Accessibility links

Тірі қалған шекарашының туыстары министр болжамымен келіспейді


"Арқанкерген" постында қаза тапқан Алтынбек Кереев. Марқұмның суреті "Уральская неделя" газетінен алынды. 5 маусым 2012 жыл.

"Арқанкерген" постында қаза тапқан Алтынбек Кереев. Марқұмның суреті "Уральская неделя" газетінен алынды. 5 маусым 2012 жыл.

Қазақстан-Қытай шекарасында 14 шекарашының қаза табуына байланысты жарияланған қаралы күн - маусымның 5-інде Алматы облысында іздестіріліп жатқан бір шекарашының тірі табылғаны, оның аты-жөні Владислав Челах екені хабарланды.


Маусымның 5-ін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаралы күн деп жариялады. Бүгін Қазақстанда мемлекеттік мекемелердегі тулар төмен түсірілді.

«АМАН ҚАЛҒАН САРБАЗ ПОСТҚА ӨЗІ КЕЛДІ»

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мамырдың 30-ында «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Сарыбөктер заставасында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті табылғанын және Арқанкерген посты өртенгенін хабарлаған еді. Маусымның 1-і 14 шекарашы мен бір қорықшы өлгені анықталды. ҰҚК із-түссіз жоғалған бір шекарашының мәйіті іздестіріліп жатқанын мәлім етті.

Маусымның 5-і «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі жоғалып кеткен шекарашының табылғанын хабарлады. Агенттік ақпараты бойынша, «Алматы облыстық әкімдігіндегі белгісіз ақпарат көзі «Кеше оның өзі постқа келді. Қолында пистолет болды. Психикасы бұзылған болуы да мүмкін, абыржыған күйде келді» деген. Шекарашының өзі сол маңдағы үңгірге жасырынып жүргенін айтқан.

Алматы облысындағы Арқанкерген постына аттанған 15 шекарашыдан аман қалған жалғыз сарбаз - әскерге Қарағанда облысынан шақырылған 19 жастағы Владислав Челах деп хабарлады КазТАГ.

Владислав Челах 1992 жылы 8 қазанда Қарағанды облысында туған. 2009 жылы Қарағанды қаласындағы №54 орта мектептің 9-сыныбын бітірген. №21 кәсіптік лицейге түсіп, ол оқу орнынан "машинистің үшінші дәрежелі көмекшісі" мамандығын алып шыққан. 2011 жылы 23 қараша әскер қатарына шақырылған.

МИНИСТР БОЛЖАМЫ

Маусымның 5-і Қазақстанның ішкі істер министрі (ІІМ) Қалмұханбет Қасымов ақпарат құралдарына:

- Меніңше, қалай болса да бұл оқиға шекарашылардың ішкі мәселелерінен шыққаны дәлелденетін сияқты. Соңғы шекарашы (тірі қалған Владислав Челах - ред.) командирдің қаруымен ұсталды. Сол күні кезекші болған, - деген болжам айтты.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазір шекарашы психиатриялық сараптамадан өтіп жатыр.

Алайда «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, Арқанкерген постының шекарашысы Владислав Челахтың туыстары Қалмұханбет Қасымовтың оқиғаның себебін әскери жарғыдан тыс қатынастардан көруімен келіспейді.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.


Шекарашының атасы Владимир Челах немересінің қызметтес сарбаздарды өлтіргеніне сенбейді, "министр асығыс қорытынды жасады" деп санайды.

- Немерем сол жерде өлсе, батыр атанар еді. Ал енді тірі қалса, қылмыскер болып шыға ма? Мен ІІМ мен арнайы қызметтердің біздің отбасымызға бұлай қарауына қарсымын. Біз кеше ғана шекарашының әулеті едік, бүгін қылмыскердің отбасы болып шыға келеміз бе сонда? - дейді ол.

Владимир Челах «тергеу әділ болады» деп үміттенеді.

- Немерем жарғыдан тыс қатынастардың құрбаны болатындай әлжуаз емес. Мен бұл болжамға сенбеймін, - дейді.

Алматы облысының Үшарал ауданындағы заставада тұрған шекарашы. 31 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы облысының Үшарал ауданындағы заставада тұрған шекарашы. 31 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

ҚАЗА ТАПҚАН 14 САРБАЗ

Жергілікті агенттіктер қаза тапқан азаматтардың қай өңірлерлерден екені анықталғанын хабарлады.

Ақпарат бойынша, қаза тапқан азаматтардың төртеуі - Атырау өңірінен, екеуі – Ақтөбе жақтан, біреуі - Батыс Қазақстан облысынан, екеуі – Қарағандыдан, екеуі – Жамбылдан, біреуі – Павлодардан, үшеуі - Алматы облысынан.

Түстен кейін «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі опат болған шекарашылардың ресми емес тізімін жариялады: Жамбыл олысынан - Жанат Ілиясов (20 жаста), Нұржас Үсіпәлиев (21 жаста); Ақтөбе облысынан - Қамбар Ағанас (20 жаста), Әли Мақсұтов (19 жаста); Павлодар облысынан - Денис Рей (19 жаста); Алматы облысынан - контракті бойынша Ерлан Акишев (24 жаста), Талғат Сәрсенбаев (28 жаста), Рүстем Ақылбаев (21 жаста); Атырау облысынан - Мейірхан Иманов, Жеңіс Сағынғалиев, Данияр Балғабаев, Бекзат Әмірғалиев; Қарағанды облысынан - Нұрлан Мұқышев (21 жаста); Батыс Қазақстан облысынан - Алтынбек Кереев (Арқанкерген постының командирі, офицер, жасы 28-де).

ПОСТ КОМАНДИРІ - АЛТЫНБЕК КЕРЕЕВ

Қаза тапқан шекарашылардың бірі – Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Мерей ауылының тумасы, 28 жастағы Алтынбек Кереев. Ақпарат бойынша, марқұмның артында әйелі Райхан мен бір жасар ұлы Арсен қалған. Достарының айтуынша, Алтынбектің бір інісі, бір қарындасы бар.
Алтынбек Кереев. Марқұмның суреті "Уральская неделя" газетінен алынды. 5 маусым 2012 жыл.

Алтынбек Кереев. Марқұмның суреті "Уральская неделя" газетінен алынды. 5 маусым 2012 жыл.


Азаттық тілшісі марқұмның сыныптасы әрі досы Нұрболат Төлеуовке хабарласты. Оның айтуынша, Алтынбек Кереев үйленгеннен кейін Алматы облысына бала-шағасымен көшіп кеткен.

- Бірақ соңғы уақыттары нақты қай жерде тұратынын білмей қалдым, - дейді ол.

Ол досының өліміне қабырғасы қайысып отырғанын, әлі күнге дейін сенбейтінін айтты.

- Арамыздан ондай жақсы азаматтың кеткені қайғылы. Әлі күнге дейін сене алар емеспін. Оны үлкен әріппен «Дос» деп айтамын. Адамды сыйлау қабілеті өте жоғары болатын. Жылына бір рет демалыс кезінде келуші еді. Сол кезде барлығымыз кездесетінбіз, - дейді Нұрболат Төлеуов.

Мерей ауылы әкімдігінің мәліметі бойынша, 28 жастағы Алтынбек Кереев мектепті бітіргеннен кейін Орал қалалық №12 училищесіне түскен. 2002 жылы «Бала кезінде армандаған оқу орны Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтына түсіп, 2006 жылы шекара әскерінің офицері мамандығы бойынша бітіріп шықты».

Еңбек жолын Алматы облысы Үшарал ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасында қызмет етуден бастаған.

ҚОРЫҚШЫ - РУСЛАН КИМ

14 шекарашымен бірге қаза тапқан қорықшы, 47 жастағы Руслан Ким - запастағы майор. Қаза тапқан қорықшы Руслан Кимнің портреті. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл.

Қаза тапқан қорықшы Руслан Кимнің портреті. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл.

Марқұмды туыстары Талдықорған қаласында маусымның 3-і күні жерледі.

Руслан Ким Зейнетке шыққанша Талдықорғандағы әскери ұшақтар бөлімінде қызмет етіпті.

Марқұмның туысы Маргарита Ким Азаттық тілшісіне Русланның аллергиямен ауырғанын, сондықтан да қорықшы болып жұмыс істеуге келіскенін айтты. Марқұм осы жұмыстан ақша жинап, пәтер сатып алуды, үйленуді жоспарлап жүрген екен. Туысының айтуынша, Руслан соңғы жылдары бала сүюді армандаған.

Ал Русланның бауыры Тимур Ким оған террорлық шабуыл жасалды деп санайды.

- Олар адам емес. Аң екеш аң да олай істемейді. Қанша адамды қырып кеткен. Жап-жас сарбаздар өлді. Енді тез арада кінәлілерді тапса деймін, - деді Тимур Ким.

Руслан Ким жұмыс істеген «Тастау» аңшы қорығының директоры Сергей Печеркин де Солдан оңға қарай: марқұм Руслан Кимнің қарындасы Маргарита мен анасы. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл.

Солдан оңға қарай: марқұм Руслан Кимнің қарындасы Маргарита мен анасы. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл.

«Бұл - диверсия немесе арнайы жаттыққан адамдардың террорлық әрекеті. Жергілікті адамдар мұны істемейді» деп ойлайды. «Тастау» қорығының директоры:

- Ол жаққа қыстыгүні шопандар ғана баратын. Жазда ешкім қалмайды - тек шекарашылар мен біздің кордон болады. Біздің ғимаратқа ештеңе болмаған, ал шекарадағы пост жанып кеткен, ішінен мәйіттер табылды, - деді.

Сергей Печеркиннің айтуынша, Руслан Ким жұмыс істеуге келіскенге дейін қорықшының үйі көп жылдар бос тұрған.

- Біз заставаға дейін вертолетпен бардық, территорияға жібермеді. Оқиға орнын көрсем, тергеу-тексеру істеріне көмектесер едім, өйткені жер жағдайын бес саусағымдай білемін, - дейді Сергей Печеркин.
"Тастау" аңшы қорығының директоры Сергей Печеркин. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл.

"Тастау" аңшы қорығының директоры Сергей Печеркин. Талдықорған, 4 маусым 2012 жыл.


Оның айтуынша, "ол жақта бір үйір жылқы сыйып кететін үңгірлер бар".

Қазір Сергей Печеркиннің өзін құқық қорғау органдары тергеп жатыр. Полицейлер үш шолақ мылтығын алып қойған екен.

Алматы облысы әкімдігі қаза тапқан шекарашылардың отбасыларына 500 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек берілетінін мәлімдеді.

«ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ КӨП БОЛДЫ, БІРАҚ ҚАРАЛЫ КҮН ЖАРИЯЛАНҒАН ЖОҚ»

Қоғамдық белсенділер қаралы күн әдетте жалпыұлттық трагедиядан соң жарияланатынын айтты. «Мейлі, ол табиғи апат бола ма, террорлық акт немесе жол апаты бола ма - оған байланысты емес, адам көп зардап шеккен оқиғалар кезінде жарияланады» дейді олар.

Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, Қазақстанда тұңғыш рет қаралы күн 1991 жылы мамырдың 31-і күні ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні жарияланған.

- Бірақ ол күні, өкінішке қарай, ешбір жерде жалаулар түсірілген жоқ. Ал құран оқыту үшін алаңға барған кезде ОМОН-дар кіргізбей, сонда да алаңның бір шетінде дастарқан жайғанбыз, - дейді саясаткер.
Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.


Дос Көшімнің айтуынша, бұдан кейін де «жалпұлттық трагедиялар болды, бірақ қаралы күн жарияланған жоқ».

- Ұмытпасам, Қарағанды жақта шахтада 30-ға жуық адам қаза тапты. Бірақ қаралы күн жарияланған жоқ. Үндістанның аспанында Үндістан мен Қазақстанның ұшағы бір-бірімен соқтығысып, онда да өте үлкен, бұрын болмаған трагедия болды. Шамамен 280 адам қырылды. Оның көбі Қазақстан азаматтары болды. Сол уақытта да жариялаған жоқпыз. Сол сияқты Қызылағаш оқиғасын (44 адам опат болған – ред.) да айтуға болады, - дейді Дос Көшім.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін интернетте азаматтық қоғам өкілдері қаралы күн жариялау керек деген бастама көтеріп, ұсыныс айтқан еді.

Дос Көшімнің пікірінше, бұл оқиғаға байланысты ұлттық қаралы күннің жарияланбауының саяси себебі бар. «Мұнда биліктің де қателігі болғандықтан, оны бадырайтып көрсеткісі келмеді» дейді ол.

- Мына Желтоқсан оқиғасы күнін де неге біз азалы күн деп айтпаймыз? Онда да қаншама қырғын болды, қаншама жастар қайтыс болды, оны да айтпайды. Себебі оны істеген сол биліктің өзі. Мемлекет қаралы күн жариялаған кезде саяси астарды міндетті түрде ескереді. Жаңаөзенде де таяқтың ұшы өздеріне тиетінін біледі. Ертеңгі күні «Өздері атып, өздері қаралы күн жариялап отыр» деп айтады емес пе. Оны қабылдау билікке оңай емес. Ал шекарашыларға байланысты ешқандай айыптау жоқ, - дейді Дос Көшім.

Мемлекеттің шекарашылар қазасына байланысты қаралы күн жариялауын толық құптайтынын айтқан генерал-майор, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов:

- Бізде таңдап-таңдап қана қаралы күн жариялайды. Ол дұрыс емес. Жаңаөзен, Қызылағаш оқиғалары кезінде, Митталдың шахтасында бірталай адамдар қайтыс болғанда да осындай күн жариялаған жоқ, - деді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG