Accessibility links

Тасқыннан соңғы жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр


Сәуір айында болған су тасқынынан үйі бүлінген Чкалово тұрғыны Анна Фомич. Қарағанды облысы, 9 маусым 2015 жыл.

Сәуір айында болған су тасқынынан үйі бүлінген Чкалово тұрғыны Анна Фомич. Қарағанды облысы, 9 маусым 2015 жыл.

Тасқынынан кейін Қарағанды облысы Чкалово кенті тұрғындарының көбі үйлерін жөндеуге кірісе алмай отыр. Зардап шеккендер «дым тартқан үйлер кеппеген әрі төленген өтемақы жетпейді» дейді.

Облыстың Чкалово кентіндегі дым тартқан үйлер тасқыннан кейін әлі кеппеген. Сәуірде Самарқан су қоймасындағы су деңгейі көтеріліп, Нұра өзені тасыған кезде Қарағанды облысындағы талай елді мекенді су басып қалған.

СЫЗ ТАРТЫП, КӨГЕРГЕН ҮЙЛЕР

Кенттегі үйлердің іші әлі сыз, кейбір тұстарда канализацияның ағынды суының иісі әлі сезіледі: тасқын басқан күні кентке ағынды лас су да жайылған. Үйлердің қабырғалары әлі кеппегені тіпті алыстан байқалады. Тұрғындар жөндеу жұмыстарына кірісіп кете алмай әрі жаңа жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алуды да кейінге қалдырып отыр. Олар «әлі толық кеппеген үйді жөндеген еңбегіміз еш кетеді» деп қауіптенеді. Ал жөндеуді бастап кеткендер «не болса да, тәуекел еттік» дейді. Бірақ кентте ондай адамдар санаулы. Бірнеше үйде болған Азаттық тілшісі жұрттың еденде - үйілген затардың ортасында ұйықтап жүргенін байқады. Үйлердің қабырғалары мен төбесі қарайып, көгеріп кеткен. Жұрт «қазір Чкалово тұрғындарының көбі осылай күн кешіп жатыр» деп шағымданды.

Чкалово кентіндегі әлі кеппеген үйлер. Қарағанды облысы, 9 маусым 2015 жыл.

Чкалово кентіндегі әлі кеппеген үйлер. Қарағанды облысы, 9 маусым 2015 жыл.

Чкалово тұрғыны Анна Фомич «тасқыннан құлап қалған үйлерді санамағанда, кентте ең көп зардап шеккен үй - біздікі» дейді. Ол күйеуі, анасы және кішкентай екі баласымен бірге тұрады. Оның отбасының тасқыннан келген бүкіл зиянын мамандар екі миллион 400 мың теңгеге бағалаған. Олар үй толық кепкенше күтпей, кентте алғашқылардың бірі болып жөндеу жұмыстарын бастаған.

- Балаларымыз кішкентай, үйді жөндемесек болмайды. Еденін ауыстырып, шатырын жөндеп алдық. Жауын өтпесін әрі көгерген тұстары көрінбесін деп төбені қаптадық. Әлі дымқыл болса да, қабырғаларына сылақ жүргізіп, тұсқағаз жапсырдық. Бірақ тағы тасқын болып қалса деген қауіппен бұл жолы кейбір жайттарды ескердік. ДСП емес, ағаштан жасалған әрі металл аяқтары бар жиһаз сатып алдық. Кейін тағы су тасқыны болып қалса, лақтырып тастамас үшін темір төсектер алдық. Бөлген ақшасы бітіп қалды, енді жөндеу жұмыстарын өз есебімізден аяқтауға тура келеді, бір жақсысы, бүкіл жиһаз бен тұрмыстық техниканы сатып алдық, - дейді Анна Фомич.

Келіншек су тасқынынан жарамсыз болып қалған ауыл шаруашылық техникасы үшін ешкімге өтемақы төленбегенін айтып қынжылады. Құндыз тон, тымақ сияқты бүлінген қымбат заттарға да өтемақы қарастырылмаған.

Ал 84 жастағы Анастасия Тополиди үйін жөндеуге әлі кіріспеген. Тасқыннан кейін денсаулығы сыр берген кейуана шаруаны неден бастарын білмейді. Үйдің едені көтеріліп, жатын бөлмедегі қабырға жарылып кеткен. Зейнеткер ас әзірлеп жүрген пешті де жөндеу керек. Қабырғалар көгеріп кеткен. Анастасия Тополиди жалғыз тұрады. Қалада тұратын балалары мен немерелері жұмыста болғандықтан, үйді жөндеу мүмкіндігі қашан туатыны белгісіз.

Чкалово тұрғындарының көбі осындай жағдайда тұрып жатыр. 9 маусым 2015 жыл.

Чкалово тұрғындарының көбі осындай жағдайда тұрып жатыр. 9 маусым 2015 жыл.

- Бағалаушы мамандар бүлінген үй мен жиһаз, тұрмыстық техниканы бір миллион 105 мың теңгеге бағалап кетті. Бұл ақша жетпейді, қазір құрылыс материалдары қандай қымбат екенін білесіз ғой. Өзге шығындарымды айтпай-ақ қояйын. Шынымды айтсам, тағы су басса қайтемін деп үйімді жөндеуден қорқып отырмын. Бірақ өмірі мұндай тасқын болып, мұнша дүние-мүлік бүлінген емес. Бұған жағдайды бақылап, дер кезінде тиісті шаралар қолдануы тиіс болған адамдар кінәлі, - дейді Анастасия Тополиди.

«ӨЗГЕЛЕРДЕН КӨБІРЕК АЛДЫ»

Самарқан ауылдық округы әкімі Мұхтар Ақсартовтың айтуынша, қиырдағы Қызылжар ауылы сияқты су тасқынынан зардап шеккен өзге кенттермен салыстырғанда, мемлекет Чкалово тұрғындарына ақшалай көмекті көбірек берген. Өйткені қалаға жақын орналасқан Чкаловода жылжымайтын мүлік қымбат тұратыны ескеріліп, үйлерді қалпына келтіру сомасы да көбірек белгіленген.

Өзге елді мекендермен салыстырғанда, бұл кентте су тасқынынан қираған үй аз. Бірен-саран болмаса, Чкалово кентінде саман үйлер жоқ әрі үйлер сапалы салынған.

- Екі бөлмелі бір үй мен бір жекежайды (үлкен үй) бұзуға тура келді. Оларды бұзып, орнына іргетасын құятын шұңқыр қазып қойды, - дейді әкім Мұхтар Ақсартов Азаттық тілшісіне.

Жергілікті билік жаздың аяғына қарай тұрғындардың үйлері толық салынып бітеді деген уәде берген.

АУЫЛ КӘСІПКЕРІНІҢ ШЫҒЫНЫ

Бүлінген дүние-мүлік үшін төленген өтемақы көлеміне Чкалово кенті тұрғындарының көбі риза емес. Бірақ ауылдық ұсақ кәсіпкерлердің жағдайы бұдан да қиын болып шықты. Кішкентай бес баласы бар Тамара Цечаева су тасқынынан кейін шағын дүкенін қалпына келтіре алмай отыр. Бұл дүкен - Чкалово тұрғындары тамақ өнімдері, жуып-шаятын тазалық құралдары мен ойыншық, бала күтіміне қажет заттарды сатып алып жүрген жалғыз азық-түлік дүкені.

Кенттегі жалғыз азық-түлік дүкенінің иесі Тамара Цечаева сауда орнының қазіргі қалпын көрсетіп тұр. Қарағанды облысы, 9 маусым 2015 жыл.

Кенттегі жалғыз азық-түлік дүкенінің иесі Тамара Цечаева сауда орнының қазіргі қалпын көрсетіп тұр. Қарағанды облысы, 9 маусым 2015 жыл.

Кәсіпкер әйел Азаттыққа «Дүкенімді жөндеуге ақша сұрамай, өз есебімнен жөндеп жатырмын. Тым болмаса, бүлінген тауарым мен жарамсыз болып қалған техникалық құрал-жабдықтар үшін өтемақы берсе екен» дейді. Ол су тасқынынан келген зиян көлемін барынша кемітіп, өзі есептегенде барлығы бір миллион теңгеден сәл көбірек шыққан.

- Су тасқынынан кейін жарамсыз болып қалған тауарды бұрын қарызға алғанмын. Оны қайтару үшін тағы қарызға баттым. Сөрелердің көбі, тоңазытқыштар, азық-түлік сақтайтын камералар, витриналарым бүлінген. Сақтайтын және қоятын орын таппай, кейбір тауарды сатудан бас тарттым. Мұнша шығынды жалғыз еңсеруге жалғыз өзімнің шамам келмей ме деп қорқамын. Маған көмек керек, - дейді кәсіпкер Тамара Цечаева.

«ДЕМЕУШІ ТАБУ КЕРЕК»

Самарқан ауылдық округы әкімі Мұхтар Ақсартовтың айтуынша, мемлекет Тамара Цечаева сияқты тасқыннан зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге ешқандай көмек көрсетпейді. Әкімнің сөзінше, мемлекет жылжымайтын және жылжымалы мүлкіне зиян келген жеке азаматтарға ғана көмектеседі. Ал жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге кәсіпкерлерді қолдау қоры көмектесуі тиіс. Көмек олардың шығын болған тауарларын қайта алып беру түрінде көрсетіледі. Бірақ бұл жәрдем бірден емес, демеушілерден ақша түсу ретіне қарай біртіндеп беріледі. Бірақ әуелі демеушілер табу керек.

Чкалово кентіндегі жалғыз дүкеннің бүгінгі кейпі. 9 маусым 2015 жыл.

Чкалово кентіндегі жалғыз дүкеннің бүгінгі кейпі. 9 маусым 2015 жыл.

- Тамара Цечаеваның арызына бүкіл құжаттарын тіркеп, кәсіпкерлер палатасына апарып бергенмін. Бірақ қосымша көмек болсын деп, Бұхар жырау ауданы кәсіпкерлерді қолдау қоры директоры мен Қарағанды облыстық қорына бес баланың анасы әрі жеке кәсіпкерге көмектесуін сұрап, әкімдік атынан өтініш те жолдадым. Бүлінген заттарының бәрінің тізімін тіркеп, тиісті құжаттарының бәрін өткіздім. Олар маусым, шілде - екі айдың ішінде бәрін шешіп береміз деп уәде берді. Оларды ешкім көмексіз қалдырмайды. Бірақ ендігі проблема - демеушілерді табу керек болып тұр, - дейді Чкалово кенті қарайтын Самарқан ауылдық округы әкімі Мұхтар Ақсартов.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG