Accessibility links

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелге жер сатылмайды дегенімен де, жер жалға берілмейді дегенді ашып айтқан жоқ. Ал жерді жалға беруге болмайды деп наразылық танытып жүргендер «жер сатылады» деп дүрлігіп жүргендер болып шықты.

Қазақстандағы мемлекеттік БАҚ-ның жетекшілері – басты идеологтармен «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген кездесуде «мен баршаға түсінікті бір тілді сөйлемесем, мен үшін дауыс бергендердің барлығы үшін президент бола алмаймын» деп атап өткен Назарбаев «қазақша сөйлеуді өздеріңнен бастаңдар» деп шенеуніктерге айтып жүрген сөзінен жаңылып, тағы бір тамаша «үлгі» көрсетіп, түлкібұлаңға салды.

Сонда ата-бабасының жеріне аңсап жеткен, орысша «мұрның қайсы десе аузын көрсететін» шет жұрттан оралған қазақтар, ауылдағы қария қазақтар ел президентінің сөздерін түсіну үшін аудармашы жалдағандары жөн бе?


Барша азаматына бірдей кепілдік беретін Қазақстан Конституциясының 19-бабының 2-тармағанда:

«Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар» деп жазылғанын ескерсек, орыс тілін түсінбейтіндердің құқын президенттің өзі бастап аяққа басып отырғанын аңғарар едіңіз. Ендігі жерде қазақша «дым білмес» шенеуніктер «Ассалаумағалейкум!» деп есігінен қараған оралғандарға «баршаға ортақ тілде сөйлеңіз!» деп талап қоса таңданбайсыз.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы кездесуде «Қытай Қазақстаннан 1 миллион гектар жерді ауылшаруашылық мақсаттарына сұрап отыр» деп инвесторлар кеңесінің мәжілісіндегі өз айтқанына қатысты бірқатар саяси күштердің наразылық білдіргенін сынап, жер сатылмайды дей келе, қоғамды адастыратын жалған мәлімдеме жасаушыларды жауапқа тарту қажеттігін ескертті.

«Хабар» телеарнасынан кешкілік уақытта көрсетілген президенттің бұл сұхбатында «мен бұдан бұрын тікелей эфирде ауылшаруашылық дақылдарын өсіру үшін Қытайға жер бере аламыз деп айтқан болатынмын. Ал кейбір адамдар жер сатылады деген сыбыс таратып жүр» деп қатты ренжіді.

Қоғамды «дүрліктірушілерге» осылайша көз алартып, саусақ безеген президент бұл сұхбатында жер сатылмайды десе де, жалға берілмейді дегенді ашып айтпай, тағы да түлкібұлаңға салып, түпкі ойын бүгіп қалды. Дегенмен Қытай жалға жер сұрап отыр деп айтқанын да жоққа шығармады.

Сонда жер сатылмайды, бірақ ол жалға беріледі деп ұқсақ, жер дауын көтеріп жүргендер де сол жалға беруге болмайтынын айтып, өре түрегеліп жүрген жоқ па?

1 миллион гектар жер жалға берілсе, онда соя мен рапс дақылдарын өсіру үшін бірнеше миллион қытайдың бірге келетінін айтып, Қазақстан онсыз да қытайланып барады деп алаңдаушылық білдірген бір топ адам Алматыдағы Қытай бас консулдығының алдына шыққан еді.

Азат партиясы «Қазақстан жерін қандай да болсын формада шетелге пайдалануға беруге заңдық тұрғыда тыйым салу» талабын қойып билікке үндеу жолдаған болатын.

Сонымен президенттің соңғы сұхбатынан түйгеніміз «Қазақстан жерін Қытайға жалға беруге болмайды» деп «дүрлігіп» жүргендер, жердің сатылуына қарсы шығып «өтірік өсек» таратып жүргендер болғаны ғой.

Бұдан соң жердің сатылуы мен жалға берілуінің аражігі ажыратылмайтын түлкібұлаңның сырын түсініп көріңіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG