Accessibility links

Шәкен Айманов және Сталин дәуірінен кейінгі кино образдары


Кинорежиссер Шәкен Айманов. Мұрағаттағы сурет.

Кинорежиссер Шәкен Айманов. Мұрағаттағы сурет.

Биыл Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толды. Оның есімі Қазақстан тарихына танымал актер, театр және кино режиссері, ұлттық кино өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі ретінде енді.

ТЕАТР САХНАСЫНДА

Шәкен Айманов шығармашылығының көп бөлігі театрмен байланысты. Ол 1933 жылы Алматыдағы қазақ драма театрына қабылданып, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасындағы Ақан серіні, Александр Островскийдің «Найзағай» пьесасында Тихонды, Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Петруччио сияқты психологиялық образдарды сомдады.

Жалпы, театр - өнердің ең өткінші түрі деп есептеледі. Шәкен Аймановтың театр сахнасында ойнаған рөлдері мен оның көзін көрген жандар жыл өткен сайын азайып барады. Сондықтан көрермен, театр сыншыларының жазбалары аса маңызды.

Асанәлі Әшімов өз мемуарларында «Сахнадағы Шәкен қандай еді! «Асауға тұсау» драмасындағы Петруччиосын ешқашан ұмытпаймын. Катарина (актриса Хадиша Бөкеева) екеуі сахнаға жарқырап, салтанатпен шыға келгенде бүкіл көрермен бір адамдай орнынан тұратын» деп жазады.

Бұл рөлдің бір үзігі «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде - Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева пьесадағы диалогты телефон арқылы жаттығып жатқан эпизодта көрсетілген.

Асанәлі Әшімов Шәкен Аймановтың зираты басында сөйлеп тұр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Асанәлі Әшімов Шәкен Аймановтың зираты басында сөйлеп тұр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Азаттық тілшісінің өтініші бойынша Асанәлі Әшімов театр актері ретінде Шәкен Аймановты былай сипаттайды: «Қай образды ойнамасын, әрдайым шыншыл, әрдайым тапқыр, әрдайым түсінікті етіп ойнайтын. Мейлі Отелло, мейлі Петруччио, мейлі Ақан сері болсын, кез келген образға жан бітіріп жіберетін. Ол, шын мәнінде планетарлық масштабтағы адам еді.

Алматыдағы қазақ драма театрының бас режиссері болған бес жылда Шәкен Айманов бірқатар спектакль қойды. Оның ішінде шоқтығы биік, көрермен ықыласына бөленгендерінің бірі - Мұхтар Әуезовтің «Абай» пьесасы бойынша қойған спектаклі.

АЙМАНОВ ЖӘНЕ КИНЕМАТОГРАФИЯ

Кейінгі ұрпақ Шәкен Аймановтың дарынын көбінесе кинематография арқылы, оның кинодағы образдары мен түсірген фильмдері арқылы таниды. Ол 1938 жылы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі «Амангелді» фильміне алғаш рет түседі. Бұл картинада ол эпизодтық рөл ойнайды. Ал 1953 жылы «Жамбыл» фильмінде бас рөлді ойнап, өзін актер ғана емес, әнші ретінде де танытады.

Шәкен Айманов 1938-1969 жылдары барлығы 11 фильмге түсіп, кинорежиссер ретінде осынша фильм түсірді. Олардың ішінде Қазақстан кинематографиясы алтын Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде. Мұрағаттағы сурет.

Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде. Мұрағаттағы сурет.

қорына енген «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» сияқты туындылар бар.

Жуырда «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі қайта өңделіп, Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеште көрсетілді. Фильмнің бір ерекшелігі, онда алаңсыз, бақытты жандар ғана көрсетілген.

Фильм елдегі Сталин ескерткіштері әлі алынбаған, ауыл-қала көшелері әлі «халықтар көсемі» есімімен аталатын 1957 жылы түсірілді. Кино саласы Сталин дәуіріндегі өнер принциптерінен әлі арыла қоймаған кез болатын. Әншілер Ермек Серкебаев, ағайынды Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Бибігүл Төлегенова, актерлер Юрий Померанцев, Евгений Диордиев сияқты Қазақстан өнері майталмандары түскен фильм музыкалық комедия болып шықты.

Бірақ «Біздің сүйікті доктор» фильмі осы заманға да тән әлеуметтік проблемалардың бірін көрсетеді. Сталин мәнерімен китель киген директордың рөлі арқылы бюрократизмді сынайды.

ҚОНАЕВ ШЕШКЕН ПРОБЛЕМА

Шәкен Аймановтың ғұмыры шығармашылық шабыты кемеліне келген 56 жасында кілт үзілді. Ол 1970 жылы Мәскеу көшесінде көлік қағып, қайтыс болды.

Қаралы хабар жеткен күні ішінде Асанәлі Әшімов бар төрт адам Мәскеуге ұшады. Ол жақта Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен кездеседі. Уругвайға барған сапарынан енді оралған ол Шәкен Аймановқа арнап оттық әкелген екен. Ол заманда қайтыс болған адамның мәйітін жолаушылар ұшағымен алып жүруге рұқсат бермейтін. Бірақ бұл проблема Қонаев араласқан соң шешіледі.

Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналған постердегі суреті.

Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналған постердегі суреті.

«Қаралы хабарды естіген жолаушылар бізге көңіл айтып жатты. Кешкі астан ешкім дәм татпады. Ұшақ ішінде өлі тыныштық орнап, жұрт тым-тырыс отырды. Алматыға таң сәріде ұшып келсек те, әуежай алдындағы алаң Аймановты қарсы алуға жиналған алматылықтарға толы екен», - деп еске алады Асанәлі Әшімов.

Шәкен Аймановтің денесі Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев сияқты көрнекті мәдениет және ғылым қайраткерлері жерленген орталық зиратқа қойылды.

Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар биылғы қаңтар айынан бастап туған өлкесі - Павлодар облысында басталды. Шәкен Аймановтың мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне де енгізілген.

Асанәлі Әшімовтің орыс тілінде шыққан «С любовью — ваш Асанали Ашимов» (Алматы, 2009) кітабынан үзінділер келтірілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG