Accessibility links

Ұйғыр белсенділерінің Шыңжаң оқиғаларына қатысты сурет көрмесі өтпей қалды


Әбдірашит Тұрдиев пен Ермек Нарымбаев, Қазақ-ұйғыр жастарының ынтымақтастық және достық комитетінің тең төрағалары. Алматы, 20 тамыз, 2009 жыл.
Әбдірашит Тұрдиев пен Ермек Нарымбаев, Қазақ-ұйғыр жастарының ынтымақтастық және достық комитетінің тең төрағалары. Алматы, 20 тамыз, 2009 жыл.

Алматыда Үрімжідегі шілде оқиғаларына арналған баспасөз-мәслихаты мен көрме ұйымдастырмақшы болған жаңадан құрылған қазақ- ұйғыр жастары комитетінің мүшелері ұсталып, прокуратурадан ескерту алды. Оларды рұқсат етілмеген митинг өткізбекші болды деп айыптады.

ЖОЛЫ БОЛМАЙ ҚАЛҒАН СУРЕТ КӨРМЕСІ

Үрімжідегі оқиғалардан түсірілген фотосурет көрмесі өтеді деген Гоголь мен Ш.Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы «Қаламгер» баспасөз орталығына барғанымызда сыртта тұрған төрт-бес полицей мен оншақты адам ғана тұрды. Сол жерден сурет көрмесін тамашалауға келген Дүниежүзі ұйғырлар конгресі төрағасы орынбасарларының бірі Қаһарман Қожамбердіні жолықтырдық.

- Қазақ, ұйғыр жастары бірлесіп бір комитет құрған екен. Оны мен жақында ғана естідім. Бұл фотокөрме сол комитеттің алғашқы жұмысы көрінеді. Біз де көрмеге келіп едік, басталмай жатып екі жігітті полицейлер ұстап алып, бөлімшеге алып кетті. Негізі, жастардың мұндай комитет құрып, бастама көтеріп жатқандары қуантарлық іс. Олар Үрімжіде болған оқиғаның шын бейнесін халыққа көрсетейік деген ниетте еді. Өйткені, Қытайдағы нағыз қырғын енді басталды. Мен осы тамыздың 4-і күні «Кешкі Үрімжі» газетінен сепаратистік және басқа да пиғылы теріс ұйымдардың 169 мүшесі атылды деген хабарын оқыдым. Міне, нағыз қуғындау мен қырғын енді басталады,- деді Қаһарман Қожамберді.

Полицейлер ұстап алып кеткен екі жігіт "Арман" қозғалысы жанынан жаңа ғана құрылған Қазақ-ұйғыр жастарының ынтымақтастық және достық комитетінің тең төрағалары Ермек Нарымбаев пен Әбдірашит Тұрдиев екен. Ол қозғалыстың өзінің де дүниеге келгеніне бірер апта болса керек.

Ол екеуін Медеу аудандық ІІБ сы қызметкерлері басқарманың бөлімшесіне алып кеткенін естіп, Медеу аудандық ІІБ сына жетіп, олардың іштен босап шығуын біржарым сағат күттік.


ЖУРНАЛИСТЕРГЕ СҰХБАТ БЕРУ - РҰҚСАТ ЕТІЛМЕГЕН МИТИНГ ӨТКІЗГЕНМЕН ТЕҢ"


Қазақ-ұйғыр жастарының ынтымақтастық және достық комитетінің тең төрағасы Ермек Нарымбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

Ермек Нарымбаев, Қазақ-ұйғыр жастарының ынтымақтастық және достық комитетінің тең төрағасы. Алматы, 20 тамыз, 2009 жыл.
– Бұл комитеттің құрылғанына екі аптадай уақыт болды. Басты мақсаты – қазақ-ұйғыр арасындағы келіспеушіліктер мен түсінбеушіліктерді болдырмау, бауырлас ұлттардың қайғысына ортақтасу және Үрімжідегі оқиғалардың шын бейнесін халыққа көрсету, жеткізу. Осы мақсатта біз 20 тамыз күні сағат 11 де «Қаламгер» баспасөз үйінде алдын-ала келісіп, Үрімжідегі оқиғалардан түсірілген фотосурет көрмесін және комитеттің таныстырылым баспасөз - мәслихатын өткізбек болғанбыз.

Бірақ бізге «Қаламгер» баспасөз үйінен хабарласып, аталған шараны өткізе алмайтындарын хабарлады. Біз олармен сөйлескенде, бір топ шенеунік келіп, өткізбейсіңдер деп ескертіп кетті деген жауап айтты. Біз Алматы қаласы ішкі саясат басқармасына хабарласқанымызда олар мұндай шарадан хабарсызбыз, біздің қатысымыз жоқ деді. Сөйтіп, баспасөз үйінің алдында журналистерге шараның неліктен өтпей жатқанын түсіндіріп тұрғанда бізді ұстап алып кетті.


ПРОКУРАТУРА ЕСКЕРТУІНІҢ СОҢЫ...


Ермек Нарымбаевтың сөзіне қарағанда, Әбдірашит Тұрдиев екеуіне рұқсат етілмеген митингі өткізгені үшін Медеу аудандық прокуратурасы ескерту жасаған. Алайда, Ермек Нарымбаев ескертудің соңы сотқа ұласатын шығар дейді. Оның айтуынша, олардың қолында дауыс күшейткіш құрал, көлемді үнқағаздар болмаған әрі олар тек журналистерге баспасөз үйінің алдында шараның өтпеуіне байланысты түсіндірме сұхбат беріп тұрған, сондықтан да олардың іс әрекетінде ешқандай митингінің белгісі болмаған.

Қазақ-ұйғыр жастарының ынтымақтастық және достық комитетінің тең төрағасы Әбдірашит Тұрдиев жергілікті биліктің кедергісіне қарамастан, белсенді іс-қимылдарын жалғастыра беретіндерін айтады. Оның айтуынша, Қазақстан билігі Қытаймен қарым-қатынасына
Прокуратураның ұйғыр белсенділеріне тапсырған ескертпесі. Алматы, 20 тамыз, 2009 жыл.
сызат түсірмес үшін мұндай істерге кедергі жасап отырған көрінеді.

Ал, Ермек Нарымбаев болса, Қазақстан экономикалық және саяси жағынан Қытайдың бөлімшесіне айнала бастады деген ойда.

ҚИМЫЛЫ КҮМӘНДІ ҰЙЫМ КӨП

Осы жағдайға байланысты саясаттанушы Әзімбай Ғали комитеттің атауы жақсы әрі мұндай ұйым бізге қажет-ақ дей келіп, кейбір ұйымдардың атауы әдемі болғанымен оның артындағы күштер тұрады немесе істері күмәнді болып келеді. Бұл комитеттің әлі ешқандай нақты ісін көрмегендіктен, оған баға беруден аулақпын деді.

Естеріңізге сала кетсек, 19 шілде күні Қазақстанда тұратын ұйғырлар 5-6 шілде күні Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының орталығы Үрімжі қаласында болған оқиғаға байланысты Алматыдағы Республика сарайында өз наразылықтарын білдірген жиын өткізген болатын.

Шілденің 5-і күні Үрімжіде ұйғырлар мен хансулар арасында болған жаппай қақтығыстардың салдарынан, ресми деректер бойынша, 200-дей адам қаза тауып, мыңға жуық адам жараланған.

Қазір 1400-дей адам тұтқында отыр. Олардың арасындағы әйелдер мен балаларға дейін Қытай өкіметі «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қатысқан» деген айыптар тағып отыр.
XS
SM
MD
LG