Accessibility links

«Құбылай хан» фильмін өзім әлі көрмедім»


Шыңжаңда тұратын актер, этникалық қазақ Дәлелхан Қадыр. "Шыңғыс хан" фильмінен алынған скриншот.

Шыңжаңда тұратын актер, этникалық қазақ Дәлелхан Қадыр. "Шыңғыс хан" фильмінен алынған скриншот.

Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын қазақ актері Дәлелхан Қадыр өзі түскен «Құбылай хан» тарихи-көркем фильмін әлі көрмегенін айтады. Қазақстанда бұл фильм телеарнадан көрсетілді.

Қазақстандық көрермен мемлекеттік телеарнадан бір айдан аса уақыт тамашалаған Қытайдың «Құбылай хан» көпсериялы тарихи-көркем фильмінің көрсетілімі қарашаның 3-і күні аяқталды.

Телехикая орта ғасырларда көшпенділердің қуатты империясын құрған Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың өмірін суреттейді. Фильмде моңғол қолбасшысы Сухэ батырдың рөлінде ойнаған Шыңжаңда тұратын этникалық қазақ Дәлелхан Қадыр Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: – Дәлелхан мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз. Қай жерде туып-өстіңіз? Кино саласында еңбек еткеніңізге қанша жыл болды?

Дәлелхан Қадыр: – 1958 жылы Алтай аймағында Сарысүмбе қаласында дүниеге келдім. 1971 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шыңжаңдағы «Тянь-Шань» киностудиясына дыбыс актері (суфлер) болып жұмысқа қабылданып, бес жыл еңбек еттім. 1976 жылы Пекиндегі кино академиясына түсіп, актер мамандығы бойынша білім алдым. Оқу бітірген соң Пекинде қалмақшы болған едім. Бірақ бұрынғы жұмыс істеген жерім қоярда-қоймай шақыртып алды. Содан бері табан аудармай «Тянь-Шань» киностудиясында қызмет етіп келемін.

Осы уақыт ішінде Қытайда түсірілген «Шай жібек жолы», «Хан империясы», «Шыңғыс хан» сериалдары мен «Сахарада атылған мылтық» фильмдерінде әртүрлі рольдерде ойнадым. «Көрікті мекен» фильмінде бас кейіпкердің ролін сомдап әрі режиссердің көмекшісі болдым. Кейін өзім де режиссер ретінде «Шынайы махаббат» деген кино түсірдім. Қытайдың мемлекеттік бірінші дәрежелі әртісі деген атағым бар. Қазір Үрімжі қаласында тұрамын. Бір ұл, бір қыздың әкесімін.

Азаттық: – Көшпенділер туралы бірнеше тарихи-көркем фильмде ойнадыңыз. Режиссерлердің таңдауы неліктен сізге түсті?

Дәлелхан Қадыр: – Бізде кино саласында танылған қазақ, ұйғыр, моңғол, тибеттіктер сияқты аз ұлт өкілдері саусақпен санарлықтай ғана. Үлкен тарихи фильмдерге түсуге актер таңдау, іріктеу болғанда солар бір-бірімен хабарласып айтып отырады, немесе бұрын өзің түскен фильмдер арқылы сені режиссерлердің өздері іздеп табады. Сонымен қатар, Қытайдың ішкері жағындағы, Пекиндегі бізді танитын белгілі режиссерлер сыртымыздан таныстырады.

Дәлелхан Қадыр (бергісі) "Шыңғыс хан" фильміндегі Меңлік рөлінде.

Дәлелхан Қадыр (бергісі) "Шыңғыс хан" фильміндегі Меңлік рөлінде.

Тағы бір атап өтер жайт - «Шыңғыс хан», «Құбылай хан» секілді тарихи кино кейіпкерлеріне ханзуларға қарағанда біздің келбетіміз көбірек келеді ғой. Бұған қоса ат үстінде ойнауға келгенде де асып түсіп жатамыз. Соны жақсы білетін режиссерлер актер таңдағанда осы жайттарға ерекше мән береді. «Шыңғыс хан» фильмінде Есукей өлгеннен кейін жетім қалған Темучин мен жесір қалған Оелунге ақылшы болған Меңліктің бейнесін сомдадым. «Құбылай ханда» моңғол қолбасшысы Сухэ батырды ойнадым. Бұл екі фильмде де іріктеуден бірден өттім.

Азаттық: – «Құбылай хан» фильмі Қытайдың қай жерінде, қанша уақыт түсірілді?

Дәлелхан Қадыр: –«Құбылай хан» фильмінің негізгі бөлігі Қытайдың оңтүстік аймағында, таулы, жынысты өлкеде түсірілді. Біз киноға түскен кезде қаңтар айы еді, бірақ күн жылы болды, жиі жаңбыр жауып тұрды, орманнан ыс иісі шығып тұрғандай сезіледі екен. Солтүстіктен барған бізге ол жақтың ауа райы жайсыз тиді, тіпті жазықтан келген аттар тауға шыға алмай қиналды. Ол жақта тарихи фильмдерді түсіруге арнап алып ғимараттар тұрғызып қойған. Ал мал шаруашылығына қатысты көріністер Қытайдың солтүстігінде – Ішкі Моңғолия аймағындағы Ордос даласында түсірілген. Фильмді түсіру 2010 жылы басталып, 2011 жылдың аяғында бітті. Осы кезге дейін бірталай елдерде, биыл Қазақстанда да көрсетілді. Бірақ өзіміз түскен «Құбылай хан» фильмі жарыққа шыққалы бізге әлі көрсетілген жоқ.

Азаттық: – «Шынайы махаббат» фильмінің режиссерімін дедіңіз. Шығармаңыз кім жайында?

"Фың ханым" фильмінде Дәлелхан Қадыр күнби рөлін ойнаған.

"Фың ханым" фильмінде Дәлелхан Қадыр күнби рөлін ойнаған.

Дәлелхан Қадыр: – Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қытайда қарапайым халықтың басына түскен бір қиын кезең болды. Сол уақытта 19 жетім баланы асырап алып, оларға шынайы аналық махаббатын көрсеткен ұлы ана туралы жыр бар. Сол жырдың негізінде түсірілген «Шынайы махаббат» фильмі – менің режиссерлік алғашқы шығармам. Онан кейін «Асылбек», «Жібек жолы» фильмдерін түсірдім.

Азаттық: – Қазір немен айналысып жатырсыз? Болашаққа жоспарыңыз қандай?

Дәлелхан Қадыр: – Қытайдың Іле өңіріндегі Сайран атты үлкен көлге қатысты тылсым аңыз айтылады. Осы аңызды арқау еткен бір фильм жобасын (сценарийін – ред.) жазып аяқтадым. Оған қажетті көріністерді техниканың көмегімен жасау керек. Сонымен бірге мың жылдық тарихы бар Наурыз туралы үлкен бір жұмыстың жобасы да дайын тұр. Тек барлығына қаражат, демеуші керек. Алдағы жылы Шыңжаң ұйғыр автономиялық аймағының құрылғанына 60 жыл толады. Қазір сол жайында деректі фильм түсіріп жатырмыз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG