Accessibility links

Ауыр атлетика федерациясы: Чиншанлоның таңдауы - Қазақстан


Лондон олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанло. Қараша, 2011 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанло. Қараша, 2011 жыл.

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы «Чиншанло 2013 жылдың қаңтар айынан бастап халықаралық жарыстар мен Рио-де-Жанейро олимпиадасына дайындығын бастайды» деп мәлімдеді.

Ауыр атлетика федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсір Азаттыққа берген сұхбатында:

- Ушыққан мәселеге нүкте қояр кез келді. Чиншанломен сөйлестік. Ол Қазақстанда қалады. Баспасөз мәслихатын өткізбейміз (қазанның 27-сі күні федерация өкілі Азаттыққа «арнайы жиын өткіземіз» деген еді - ред). Қазақстан ақпарат құралдары да бұл мәселеге осы тұстан нүкте қойса деген ұсынысымыз бар. Қазақстандық басылымдар шуласа, қытайлықтар да жауап қайтарып отыр әдейі. Біз чемпионмен сөйлестік. Оның таңдауы да, қалауы да - Қазақстан, - деді.
Қазақстан басылымдары шуласа, қытай жағы да әдейі жауап қайтарып отыр.

Меңдіхан Тәпсір айтуынша, «бұл шуды Қытайдың тілшілері мен шенеуніктері шығарған».

- Бұл шудың қалай шығып кеткенін Чиншанлоның өзі де білмейді. Біз онымен жеке сөйлесіп, істің анық-қанығына жеттік. Чиншанло енді ұлттық құрамамен бірге 2013 жылы Варшавада (Польша) өтетін әлем біріншілігіне дайындығын бастайды. Оның мақсаты - Қазақстан атынан екі дүркін олимпиада чемпионы атану, - деді мемлекеттік жаттықтырушы.

«ЧИНШАНЛОНЫҢ СӨЗІН БҰРМАЛАҒАН»

Ал ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы Ғалым Сүлейменнің айтуынша, Қытай сайттарында жарияланған «Чиншанло Қытай азаматтығын алды» деген ақпаратқа негіз жоқ.

- Атлет қазір Алматыда. Қытай басылымдарындағы жазылғандардың барлығын ол Қазақстанға келгенде көрді. Чиншанло Қазақстанға 14 жасында келген. Қытай Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезадан өте мықты спортшы шығады дегенге сенбеді. Енді құйтырқы әрекеттерге барып отыр. Біз жанкүйерлерден барлық жайтқа тереңнен қарауын өтінеміз. Жанкүйерлер алдағы уақытта Чиншанлоны талай жарыстардан Қазақстан атынан көретін болады, - деді ол.
Ауыратлетика бапкері Виктор Ни. Алматы, 27 қазан 2012 жыл.

Ауыратлетика бапкері Виктор Ни. Алматы, 27 қазан 2012 жыл.


Спортшының жеке бапкері Виктор Нидің сөзіне қарағанда, «Чиншанло бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруден бас тартып отыр».

- Кететін ойы жоқ. Біраз отырып сөйлестім. Қытайға барған соң басылымдарға сұхбат беріп, суретке түскенін растады. Бірақ сұхбатта журналистер басқа сұрақтар қойған, Чиншанло олардың қойған сұрақтарына тиісінше жауап берген. Бірақ оның сөзін, ойын бұрмалап беріпті. Суретке түсіргенде де «газетке түсіреміз» деген. Кейін суретті «Чиншанлоның төлқұжатқа түсіп жатқаны сәті» деп жариялапты. Атлеттің өзі осы жайттарды көріп қатты қапаланды, - деді бапкер Виктор Ни.

«ҚЫТАЙДАН ХАТ КЕЛГЕН ЖОҚ»

Қазанның 29-ы күні Russian.china.org.cn. порталы «Қытай олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанлоны отанына қайтару әрекеттерін жалғастырады. Қытайдың ауыр атлетика қауымдастығы Қазақстан жағына екі мәрте ресми хат жолдады. Бірақ әлі күнге дейін жауап алмады. Қазақстан Чиншанлоны жібермейтін болса, мәселе дипломатиялық жолмен шешіледі» деп жазған еді.

Сол күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «дипломатиялық жол» туралы айтылған бұл мақалаға қатысты Астанада арнайы брифинг өткізді. Министрліктің ресми өкілі Алтай Абибуллаев:
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев. Ақтау, 20 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев. Ақтау, 20 желтоқсан 2011 жыл.


- Қытайлық дипломаттардан немесе Қытай ауыр атлетика федерациясынан Қазақстанның атына ешқандай құжат түскен жоқ, - деп мәлімдеді.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Нидің айтуынша, Зүлфия Чиншанло 2013 жылы қаңтар айында жаттығуын бастайды.

- Чиншанло биылғы жарыстарға қатыспайды. Қаңтарда Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысының Текелі ауылындағы базада жаттығу бастайды. Чиншанло да барады. Дайындығы жақсы болса, Астанада өтетін Азия чемпионатына қатысады. Ал 2014 жылы Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарына қатысады деп отырмыз, - деді Алексей Ни.

Зүлфия Чиншанло - 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы, әлем рекордының иесі, әлем чемпионы.

Бұл тақырыпты мақала авторының жеке парақшасында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG