Accessibility links

Ресми өкіл шекарашының «қылмыс жасау себебін» айтты


Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков шекарашының 15 адамды өлтіргенін мойындағанын мәлімдеп тұр. Астана, 7 маусым 2012 жыл.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков шекарашының 15 адамды өлтіргенін мойындағанын мәлімдеп тұр. Астана, 7 маусым 2012 жыл.

Бүгін бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Алматы облысы Алакөл ауданындағы Арқанкерген уақытша шекара бекетіндегі сарбаздардың өліміне қатысты жүріп жатқан тергеу барысын баяндады.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, маусымның 4-і күні қойшы қыстағында ұсталған шекарашы Владислав Челах әскери қызметкерлер мен қорықшыны атып өлтіргенін толықтай мойындаған.

- Челахтың айтуынша, қылмыс жасауға себеп ретінде ішкі қақтығыстар және есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылуы себепкер болған, - дейді ресми өкілі.

Брифинг соңында тілшілер «Шекарашылардың «ішкі қақтығыстары» қандай және «естің түсіндіруге жатпайтын бұзылуы» неден?» деп сұрады. Ресми өкіл ол сұраққа нақты жауап бермеді.

- Оның (Владислав Челахтың - ред.) жауабы бойынша, қылмыс 2012 жылы мамырдың 28-і таңғы сағат бесте, сақшыдан басқа сарбаздардың бәрі ұйқыда жатқан кезде жасалған. Челахтың өзі сол күні кезекші болған, сәйкесінше, қару арсеналдарына қолы жетімді болған. Челахтың айтуынша, бірінші болып бекет аумағынан алдау арқылы шығарылған сақшы өлтірілген. Одан кейін казармаға оралып, қалған қызметкерлерді атып өлтірген. Олардың тоғызы ұйқы үстінде болған. Соңғы болып аңшы үйіндегі қорықшы Руслан Ким өлтірілген. Челахтың айтуынша, оның әріптестері кезенген қаруды шынайы қабылдамаған, - деп мәлімдеді бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, Владислав Челах "шекарашылардың бәрін өлтіргеннен кейін казарма мен шаруашылық үйлеріне бензин құйып, оқ-дәрілерді шашып, өртеп жіберген".

Өкілдің айтуына қарағанда, қазір Владислав Челахтың жауаптарының шынайылығы тексеріліп жатыр. Бекетке сырттан шабуыл жасау белгілері анықталмаған.

- Қазіргі уақытта сарапшылар 11 әскери қызметкердің аты-жөндерін анықтады. Сараптама шекарашылардың да, қорықшының да алкогольдік ішімдік ішу факторын жоққа шығарды, - деді ресми өкіл.

Нұрдәулет Сүйіндіков Сарыбөктер заставасының бастығы Алексей Фоминге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын да хабарлады. Застава бастығына "мамырдың 28-і мен 30-ы аралығында Арқанкерген шекаралық бекетімен байланыстың болмағанын қасақана жасырғаны және оның себептерін анықтау мен қалпына келтіру бойынша шара қолданбағаны үшін" айып тағылған.

- Кейбір азаматтар, ақпарат құралдары шындыққан сәй келмейтін ақпараттар таратуда. Олар осы қылмыстың шынайы ашылуын ойласа, ел арасын арандатпай, өсек-аяң таратпай, өздеріне белгілі ақпаратты тергеу тобына барып айтуын сұраймыз, - дейді бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ескерту: Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің мәлімдемесінің стилистикалық ерекшеліктері сақталды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG