Accessibility links

Қытай басшысы Қазақстанға жыл оздырмай келіп жүр


Қытай басшысы Ху Цзиньтао БРИК елдері саммитінде сөйлеп отыр. Санья, 14 сәуір 2011 жыл

Қытай басшысы Ху Цзиньтао БРИК елдері саммитінде сөйлеп отыр. Санья, 14 сәуір 2011 жыл

Сарапшылар алып Қытайдың қарыштап дамуынан емес, Қазақстандағы биліктің жауапсыздығынан қорқу қажеттігін айтады.


Маусымның 11-20 аралығында ТМД елдерін аралайтын Қытай басшысы Ху Цзиньтао Астанада өтетін Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне де қатыспақшы. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжоу Лидің хабарлауынша, бұл кезде сонымен бірге екіжақты сауда-экономикалық саласында бірқатар құжаттарға қол қойылады.

«ЕКІЖАҚТЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС»

Соңғы рет Қытай басшысы Қазақстанға өткен жылы дәл осындай мезгілде келген болатын. Бұл кездесудің тарихи маңыздылығын атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде «Қытаймен энергетика, атомды бейбіт қолдану, мұнай- химия, көлік және ауыл шаруашылық саласында қарым-қатынасты әрі қарай да нығайта береміз» деген еді. Бұдан кейін көп кешікпей екі ел басшысы биылғы ақпан айында Пекинде кездесті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2009 жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғарылап, 20,3 миллиард АҚШ долларын құраған.

Мамандар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақындай түскенін айтса, мұны экономикалық көрсеткіштер де дәлелдеп тұр. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2009 жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғарылап, 20,3 миллиард АҚШ долларын құраған. Тәуелсіздік жылдарында Қытай Қазақстан экономикасына 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйыпты.

ИНВЕСТИЦИЯ

Мамандар шикізат саласынан бөлек, соңғы уақытта Қытайдың ауыл шаруашылық саласына аса қатты мән беріп отырғанын да айтып отыр. Алматыда мамыр айында өткен қытай тауарларының көрмесінде Қытай елшілігінің бірінші хатшысы Ван Айцзюнь көрші елдің осы мүддесінің бір ұшығын шығарған еді.
Тәуелсіздік жылдарында Қытай Қазақстан экономикасына 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйыпты.

- Қытайда бәсекелестік өте жоғары. Және қазір олар Қазақстан аумағына келгісі келеді, себебі бұл жерде шынында да нарық көлемі ұлғайып келеді. Мұнда кәсіпорындар ашу тиімді. Олар Қазақстанға инвестиция салғылары келеді, - деген еді хатшы.

Мамандар екі ел басшылары кездескен сайын қоғамда «қытай экспансиясы» туралы әңгімелердің өршуі «дәстүрге» айналып кеткенін айтып отыр. Олардың пікірінше, ең әуелі Қытаймен арада қарым-қатынастың жабықтығы мәселені ушықтырып отыр.

«ҚЫТАЙ – ҚҰБЫЖЫҚ ЕМЕС»

Синолог-ғалым, Қазақстан президенті жанындағы стртегиялық зерттеу институтының ғылыми қызметкері Константин Сыроежкиннің пікірінше, бұған қоса, қоғамда «Қытайды құбыжық қып көрсету» әдеті қалыптасқан. Тіпті «келе жатқан іс-сапардан да саяси астар іздеудің қажеті жоқ» дейді маман.

- Ху Цзиньтао Қытай басшысы, әрі ұйымға (ШЫҰ – ред.) мүше ретінде бұл саммитке қатысуға міндетті. Мұны қорқынышты етіп көрсетудің қажеті жоқ, - деп атап өтеді маман.

Оның пікірінше, бір қызығы Қытайдың Қазақстанды «жаулап алатынына» қатысты бірде-бір аргумент жоқтың қасы.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Ху Цзиньтао келісім-шарттарға қол қою салтанаты кезінде. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл

- Бұл мәселе төңірегінде тіпті оппозициямен де айтысуға дайынмын. Бірақ ешкім әлі күнге дейін нақты аргумент айтқан жоқ. Жәй ғана көпіріп сөйлеу ішті пыстырып жібереді, әрі қызықсыз, - дейді ғалым.

Оның пікірінше, осы үшін ұтымды саясат жүргізіп, қарыштап дамып отырған Қытайды кінәлай беруде мағына жоқ. Мәселе – Қазақстанның өз мүддесін қорғай білуінде болып отыр.

- Қандай да бір елмен әріптестік орнату қауіпті емес. Тек мемлекет мүддесі нақты айқындалып, есептелсе болғаны. Егер мемлекет мүддесі мүлде ойдан шықса, кіммен әріптестік орнатқаныңның айырмасы бар ма? - дейді Константин Сыроежкин.

«ҚЫТАЙ ТАҚЫРЫБЫНА ТАБУ ҚОЙЫЛҒАН»

Әйтсе де, саясаттанушы Мұхит Асанбаев Қытаймен ерекше сақтықпен қарым- қатынас жасау керектігін айтады. Оның айтуынша, өкінішке қарай, ақпарат құралдарының басым бөлігінде Қытай тақырыбына табу қойылған. «Тіпті сарапшыларға «Қытай экспансиясы» мәселесінің тігісін жатқызып көрсету туралы Ақорда тарапынан тапсырма болуы мүмкін. Бұл дұрыс емес» дейді.

- Қытай қаупі туралы ашық түрде Жапония, АҚШ жазып отыр. Қытайдан 200 миллион халқы бар Индонезия, 1 миллиард халқы бар Үндістанның өзі сескеніп отыр. Ал сонда неге кішкентай Қазақстан бірдеңе десе, «екіжақты қарым-қатынас» деуден әрі аса алмайды. Мен соны түсінбеймін, - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Кәрім Мәсімов үкіметі тұсында әсіресе, Қытаймен байланыс бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткен. Саясаттанушы Қытайға Қазақстан билігінің ауысуы тиімсіз екенін айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды Қытайға баруы да кездейсоқтық емес дейді.
Қытай басшысы Ху Цзиньтао Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездесіп тұр. Шанхай, 30 сәуір 2010 жыл

Оның пікірінше, Қазақстан Қытайға «жасанды» түрде тәуелді болып отыр.

- Қазақстан Қытай несиесіне зәру дегенге сенбеймін. Бюджетте қаржы болмаса да, билікте отырған шенеуніктердің ақшасы бар. Олар ақшаларын шетелге шығарып жатыр. Сол қаржыны елге бұру керек. Қазір тізім жасасаңыз, шенеуніктердің көбісінің отбасы шетелде тұрып, оқитынын байқар едіңіз. Демек, олар бір аяғымен Қазақстанда, бір аяғымен шетелде жүр, - дейді саясаттанушы.

2010 жылы Қытайдың жалпы ішкі өнімі 5,8 триллион долларға жетіп, экономика көрсеткіші бойынша екінші орында тұрған Жапонияны ысырған. Халықаралық сарапшылар кемінде алдағы бес жылдың ішінде коммунистік Қытайдың демократиялық АҚШ-ты артқа тастап, әлемнің жаңа экономикалық көшбасшысына айналатынын айтып отыр. Алайда "ең ірі экономика атану" жан басына шаққандағы табыс көлемінің күрт өсуі дегенді білдірмейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG