Accessibility links

Қытай мұнай саласындағы үлесін көбейтті


Қытай жұмысшысы Қытайға тартылған газ құбыры баннерінің жанында тұр. Қазақстан, Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Қытай жұмысшысы Қытайға тартылған газ құбыры баннерінің жанында тұр. Қазақстан, Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

ТМД елдері, оның ішінде Қазақстанның энергетика саласында Қытайдың инвестициялық ықпалы өсіп келеді. Кейбір сарапшылар мұны заңды процесс санаса, енді біреулері қауіпті тенденцияға балайды.

АҚШ-тың Heritage Foundation стратегиялық зерттеу институтының деректеріне қарағанда, соңғы сегіз жылда Қытай шетелдік жобаларға 688 миллиард инвестиция салған. Оның жартысы энергетика саласына құйылған. Қазақстан мұнайының 20 пайызы Қытайға экспортталады. Бұл елдің Қазақстанға құйған инвестициясы 15 миллиард доллардан асқан.

МҰНАЙ ИНВЕСТИЦИЯСЫ

Қытай үшін мамыр айы - энергия ресурстарын сатып алу жөнінде бекітілген келісім-шарттарға толы болды. Мамырдың аяғында Шанхайда өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) саммитінде Қытай бірнеше ірі келісімге қол қойды.

Ашғабат пен Пекин Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан территориясы арқылы Түркіменстаннан Қытайға газ құбырының төртінші желісін тарту туралы келісімге қой қойды. 2016 жылға қарай түркімен газын сатып алуды 40 миллиард текше метрге дейін, ал 2021 жылға қарай 65 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарланған.

Түркіменстан-Қытай газ құбырының Қазақстандағы бөлігі.
Түркіменстан-Қытай газ құбырының Қазақстандағы бөлігі.
Ресейдің «Газпромы» мен Қытайдың CNPC компаниясы арасындағы Ресей газын Қытайға экспорттау туралы келіссөздер аяқталып, ақыры келісім-шартқа Шанхайда қол қойылды. Келісімнің егжей-тегжейі жарияланбағанымен, 30 жылға бекітілген шарттың жалпы құны 400 миллиард доллар екені белгілі.

АӨСШК саммиті қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуі кезінде Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытына бір миллиард доллар инвестиция құюға уәде етті. Екі ел басшысының кездесуі кезінде Қазақстан даму банкі мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі арасында несие желісін ашу туралы келісімге қол қойылды.

КӨРШІЛЕР МЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Қазақстанда жұрт арасында «Қытай инвестициясы ел тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін» деген пікір тараған. Қытайдан төнетін қауіп туралы кейбір жергілікті сарапшылар да айтып жүр. Кейбір сарапшылар Қытайдың экономикалық экспансиясы қаупін демографиялық фактормен жиі байланыстырады.

- Қазақстандық компаниялар инвестиция алып, ал Қытай компаниялары пайда көрді. Қытай елінің демографиялық экспансиясымен байланысты күшейіп келе жатқан экономикалық ықпалы салдарынан Қазақстан тәуелсіздігінен айырылып қалуы мүмкін, - дейді алматылық экономист Марат Әбдірахманов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Астана, 6 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Астана, 6 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Руслан Ізімов «Қытай Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда экспансиялық саясат ұстанып отыр» деген пікірмен келіспейді. Ол Азаттыққа берген сұхбатында «Қытай басшылығының аймақтағы ықпалын кеңейтуге деген ұмтылысында ешқандай арам пиғыл жоқ» дейді.

Ізімов Пекиннің Каспий жағалауы мұнай жобаларындағы үлесін арттыруға деген ұмтылысын Қытай экономикасының қарқынды дамуымен байланыстырады.

- Өткен жылдың аяғында Қытай Қашаған жобасына іс жүзінде кірді. Меніңше, бұл - объективті процесс. Шынын айтқанда, сенімді әрі төлем қабілеті мықты серіктеріміздің болғанына өзіміз де мүдделіміз. Қазақстанның міндеті - Қытайдың жолына тосқауыл қою немесе шектеу емес, ынтымақтастық процесін мұқият бақылауда ұстау, - дейді сарапшы.

Қытай - Қазақстанның аса ірі экономикалық әріптестерінің бірі ғана емес. Астана мен Пекин арасында бекітілген әскери-саяси сипаттағы келісімдер де бар.

(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)
XS
SM
MD
LG