Accessibility links

Балалар үйі туралы картинаның тарихы


Киноэкраннан түсірілген фото: «Үзілмеген үміт» көркем фильмінде ойнаған актер балалар. Алматы, 5 қазан 2016 жыл.

Киноэкраннан түсірілген фото: «Үзілмеген үміт» көркем фильмінде ойнаған актер балалар. Алматы, 5 қазан 2016 жыл.

Tanaris Produktion кинокомпаниясы түсірген «Үзілмеген үміт» көркем фильмі киноэкранға шықты. Бірақ фильм әуелі Қазақстан емес, шетелде көрсетілген.

«Үзілмеген үміт» картинасының оқиғасы ұшақта басталады. Ірі алаяқтық жасады деп айыпталған ұлты поляк қылмыскер Оңтүстік Кореядан соты болатын Нидерландқа ұшып шығады. Кенет ұшақ турбуленттік аймаққа түсіп, апатты жағдайда Қазақстанға қонады. Қылмыскерді күзетіп келе жатқан полицей есінен танып қалып, ауруханаға түседі, қылмыскер аяқ астынан бостандық алады, бірақ поляк әуежай қонақүйінде бос бөлме жетпегендіктен, балалар үйіне тап болады.

Әлгі ұшақпен музыкалық конкурсқа қатысу үшін кетіп бара жатқан оңтүстіккореялық балаларға да әуежайдан орын жетпейді. Олар да полякпен бірге балалар үйіне жіберіледі. Өзі де балалар үйінде тәрбиеленген поляк жергілікті балалармен оңай тіл табысып кетеді. Оның көмегімен балалар үйі тәрбиеленушілері өздері құралпы оңтүстіккореялық балалармен достаса бастайды.

«Үзілмеген үміт» фильмі Семей қаласынан 50 километр жердегі ауылдың шағын мектебінде түсірілген. Фильмді совет заманындағы қалпынан өзгермеген ауыл мектебінде түсірген. Бірақ қоюшы суретші үстел үстіне ескі радиоқабылдағыш қойып, қабырғаға Нұрсұлтан Назарбаевтың емес, Карл Маркстің портретін іліп, балалар үйі директорының (оның рөлін Бақытжан Әлпейісов ойнайды) кабинетін біраз «безендірген». Кинолента режиссері Серік Әбішевтің сөзінше, ол мұнымен директордың совет заманындағы қызметінде ысылған адам екенін көрсеткісі келген.

Балалар үйінің нағыз тәрбиеленушілері ойнаған фильмде жас музыканттар рөліне Қазақстанда жұмыс істейтін оңтүстіккореялық мамандардың балалары да түскен. Қылмыскерді польшалық актер Войцех Соларз сомдаған. Фильмге қазақстандық танымал актерлерден Бақытжан Әлпейісовтен өзге, Нұржұман Ықтымбаев түскен. Балалар үйі тәрбиешісі рөлін Жанель Мақажанова ойнайды.

Балалар үйі директоры кабинетінде отыр. «Үзілмеген үміт» фильмінен алынған кадр.

Балалар үйі директоры кабинетінде отыр. «Үзілмеген үміт» фильмінен алынған кадр.

Фильмнің бас продюсері әрі сценарий авторларының бірі Сергей Әзімовтің сөзінше, балалар үйі тәрбиеленушілері әділетсіздікті, жасандылық пен екіжүзділікті өзгелерден гөрі тез байқап қалады. Сондықтан олармен барынша адал қарым-қатынас жасау керек болған.

- Бұл картинада қазіргі қиын заманда болмысыңды жоғалтпауға, тасжүрек болып кетпеуге тырысу керек екенін түсіндіруге тырыстық, - дейді Сергей Әзімов.

«Арман» киноорталығында өткен фильм премьерасына балалар үйінің бір топ тәрбиеленушілері де келді. Фильмнің алғашқы көрермендерінің бірі, әлеуметтік мәдениеттану маманы әрі педагогика ғылымының кандидаты Евфрат Мәмбековтің айтуынша, жақсылық пен бақытсыздық жер мен елді талғамайды, сондықтан «әке-шешесі жоқ балалар бірін-бірі әрдайым түсінеді».

Бас продюсер Сергей Әзімов (ортада) пен жас актер Амангелді Құсайынов (сол жақта). Алматы, 5 қазан 2016 жыл.

Бас продюсер Сергей Әзімов (ортада) пен жас актер Амангелді Құсайынов (сол жақта). Алматы, 5 қазан 2016 жыл.

Алған әсерлерімен өнертану ғылымы кандидаты Ольга Батурина да бөлісті.

- Көптен бері мұндай жүрек тебірентетін ләззат алмап едім. Маған фильмдегі оқиға да, оны қалай жеткізгені де ұнады. Бей-берекеттіктен таза, лирикалық сарында түсірілген. Оператордың жұмысы да мықты шыққан. Біздің кинематографияның арзан күлкі мен ойын-сауықтан арылып, жүректі толғандыратын лирикалық киноның өте жоғары деңгейіне көтеріліп келе жатқанына қатты қуандым, - дейді ол.

Айтпақшы, фильмнің алғашқы көрермені қазақстандықтар емес. «Үзілмеген үміт» фильмін әуелі Германияда халықаралық кинофестивальде көрсеткен. Кейінірек картина балалар және анимациялық киносы бойынша «КиноМалыШок» байқау бағдарламасына қатысып, «Ең үздік балалар рөлі» жүлдесін иеленді. Жүлдені бала актер Амангелді Құсайынов алған.

XS
SM
MD
LG