сөз Жасұлан Көкбасовтың қаупін онан сайын күшейткен.

Ал іс жүзінде балалар лагерінде қауіпсіздік шаралары қалай қамтамасыз етілген, қаншалықты тиімді және террористер басып алған жағдайда балалар не істеуі тиіс?

Азаттық тілшісі анықтағанындай, облыстардың ішкі істер департаменттері балалар лагері қызметкерлері арасында қауіпсіздік шаралары жөнінде арнайы шара өткізіп, күзет жүйесін күшейткен. Бірақ Алматының іргесінде орналасқан «Эдельвейс» балалар лагерінің өкілі Серік Тұржанов террористік қатер емес, нөсер жауын лагерьге баратын жолды бүлдіріп кеткендіктен судан көбірек қауіптенеді. Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен Серік Тұржанов лагерь орналасқан аймақ күзетілетінін және видеобақылау орнатылғанын, кей тұстарда телефон байланысы ұстайтынын хабарлады. Бірақ, оның айтуынша, лагерьге баратын жолды жауын суы шайып кетіп, үлкен қиындық туған.

– Біздің лагерь тұрған жерге террористер ғана емес, жай адамдардың өздері келе алмайды. Билік «проблеманы шешеміз» деп уәде еткен, бірақ әлі сол қалпы, олар ештеңе істемей отыр, тек санитарлық эпидемиологиялық станцияны ғана жұмсайды. Балаларды лагерьге қалай жіберетінімізді білмей отырмыз, - дейді лагерь өкілі.

«Связист» балалар лагеріне кіретін қақпа. Жамбыл ауданы, Алматы облысы, 21 маусым 2016 жыл.

«Связист» балалар лагеріне кіретін қақпа. Жамбыл ауданы, Алматы облысы, 21 маусым 2016 жыл.

Азаттық тілшісі барған Алматы маңында орналасқан «Связист» балаларды сауықтыру лагеріне кіре берісте екі адам күзететін өткізу пункті орналасқан. Балаларын көруге келген ата-аналар лагерь территориясында сарыла күтіп отыр.

Лагерь үш ауысыммен жұмыс істейді, бірінші ауысым кезінде елдің әр аймағындағы қалалардан келген 6-14 жастағы 360 бала демалған. Бұл – жеке меншік лагерь, мемлекеттен дотация алмайды. Бұл лагерьге «Қамқоршы» кәсіподақ ұйымы арқылы да келіп балалардың демалуына мүмкіндік бар.

– Жуырдағы террористік шабуылдардан кейін лагерьде күзет күшейтілді, екі қауіпсіздік қызметі жұмыс істейді, бұл – биыл енгізілген өзгеріс. Олар күндіз-түні күзетеді. Қауіпсіздік шаралары арқасында тыныштық сақталады, ата-аналар уайымдамайды, - дейді лагерьдің аға тәрбиешісі Светлана Исакова Азаттыққа.

«Связист» балалар лагерінің аға тәлімгері Светлана Морозова (сол жақта) мен аға тәрбиешісі Светлана Исакова (оң жақта). Алматы облысы, 21 маусым 2016 жыл.

«Связист» балалар лагерінің аға тәлімгері Светлана Морозова (сол жақта) мен аға тәрбиешісі Светлана Исакова (оң жақта). Алматы облысы, 21 маусым 2016 жыл.

Бөтен адамдардың лагерьге кіруіне қатаң тыйым салынған. Балалар ұялы телефонды күніне бір жарым сағат қана пайдаланады. 20 күндік жолдама 104 мың теңге тұрады әрі жолдаманы 10 күнге де сатып алуға болады.

Аға тәрбиешінің айтуынша, кенттің (лагерь Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан) территориялық полициясымен келісім-шарт жасалған, бұған қоса ішкі күзет те бар. Исакованың сөзінше, бақылау бекетінде полиция патрулі жасағына қосылған үздіксіз байланыс бар, қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Жұмыс тиісті нұсқаулыққа сәйкес атқарылады, лагерь қызметкерлерінің бәрінде рация бар, лагерь жұмысы толық реттелген, «қараусыз қалған бала болмайды» дейді Светлана Исакова.

Бірақ лагерьдің аға тәрбиеші «әкімдік пен білім департаменті тарапынан нақты қандай нұсқаулар берілді?» деген сұраққа жауап бере алмады.

Осы тұста әңгімеге араласқан лагерьдің 16 жастағы кіші инструкторлары «лездеме жиналыста қауіпсіздік шаралары талқыланады, балаларға әлдебір оқыс жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы айтамыз» деді.

«Связист» балалар лагерінің кіші инструкторлары (солдан оңға): Олжас Әділбаев, Адимир Фофанов, Аня Кин. Алматы облысы, 21 маусым 2016 жыл.

«Связист» балалар лагерінің кіші инструкторлары (солдан оңға): Олжас Әділбаев, Адимир Фофанов, Аня Кин. Алматы облысы, 21 маусым 2016 жыл.

– Біздің өз жүйеміз бар: қандай жағдай болмасын, ең әуелі вожатыйларға рациямен хабарлаймыз, техника қауіпсіздігі ережелерімен балалардың бәрі таныс, балаларды полиция көлігі ертіп әкелді, автокөліктердің бәрі тексеріледі, - дейді кіші инструктор Адимир Фофанов Азаттыққа.

– Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ террористер келсе, бірінші кезекте полицияның патруль жасағына рациямен хабарлаймыз. Бізде екі күзетші бар, бірақ қарулары жоқ. Балалармен әңгіме өткізіп тұрамыз, сондықтан кез-келген жағдайға әзірміз. Арнайы нұсқаулықтан өттік, бірақ оған білім басқармасы қатысқан жоқ. Балалардың бәріне сақ болуды, ұқыпты болуды ескертеміз, - дейді «Связист» лагерінің аға тәлімгері Светлана Морозова Азаттыққа.

Алматы қаласының билік орындары жиналыс өткізіп, білім басқармасы өкілдері балалар лагері директорларына терроризм мен қауіпсіздік шараларына қатысты арнайы нұсқаулар берген.

Алматы қаласы білім басқармасының мектеп бөлімі қызметкерінің (аты-жөнін атаудан бас тартты) айтуынша, қала лагерьлерінің бәрінде күзет күшейтіліп, видеобақылау камералары көбейтілген. Білім басқармасы өкілінің Азаттыққа айтуынша, дін істері жөніндегі басқармамен бірлесіп өткізген жиналыста мұғалімдер мен балалар лагері директорларына терроризмге қарсы күрес жөнінде нақты нұсқаулар берілген.

Шымкент қаласының Түлкібас ауданындағы «Таң нұры» балалар лагері меңгерушісінің (аты-жөнін атамады) сөзінше, арнайы жиналыста қауіпсіздік шараларын күшейту, бөтен адамдарды лагерь территориясына кіргізбеу жайлы айтылған, облыстық ішкі істер департаменті балалар лагеріне екі қызметкер бөлген. «Таң нұры» лагері меңгерушісі «нысанда қарулы күзет те, ұялы байланыс пен бүкіл корпуста телефондар да бар» дейді.

Өскемен қаласындағы «Алтайские альпы» балалар лагері орнында қазір балалардан бөлек ересектер де демалатын санаторий орналасқан. Демалыс орны өкілінің Азаттыққа айтуынша, мұнда 200-дей адам демалып жатыр. «Алтайские альпы» өкілдері қауіпсіздік шаралары талқыланған конференциялар өткенін айтады.

Қазақстанда барлығы 60 шақты балалар лагері бар, оның 14-і Алматыда орналасқан.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG