Accessibility links

Шекарашылар жасағын «кірпі» қорғап тұр


Үшаралдағы шекара жасағы штабының аумағында тұрған істік темірлі шлагбауым - "кірпі". Алматы облысы, 9 маусым 2012 жыл.
Үшаралдағы шекара жасағы штабының аумағында тұрған істік темірлі шлагбауым - "кірпі". Алматы облысы, 9 маусым 2012 жыл.

Үшаралдағы шекарашылар жасағының бақылау бекетінде (КПП) болдық. Осыдан 40 жыл бұрынғы совет армиясын көргендей әсер алдық. Маусымның 10-ы Алматы облысының Алакөл ауданында Арқанкергенде опат болған екі шекарашыны туыстары жер қойнына тапсырды.


Азаттық радиосының тілшісі Алматы облысының Үшарал қаласына маусымның 9-ы Владислав Челахтың атасы Владимир Челах пен анасы Светлана Ващенконың ізін ала жетті. Арқанкерген шекаралық бекетіндегі 15 шекарашыдан тірі қалған жалғыз сарбаз Владислав Челахқа 14 қызметтесі мен бір қорықшыны өлтірді деген айып тағылып отыр. Владислав Челахтың туыстарын Үшарал қаласындағы шекарашылар жасағының штабына алып кетті. Журналистерді жібермеді. БАҚ өкілдері Владимир Челах пен Светлана Ващенконы күтетін болды.

Челахтар жасақ штабы жағында үш сағаттай болды. Оларды сыртта күткен Азаттық тілшісі осыдан 40 жыл бұрын Үшаралда қызмет еткен сәттерін еске алды.

КИІМ ФОРМАСЫ ЖӘНЕ АС ҚАЛДЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН КҮБІ

Ә дегенде таңдандырған нәрсе – КПП кезекшілерінің киімі. Әдеттегі әскери киімнің үстінен брон бешпет киіпті. Бастарында – темір каска. Әскерден айырмасы - қолдарында полицейдің резеңке сойылы.

30 градус ыстықта бұл жүрістеріне еріксіз таңғаласың. Оның үстіне, Үшаралдың ауасы аса ылғалды. Үшарал деген аты айтып тұрғандай, бұл өлкенің ауасы ыстық қана емес, қапырық. Жеңіл киінген журналистің өзіне тыныс алу қиын.
Шекара жасағына кіретін есікте тұрған қарауылдар. Алматы облысы, Үшарал, 9 маусым 2012 жыл.
Шекара жасағына кіретін есікте тұрған қарауылдар. Алматы облысы, Үшарал, 9 маусым 2012 жыл.

Мұндай киім үлгісін кім және қашан енгізгенін кезекшілерден сұрастырдық. Мүмкін бұлай жүруге 14 шекарашы қаза тапқан төтенше оқиғадан соң бұйрық етілді ме екен? Алайда кезекшілер біздің сауалдарымызды жауапсыз қалдырды.

Осы мақала авторы - совет армиясы қатарында 25 жыл қызмет еткен адам. Ол осыдан 40 жыл бұрын әскери қызметін лейтенант шенінде тура осы Үшаралдағы артиллериялық полкта взвод командирі болып бастаған. Ол кезде, 1972 жылы да қайнаған ыстықта тер шүмектеп аққаны есте. Өйткені ол заманның жарғысы бойынша, әскерилер теркөйлек (майка), галстук тағылған офицер жейдесін, оның сыртынан жүннен тоқылған китель, белге портупей міндеттелетін. Киім тәртібін бөлімде командирлер, одан тысқары патрульдер қадағалайтын. Ереже бұзғандар гауптвахтаға қамалатын.

Бұл тәртіп ұзаққа созылды. Қайта құру кезеңі басталған 1980-ші жылдардың аяғында ғана сәл босаңдық берілді. Енді саптан тыс уақытта белдік тағынбауға, китель кимеуге рұқсат етілді. Тіпті, галстукты да шешіп, жейденің жоғарғы екі (бірақ одан көп емес) түймесін ағытып қоюға болатын. Шолақ жең жейде киюге рұқсат етілді. Ол заманда шолақ жең офицер жейделері болмағандықтан, әскери ательелерге жеңді дұрыс кесу туралы арнайы нұсқаулық жіберілетін. Қысқасы, совет армиясында киімді адамның жүріп-тұрысына ықшамдап, оңтайландыруға қадам жасалды.
Бөшке тиеген көлік. Алматы облысы, Үшарал, 9 маусым 2012 жыл.
Бөшке тиеген көлік. Алматы облысы, Үшарал, 9 маусым 2012 жыл.

Алайда қазіргі шекарашылар киім үлгісі ережелерін мүлтіксіз орындайды деп айта алмайсың. Шекарашылар штабқа жақындағанда ғана белдіктерін жүре тартып, фуражкаларын баса киіп, жөнделе бастайтынын журналистер байқап тұрды.

Ал әскери патрульге келсек, Үшаралда болған екі күндік сапар кезінде оларды Азаттық тілшісі бір де бір рет көрмеді.

Осыдан қырық жыл бұрынғы әскерді тағы бір жағдай еске түсірді. Штаб аумағына тіркеме арбасына екі темір бөшке (күбі) тиеген жеңіл көлік екпіндей кірді. Бөшкелер ас қалдықтарына арналса керек. Егер 1972 жылы әскери бөлімдер мен оған таяу маңда шетелдік жеңіл көліктер атауымен болмағанын ескерсек, қалған көрініс сол баяғы қалпы екен. Ол заманда әскери бөлімдерді қосымша ет және сүтпен қамтамасыз ету үшін ресми түрде шошқа, сиыр ұсталатын. Қазіргі армияда мұндай қосалқы шаруашылықтар ресми түрде жоқ. Ал бейресми түрде бар-жоғын сұрап едік, арба тіркеген көліктің қожайыны сыр бөлісуден бас тартты.

ӘСКЕРИ ТЕХНИКА ЖӘНЕ КӨМЕКШІ ҚҰРАЛДАР

Штаб аумағына кіретін жолдың сол жағында орнатылған бронды дот көзге бірден түседі. Қарапайым адамдар одан шошитын шығар. Алайда ішінде адам отырғаны немесе қаруы байқалмады. Сондықтан оны біраз қызықтап алған соң, үлкен тас сияқты мүлде елемейді екенсің.
Штаб жанындағы көлік тұрағының шлагбаумы. Алматы облысы, Үшарал шекара жасағының әскери бөлімі, 9 маусым 2012 жыл.
Штаб жанындағы көлік тұрағының шлагбаумы. Алматы облысы, Үшарал шекара жасағының әскери бөлімі, 9 маусым 2012 жыл.

Жасақ штабының аумағындағы шлагбаум көзге бірден түседі. Өйткені кезекші келген көлікті өткізу үшін оны көтеріп-түсірумен болды. Айтпақшы, бізге қызық көрінгені - шлагбаумның өзі емес, оны пайдалану процесі. Бронды бешпет пен темір каска киіп, резеңке сойылмен қаруланған кезекші шлагбаумды көтерер алдында бәтеңкенің бірнеше бауынан өрілген ұзын жіпті шешеді, сосын шлагбаумды түсіріп болғасын, жіп жерге тимесін дей ме, оны түйіндеп, қайта байлап қояды. Шлагбаумды автоматты түрде көтеріп-түсіруге болатындай әлдебір түймеше сияқты құрал байқалмады.

Біздің назарымызға ешқандай автоматты жүйемен жабдықталмаған тағы бір құрылғы ілінді. Әйтеуір мақала авторы армияда ұзақ жыл қызмет еткенде ондай затты кездестірмепті. Әңгіме жерде сұлап жатқан темір шлагбаум жайында. Оны шартты түрде «кірпі» деп атаса болады. Ол да шлагбаум сияқты боялған темір құбыр. Алайда «кірпі-шлагбаумның» кәдімгі шлагбаумнан бір айырмашылығы, ол көтерілмейді. Циркуль сияқты бір орында айналады. «Кірпінің» екінші ұшының астында доңғалақ орнатылған. Кезекші доңғалақтың жоғарғы жағына бекітілген тұтқадан ұстап «кірпіні» айналдырып әкеп, 90 градусқа бұрады да, келген техникаға жол ашады. Шынжыр табанды техникаға мынадай кірпінің төтеп беруі неғайбіл. Әдетте оларға қарсы ор, жыра сияқты тәсілдер қолданылатын. Бірақ біз оларды байқамадық.
Үшаралдағы шекара жасағы штабының аумағындағы істік темірлі шлагбаум. Алматы облысы, Үшарал, 9 маусым 2012 жыл.
Үшаралдағы шекара жасағы штабының аумағындағы істік темірлі шлагбаум. Алматы облысы, Үшарал, 9 маусым 2012 жыл.

Бір кезде журналистерді тырт-тырт еткен қатты дауыс елең еткізді. Бұл ЗИЛ-130 жүк көлігі екен. Бұл марка осыдан қырық жыл бұрын жаңа техника деп бағаланатын. Машина бар күшімен тарқылдап кеп, «кірпінің» алдына тоқтағанда өшіп қалатындай көрінген. Абырой болғанда, әйтеуір, өшпеді.

Есесіне, ГАЗ-66 маркалы екінші көлік өшіп қалды. Ол да совет заманының «түлегі». Кезекші «кірпіні» бұрып, жолды ашқан кезде жүргізуші көлікті оталдыруға тырысты. Стартерді баса бергендіктен, ақыры аккумулятор өшіп тынды. Жүргізушінің өнбес тірлігі жеті минуттай созылды.

Көліктің жүргізушісі енді моторды қолтұтқамен бұрап оталдыру үшін басқа шекарашыларды көмекке шақырды. Олар жақындап келе жатып, камераны көрген бетте қашып кетті. Бронды бешпет пен каска киген кезекші ғана қалып, қолындағы сойылын тастамастан, тұтқаны бұрауға тырысты. Жарғы бойынша тастауға болмайтынына қарамастан, бір кезде таяғын жерге тастай салып кірісті. Әйтеуір, ақыры еңбегі ақталып, мотор оталды.

Шекара күзетіндегі әскери көліктердің техникалық жағдайын мына жерден көре аласыз:



Штаб жанындағы тұраққа келіп жатқан көліктер - кілең шетелдік маркалар. Әйтеуір олардың арасынан бір де бір қазақстандық немесе ресейлік көлік көрмедік.

МҰСЫЛМАН ЖОРАЛҒЫСЫМЕН, БІРАҚ ӘСКЕРИ ҚҰРМЕТПЕН ЖЕРЛЕУ

Жексенбі, мауымның 10-ында Азаттық радиосының тілшісі шекарашы Ерлан Ақышовты жерлеуге қатысты. Ақтық сапар алдында шекарашының әке-шешесінің үйінің жанында марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Жерлеп келген соң, Үшарал мейрамханаларының бірінде ас берілді.
Қаза болған шекарашы Ерлан Ақышовтың әкесі Ерғали Ақышов. Алматы облысы, Үшарал қаласы, 10 маусым 2012 жыл.
Қаза болған шекарашы Ерлан Ақышовтың әкесі Ерғали Ақышов. Алматы облысы, Үшарал қаласы, 10 маусым 2012 жыл.

Сарбаздың әкесі 54 жастағы Ерғали Ақышов қарапайым жұмысшы екен. Қоштасу рәсімі кезінде көңіл айтқандармен көрісіп, үнсіз тұрды. Ерлан Ақышовтың 53 жастағы анасы Гүлнәр Мұхамбетова үйде басқа әйелдермен бірге дауыс салып, жылап отырды.

Ерлан Ақышовтың мүрдесі салынған табыт туған үйінің жанына қойылды. Табыттың үстіне мемлекеттік ту жауып, үстіне шекарашының фуражкасын қойыпты. Қоштасу рәсімі басталар алдында әскери оркестр Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындады.

Қаралы жиында алдымен Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақамбаев, одан кейін шекарашылар жасағы басшылығының өкілі және басқалар сөз сөйледі. Алматы облысының мүфтиі Жұманәлі Аманов Талдықорғаннан келген қаралы жиыннан кейін марқұмды ақтық сапарға аттандырар алдында мұсылмандық жора өткізді.

Үшаралдағы мұсылмандар зиратында жерленген Ерлан Ақышовке әскери құрмет көрсетілді. Сарбаздың мүрдесі салынып, үстіне мемлекеттік ту жабылған табыт қабірге түсіріле бергенде оркестр мемлекеттік әнұранды орындп, автоматшылар бос патронмен үш рет оқ атты.
Ерлан Ақышовтың сүйегін қарауылмен шығарып барады. Алматы облысы, Үшарал қаласы, 10 маусым 2012 жыл.
Ерлан Ақышовтың сүйегін қарауылмен шығарып барады. Алматы облысы, Үшарал қаласы, 10 маусым 2012 жыл.

Жас қабырдың үстіне қабығы аршылмаған жас бұтақ шаншылды. Бұтаққа үлкенді-кішілі екі қаралы гүл тәжі кигізілді. Қабірдің жанында жасөспірімдердің бірі Ерлан Ақышовтың қаралы портретін ұстап тұрды.

Жерлеу дәстүрінен кейін Үшарал мейрамханаларының бірінде берілген қаралы аста сөз сөйлегендердің бірі - шекарашылар жасағы командирінің орынбасары полковник Қуаныш Атаманов.

Ас үстінде марқұмның әкесі Ерғали Ақышов та сөз сөйледі. Ол жерлеу шараларын ұйымдастыруда көрсеткен көмегі үшін аудан басшылығына алғыс айтты.

Астан кейін Ерлан Ақышовтың сыныптастарының бірі Сағи Сәметұлы журналистерге Ерлан жаратылысынан ұрыс-керіске жоқ адам болғанын, ешкімнің мұндай қайғылы жағдай болады деп ойламағанын айтты.

Сол күні, яғни маусымның 10-ында Алматы облысының Алакөл ауданында тағы бір шекарашының сүйегі жер қойнына тапсырылды. 1984 жылы туылған Талғат Сәрсембаев Еңбекші ауылдық округінде жерленді. Артында тоғыз баламен анасы, бес айлық жүкті жесірі қалды.
Шекарашы Ерлан Ақышовтың жас қабірі. Алматы облысы, Үшарала қаласы, 10 маусым 2012 жыл.
Шекарашы Ерлан Ақышовтың жас қабірі. Алматы облысы, Үшарала қаласы, 10 маусым 2012 жыл.

БАҚ хабарлағандай, Қазақстанның түрлі аймақтарында осы күні қаза тапқан 14 шекарашының 11-і жерленді. Бас прокуратураның болжамы бойынша, 14 шекарашы мен бір орманшыны Владислав Челах өлтірген. Оған кісі өлтірді деген айып тағылды. Қазір ол қамауда отыр. Оның туыстары ресми болжамды теріске шығарды.

Мамырдың 30-ы Алматы облысындағы Арқанкерген заставасының өртенген ғимаратынан 14 шекарашы мен орманшының денесі табылды. Кейінірек Арқанкерген бекетінің шекарашысы Владислав Челах ұсталды. Қазақстанның бас прокуратурасының деректері бойынша, Владислав Челах өз серіктерін өлтіргенін мойындаған.

Марқұм Ерлан Ақышов әскери құрметпен жерленді:

Шекарашының ақтық сапары
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG