Accessibility links

Өзге планеталықтар мен комедияға қатысы жоқ фильм


Режиссер Фархат Шәріповтің «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінен көрініс.
Режиссер Фархат Шәріповтің «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінен көрініс.

Қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтің «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» атты жаңа фильмін түсірушілер тобы «комедиялық триллер» деп атағанымен, оның күлкі шақырар тұстары аз.

БӘРІ «ПОНТТАН» БАСТАЛАДЫ

Фильм желісі үш достың жиналып, сауық-сайран салуынан басталады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында түнгі клубқа барып, көңіл көтермек болған үш кейіпкердің бірі әкесінің бастығының «мықты» нөмірлі «Порше» көлігін мініп кетеді. Көлік қожайыны қосалқы доңғалаққа қыруар ақша тығып қойғанын ол қайда білсін?!

Үш кейіпкердің әрқайсысы келеңсіз жағдайға ұрынады. Бірі түнгі клубқа барарда саусағынан шешіп, шалбарының қалтасына тыға салған неке жүзігін жоғалтып алады. Клубта танысқан қызбен мас күйінде көлік жүргізіп келе жатқан екіншісін жол полициясы ұстап алып, астындағы көлігін айыптұраққа қойып тастайды. Ал үшіншісін көлігіне отырғызып алған тағы бір қыз жолда адам қағып кетеді.

Аяқ астынан тап болған бәледен құтылмақ болып жанталасқан үш достың жолы тағы тоғысады. Олар фильмдегі басқа кейіпкерлермен де мистика деуге болатын тосын жағдайлар арқылы кездесіп қалады. Бірақ фильм атауында айтылғандай, өзге планеталықтардың бұл арада мүлде қатысы жоқ.

ЕЗУ ТАРТҚЫЗБАЙТЫН ЭПИЗОДТАР

«Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінің авторлары шығарманы «фантастикалық элементтері аралас жаңажылдық алғашқы тұрмыстық- комедиялық триллер немесе соған ұқсас картина» (фильм сипаттамасы синопсистен алынды) деп атайды. Бірақ фильмде күлкі шақыратын, тым болмаса езу тарттыратын эпизодтар онша көп емес. Киноны көріп отырып экранда комедиялық фильм емес, әлеуметтік драма өтіп жатқандай сезінесің.

Актерлер Ерболат Тоғызақов (сол жақта) пен Төлепберген Байсақалов «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінде.
Актерлер Ерболат Тоғызақов (сол жақта) пен Төлепберген Байсақалов «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінде.
Бос уақытын жас көңілдесімен өткізіп, әйелінің көзіне шөп салатын әрі бизнестегі серіктерін алдап соққысы келетін кәсіпкердің тірлігі күлкілі болуы мүмкін бе? Үйдің күйкі тірлігінен әбден қажыған әрі күйеуінің ықыласынан қағылған әйелдің «әйел атаулының маңдайына бала туып, тамақ пісіруді ғана жазып қойып па еді?» деген байбаламы да күлкі шақырады деуге келмейді. Бір қызығы, әлгі бизнесменнің отбасы-ошақ қасы суреттелетін тұста сценаристер бір жаңсақтық жіберіп алған сияқты. Әдетте мұндай байлардың үйінің бүкіл шаруасы жалдамалы қызметшілерге жүктеледі.

Фильмдегі жас кейіпкерлердің көбінің өмірлік арман-мұраты – ақша ғана, олардың «қайтсем байысам?» деген арзан ойлылығы да күлкі емес, қынжылыс тудырады. Ашынасының ақшасына қымсынбай өмір сүріп жатқан бизнесменнің еркетотай әрі долы жас көңілдесі кім көрінгенмен көңіл жарастырудан да кетәрі емес. Енді бір жас кейіпкерлер – есірткі сатушы немесе тасушылар. Фильмде есірткінің дәмін татқан сондай бір кейіпкердің елес-елес фрагменттері берілген.

Актер Фархат Әбдірайымов «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінде.
Актер Фархат Әбдірайымов «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінде.
Шаңырағынан безіп, араққа сылқия тойып алған айыптұрақ қарауылының өмірін күлкілі деуге бола ма?

Қоғамнан өз орнын таппай, жұртпен тіл табыса алмай Астананың қиыр шетін мекен еткен адамның ескі көлігімен жолаушы тасып күнелтіп жүргені де көрермен күлкісін шақыра қояды деу қиын.

Экраннан қазіргі заманның осындай талай сүреңсіз сәттерін көруге болады.

Сонымен жаңа фильмді «комедия» деп атауға негіз бар ма? Күлдіргі сәттерге кейіпкерлердің кейде ерсі жағдайларға тап болып қалатын эпизодтарды жатқызуға болады. Фильмге түскен комедиялық қабілеті бар актерлердің экранда көрінуінің өзі күлкілі рең береді.

КИНОНОВЕЛЛАЛАР ЖИЫНТЫҒЫ

Жаңа фильмнің бір ерекшелігі – бас кейіпкердің кім екенін дөп басып тану қиын. Өйткені картина жекелеген киноновеллалардан тұрады.

«Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмін түсіру тобы. Астана, 21 желтоқсан 2012 жыл.
«Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмін түсіру тобы. Астана, 21 желтоқсан 2012 жыл.
Олардың арасында экранға фильмнің жаңа бөлімінің басталғаны туралы ақпарат шығады. Бірақ әлгі хикаялардың сюжеттері мен ондағы кейіпкерлер өзара байланысты.

Фильмде өткен кадрларды кері айналдыру сияқты флешбэк көп. Бірақ басқа кейіпкерлердің қатысуымен бір оқиға қайталанып көрсетіледі.

Кино өнерінде бұл жаңа тәсіл болмағанымен, қазақ киносында бұған дейін мүлде қолданылып көрмеген.

ЖАС БЕЙНЕ

Фильмде Ерболат Тоғызақов, Фархад Әбдірайымов, Максим Акбаров сияқты кәсіби актерлермен қатар бірнеше дебютант та ойнаған.

Солардың бірі – Джасур Тураев. Ұлты өзбек, Ташкент қаласында туған Джасур Алматыға жуырда көшіп келіпті. Өз айтуынша, Ташкентте криминалист-сарапшы болып істеген кезде бірнеше қылмыстық істі ашуға қатысқан.

Солдан оңға: Нұрбек Кәменов, Максим Акбаров және Джасур Тураев «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінде.
Солдан оңға: Нұрбек Кәменов, Максим Акбаров және Джасур Тураев «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінде.
Джасур Тураев – совет уақытында түсірілген «Шайқасқа тек қарттар қатысады» («В бой идут одни старики») фильміндегі Ромеонің рөлін ойнаған Рустам Сағдуллаевтың немере жиені.

Ол актер болуды бала кезінен армандағанын, Алматыға келгенде бұрынғы мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмегенін айтады. Жаңа қоныста бала арманын жүзеге асыруды ұйғарған Джасурдың алғашқы рөлі сәтті шыққан сияқты.

Фильмде әйелінің әмірімен жүретін ынжық күйеудің рөлін ойнаған актер әуелі мұндай ынжық кейіпкердің рөлін ойнағысы келмегенін айтты.

– Кейіпкерім екеумізге ортақ жалғыз нәрсе – үйленгеніміз ғана, екеуміздің болмысымыз мүлде бөлек жандармыз, - дейді ол.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТОПТЫҢ ПІКІРІ

Желтоқсанның 3-і күнгі көрсетілімінен кейін «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмін түсіруге байланысты кейбір жайттар анықталды. Фильмнің «12,12,12» деген атауы бастапқы түсірілім кезінде өзгерген. Атауы ғана өзгермеген, сценарийін де бастан аяқ қайта жазып шыққан көрінеді.

– Картинада біздің тұрмыс-тіршілігімізге тән әлеуметтік проблемалар аздап қозғалып, кейбір жиынтық образдар көрсетілді. Көрерменнің психикасын шаршатқымыз келмей бұл мәселелерді жанамалап қана өттік, - дейді режиссер Фархат Шәріпов.
«Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінің режиссері Фархат Шәріпов. Астана, 24 желтоқсан 2012 жыл.
«Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» фильмінің режиссері Фархат Шәріпов. Астана, 24 желтоқсан 2012 жыл.

Оның айтуынша, фильмнің хронометражы кейбір сюжеттерді толығырақ ашуға мүмкіндік бермеген.

Фильмнің алғашқы көрермендерінің бірінің «киноның тәрбиелік мәні болуы тиіс, ал сіздің фильміңізден ол көрінбейді» деген ескертпесіне режиссер: «Балаларға бұл фильмді көріңдер деп мен де кеңес бермеймін. Бұл – мүлде басқа кино. Көрерменнің жас шамасына шектеу қоймақпыз» деп жауап берді.

Сценарий авторларының бірі, есірткі тасушы әрі көше бұзақысының рөлін ойнаған актер Талғат Елемесов «Жалпы, бұл картина қазіргі заман жастарының тұрмыс-тіршілігінің ащы көрінісі екенін айту керек» дейді.

Актерлердің көбі фильм Астананың қысқы суығында түсірілгенін еске алды. Кейде актерлердің 45 градус аязда жалғыз жейдемен жүгіруіне тура келген.
XS
SM
MD
LG