Accessibility links

Оңтүстікте ВИЧ дертін жұқтырған 25 бүлдіршін бірінші сыныпқа баруы тиіс. Жаңа орта оларды қалай қарсы алады?


"Өмірге құштарлық". Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні ұйымдастырылған көрмедегі сурет.

"Өмірге құштарлық". Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні ұйымдастырылған көрмедегі сурет.

Жаңа оқу жылының қарсаңында айықпас індетке шалдыққан балалардың ата-аналары мен дәрігерлер ортақ шешімге келе алмай отыр. Бірі - баланың кеселі туралы мектеп әкімшілігі білу керек десе, ендігілері бұған үзілді - кесілді қарсы.

АУРУДЫҢ АТЫН ЕСТІСЕ ШОШЫП КЕТЕТІНДЕР КӨП

Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында тұратын Мариям есімді келіншек осыдан 3 жыл бұрын ұлының ВИЧ індетіне шалдыққанын білген.

– Мақсатым қазір 5 жастан асты. Біз 2006 жылы пневмония деген диагнозбен ауруханада 6 күн жаттық. Бізге ешқандай қан да, плазма да құйылған жоқ. Алайда күре тамырға ине салу барысында жұқтырған, – деп еске алады сұхбаттасымыз.

Тұңғыш ұлдарының айықпас ауруға шалдыққанын естіген отбасы мүшелері алғашқы кезде қатты уайымдаған. Басқа түскенді қабылдағысы келмеген. Отағасы ішімдікке салынып, ажырасуға дейін барған. Дегенмен, уақыт өте біз осы аурумен өмір сүруді үйрендік
СПИД-ке қарсы күрес белгісі.
дейді жас ана. Бала ержете келе проблемалар көбеймесе, азаймаған. Ең алғашқы түсініспеушілік балабақшаға барғанда орын алған.

– Балабақшаға барған кезімізде мен меңгеруші мен медбикеге ұлымның қандай дертке шалдыққанын айттым. Ондағы ойым, бала емес пе құлап қалса, қан ақса басқаларға жұқтырып алмасын дегенмін. Бірақ сөзімді естіген балабақша әкімшілігі бізді жолатқысы келмеді. Мен ұлыммен осы уақытқа дейін үйде отырмын. Енді келер жылы мектепке қалай барамыз...білмеймін, – дейді жас ана.

ӨЗГЕЛЕРГЕ ТІС ЖАРМАУДЫ ҮЙРЕНДІК...

Өзін Жасмин деп таныстырған ендігі сұхбаттасымыздың жасы -17-де. Ол да Мақсат сияқты ауруханада емделіп жатқанда жұқтырып алған. Бүгінде тиісті ем қабылдап жүрген бойжеткен, бұл аурудан өзі емес өзгелер қатты қорқады дейді.

– Менің ВИЧ-ке шалдыққандығымды ата-анам мен сіңілім ғана біледі. Ал қалған адам ол туралы естіген емес. Мен мектептегі құрбыларыма да тіс жарған емеспін. Өйткені олардың реакциясы белгілі. Біздің оңтүстікте алдыңғы жылғы жаппай орын алған оқиға әлі де көп тұрғындардың есінде жатталып қалған. Олар тек аурудың емделмейтіндігін және ол қатерлі екендігін біледі. Ал ол қандай жолмен жұғады, оның алдын алу шаралары қандай, ол туралы мүлдем хабарсыз. Осының салдарынан мен және мен сияқты ВИЧ-ке шалдыққан құрбылар сырымызды айтпағанды жөн санаймыз, – дейді Жасмин.

«Ана мен бала» медициналық орталығының бас дәрігері Еркін Құлманбетов баланың науқасына қатысты ақпаратты медбике білуі қажет деп санайды. Ал мектеп ұжымына айту-айтпау – ата-ананың өз еркінде.

Айта кету керек, дәрігерлерге ВИЧ індетін жұқтырған науқастар жөнінде қандай да бір мәлімет таратуға заң бойынша тыйым салынған. Соған қарамастан, Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында оқушының ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны жұртқа жария болып кеткен. Сыныптастары мен ұстаздары да шеттете бастаған бала қазір үйінде білім алуға мәжбүр.

ЕҢ АЛДЫМЕН ҚОҒАМДЫ ДАЙЫНДАСА

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 149 бала диспенсерлік есепте тұр. Олардың 134-і үш пен жеті жас аралығындағы бүлдіршіндер. Осы індетті жұқтырғандар арасында 2008 жылдың соңында және биыл туған нәрестелер де бар екен. Олар – ВИЧ-ке шалдыққан анадан туған балалар. Мамандар өткен жылы осындай науқасы бар алғашқы 4 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаса, биыл сондай 25 бала бірінші сыныпқа барады дейді.

Ал 2010-2011-ші оқу жылында олардың саны 150-ге жетпек. Сондықтан бүгіннен бастап, орта білім беру мекемесі мен мектепке дейінгі балалар тәрбиесімен айналысатын педагогтармен қызу жұмыс жүргізілуде.

– Біз ата-аналар мен басқа да мемлекеттік ұйымдар бар, одан өзге мемлекеттік білім беру қызметкерлерімен жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, келесі аптада қаламыздағы балабақша тәрбиешілеріне арналған семинар өткізілмек. Ал ВИЧ-ке шалдыққан балаларды балабақшаға немесе мектепке алмау деген жайттар жоқ, ал кездесіп жатса, бізге хабарланса, міндетті түрде шара қолданамыз, – дейді «Ана мен бала» медициналық орталығының бас дәрігері Еркін Құлманбетов.

Бас дәрігер ВИЧ-ке шалдыққан балаларды өзгелерден бөлу дегенге үзілді-кесілді қарсы.

ВИЧ кеселін анықтайтын зертхана.
– Біреулер егер қоғам ол балаларды қабылдамаса, мүмкін оларға бөлек балабақша, немесе мектеп керек шығар дегенді айтады. Егер олай болса, онда өкпе, яғни туберкулез ауруына шалдыққандарды да оқшаулау қажет. Тағы сол сияқты басқа да ауруларға шалдыққан балаларды оқшаулау керек болады. Бұл дегеніңіз баланың құқын бұзудың ең сорақы түрі. Олай істеуге мүлдем болмайды, ВИЧ-ке шалдыққан балалардың басқа балалардан еш айырмашылығы жоқ. Тек сақ болып жүруі тиіс, – дейді Е.Құлманбетов.

Әлемдік тәжірибеде ВИЧ-ке шалдыққан балаларға өз науқастары туралы 8-12 жас аралығында естірту керек. Қазақстанда бұл шараның кешеуілдеп жатқаны – көбінің ата-анасы қарсы. «Өйткені біздің қоғам ВИЧ жұқтырған балаларды қабылдауға мүлдем дайын емес дейді дәрігерлер.

– Баланы бақшаға қабылдамау, олар барған дүкенге жоламау, олар барған моншаға шомылмау – осындай фактілер анықталған. Оны дұрыс түсіну керек. Бұның қоғамға төндіретін ешқандай қаупі жоқ, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Ержан Өтеулиев.

ЗАҢНАМАҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛУІ ҚАЖЕТ

«Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, 1998 жылдан бергі қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер енгізу керек.

– Мәселен ол заң бойынша біз тек құпия мәліметті таратқан медицина қызметкерін ғана жауапқа тарта аламыз, ал өзгелерді мектеп ұжымын немесе балабақша ұжымын жауапқа тарта алмаймыз, – дейді Ж.Жазықбаева.

2007 жылдың маусым айында Шымкентте балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты іс бойынша сот үкім шығарды. Сотқа тартылған 21 адамның төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айрылды.

Атап айтсақ, облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы төрайымы Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның жұбайы - медициналық қызметтердің сапасын қадағалау комитетінің басқарма бастығы Рысқұлбек Байхарашевке үш жылға шартты бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Облыстық денсаулық сақтау департаменті төрайымының бұрынғы орынбасары Нағима Жолдасоваға да осындай жаза бұйырды. Қан орталығының курьері Халба Асанова 6 айға шартты жаза арқалады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG