Accessibility links

«Қожайындар» фильмін арандату деп атады


«Қожайындар» фильміндегі Жуба есімді кейіпкер.

«Қожайындар» фильміндегі Жуба есімді кейіпкер.

Астанада режиссер Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Картина көрермендер арасында дау тудырды. Кейбір көрермендер оны кезінде дау туғызған «Борат» комедиясымен салыстырып, «арандататын фильм» деп атады.

«Қожайындар» фильмінің Астанадағы алғашқы үлкен әрі жабық көрсетілімі өтті. «Art Линия» компаниясы продюсері Еркежан Мақсұт «көрсетілімге көбінесе дос-жарандарымыз бен таныстарымызды, «Самрұқ-Қазына» ұлттық компаниясының пиар-директоры мен Қазақстан джиу-джитсу және ММА (Mixed Martial Arts – аралас жауынгерлік өнер) федерациясы президентін шақырдық» дейді. Астана көрсетіліміне дейін фильммен Алматыда аздаған көрермен танысқан.

ҚОЖАЙЫНДАР

Картина бірі кәмелетке толмаған ағайынды екі жігіт пен олардың 12 жастағы қарындасының тағдыры туралы баяндайды. Аналарының қазасынан кейін үшеуі Алматы облысындағы бір ауылға келіп, анасынан мұраға қалған ескі үйге қоныстанады.

Алғашқы түні-ақ үйге полицейлер келіп «үйді жақсылықпен босатып, жөндеріңді табыңдар» деп ескертеді. Кейін сол ауылдың тұрғыны әрі жергілікті әкімшілік бастығының Жуба есімді туысы келіп, «үйдің заңды қожайыны менмін» деп мәлімдейді.

Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмінен көрініс.

Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмінен көрініс.

Ағайынды жігіттерді Жуба мен оның достары талай соққыға жыққанымен, екеуі үйді босатудан бас тартып, полицейлердің көмегіне жүгінеді. Бірақ полицейлердің бірі қабырғада Лениннің портреті ілінген, ал бұрыштарын өрмекшінің торы басқан кабинетінде оқып жатқан намазын қаза еткісі келмейді, ал екіншісі картоп тазалайды немесе мультфильм көреді. Олар ағайындылардың үйін тартып алуға көмектеседі.

Кейін ағайындылардың үлкені сотқа ұқсайтын ведомствоға жүгінеді. Фильмде кезекте тұрған жұрт, ал дәлізде төбеден тамшылап аққан су көрінеді. Жігіттің қолында үйдің заңды иесі екенін растайтын бүкіл құжаты бар екеніне әрі жағдайы қиын екеніне қарамастан, «сот» жауабын екі ай күтуге тура келетінін айтады.

Жубамен төбелестердің бірінде ағайындылардың үлкенін жергілікті полицейлер тұтқындап, айыпты етіп шығарады, ал кейін үйді беру туралы құжатқа қол қоюдан бас тартқаны үшін оны өлтіріп тынады.

Фильмде полицейлердің бірінің туған күнін атап өту сәті көрсетіледі. Дастархан басында олармен бірге ауылдың дөкейі – прокурор отыр. Екінші жігіт пен оның қарындасы жат адамдардың, бір-бірімен сыбайлас билік өкілдерінің ортасына кездейсоқ тап болады.

Кейін екеуін алдап, үйден шығарып жібереді. Екеуі түнеген «Волга» көлігінің дөңгелегін біреулер ұрлап кетеді. Әлия – науқас. Жедел жәрдем дәрігерлері келгенімен, олар «қыздың ары кетсе бір сағаттық өмірі қалды, төртінші сатыдағы ракпен ауыратын қыз жолды көтере алмайды» деген желеумен қызды ауруханаға әкеткісі келмейді.

«Қожайындар» фильмінің режиссері Әділхан Ержанов. Астана, 17 наурыз 2015 жыл.

«Қожайындар» фильмінің режиссері Әділхан Ержанов. Астана, 17 наурыз 2015 жыл.

Ағасы мен қарындасынан айрылған жігіт тауып алған тапаншамен полицейлер мен Жубаны атып өлтіреді. Фильмнің соңында ол қарындасының сүйегін арбаға салып, жанжалға себеп болған ескі үйге әкеледі де, есікті жауып, көп ұзамай сол жерде өзі де көз жұмады.

Ағайынды үшеудің қиын тағдыры жергілікті тұрғындардың көз алдында өтеді, бірақ олар үшеуге араша түспей, үн-түнсіз бақылаумен шектеледі, күледі немесе билейді. Ауыл тұрғындарының бұл қылығы ештеңемен ісі жоқ есуас жандарға ұқсайды. Олардың биі ағайынды үшеудің шарасыз күйін мазақ еткендей көрінеді.

КӨРЕРМЕНДЕР

Фильмі көрсетілімінен кейін режиссер Әділхан Ержановтың қатысуымен талқылау өтті. Көрермендер сұрағына жауап беру барысында ол «Қожайындар» фильмінде өзі куә болған әрі өмірде бақылаған жайттарды арқау еткенін айтты. Бірақ көрермендердің кейбірі оны бірден сөге жөнелді. Кейбіреулер «Қожайындар» фильмін ойдан шығарылған қазақ журналисі Борат Сағдиевтің бейнесі әжуаланған британдық «Борат» комедиясымен салыстырды.

– Сіз түсірген мына өнер туындысы бізге емес, шетелдік көрерменге арналған. Кинода көрсетілген жайттар шындыққа жанаспайды. Мына фильмді не үшін түсірдіңіз? Оның мән-мағынасы, қоғамға жолдар ойы қандай? – деп сұрады Қазақстан джиу-джитсу федерациясы президенті Анатолий Ким.

Режиссер Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі жанжалға себеп болған үй.

Режиссер Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі жанжалға себеп болған үй.

– Ой салатын, стандарттан тыс фильмдер «халыққа арналмаған, оларды халық түсінбейді» деген сөздер халықты кемсіту, қорлау деп есептеймін. Біздегі қоғамның анау Франция, Германия немесе Ресейдегі қоғамнан айырмасы жоқ. Мұндай киноны түсінетін немесе түсінбейтін адамдар барлық жерде бар. Сіздердің мына фильмді ұнатпау еріктеріңіз екенін білемін, оны құрметтеймін. Бірақ белгілі бір ұлтқа арналған фильмдер бар дегенмен келіспеймін, мені кешіріңіздер, бірақ бұл – фашизм. Ал сіздерді бұлай қатты ашындырғанына қарағанда, фильм өз міндеттерінің бірін орындады, - дейді Әділхан Ержанов.

Ол Анатолий Кимге «Ал сізді «Балалық шағымның аспаны» сияқты фильмдер ашуландырмай ма?» деген қарсы сұрақ қойды. Ол – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін мадақтайтын көркем фильм.

– Мысалы, ол картинаны түсіруге бұдан да көп ақша жұмсалды. Сіз «оны көрген жоқпын» дейсіз, ал мынаны көрдіңіз. Ал енді ненің халық үшін, ненің халық үшін емес жасалып жатқанын айтыңызшы? – дейді Әділхан Ержанов.

Бірақ аты-жөнін атамаған тағы бір көрермен «Мысалы «Левиафан» (жұртты шулатқан әрі Ресейдің кейбір аймақтарында көрсетуден бас тартқан ресейлік фильм – авт.) фильмін алайық. Неге екені белгісіз, бірақ қазір әлемде қайтсе де атын шығарғысы немесе бірдеңені дәлелдегісі келетіндер арандатуға ұрынатыны байқалады. Жақсы көріну үшін міндетті түрде туған халқың мен мемлекетіңді қаралау керек пе? Жұртты бұлай арандатуға болмайды. Бұл азаматқа лайықты қылық емес, бұлай істей алмайсыз. Әлде қоғамды ашындырғыңыз келді ме? Ал «Балалық шағымның аспаны» фильміне тиіспеңіз. Президентіміз жайлы түсірілген ол фильм маған ұнайды» деген сұрақ қойды.

Бірақ жабық көрсетілімге келген көрермендердің көпшілігінің пікірі басқа. Олар картинаны түсірген режиссер мен оның командасын мақтады. Біреулер Әділхан Ержанов Қазақстандағы «трагикомедия» өмірді батыл әрі ашық көрсеткен деп санайды. Енді біреулер фильмді өз ақшасына түсірген киностудия картинаны прокатқа неге шығармайтынын түсінетінін айтады. Кейбір көрермен «фильм жан жарамызды тырнағандай болды» дейді.

– Біз фильмде бас кейіпкерді қаһарман етіп көрсетуге үйренгенбіз. Ал бұл фильм әлсіз адамды көрсетеді. Кезінде қоғам Гоголь мен Салтыков-Щедрин шығармаларын да жақтырмаған. Ал қазір олар бейнелеген шындықты гротеск формасында қабылдаймыз. Әлдебір аллюзия іздейтіндей бұл деректі фильм емес қой. Режиссер шығармашылық еркіндікке апаратын жол бастап отыр, ал біз нені түсіріп, нені түсірмеуді нұсқауға үйреніп алғанбыз, - дейді көрермендердің бірі.

Көрермендердің кейбірі режиссерден фильмдегі оқиғаны неліктен хеппи-эндпен, яғни сәтті аяқтамағанын сұрады.

Кейіпкерім шарасыз күйге дейін жетсе де қарсыласқан күйде жеңіліс тапты, мен үшін сол – жеңіс

– Егер фильмнің соңын сәтті етіп аяқтасам, өзімді де, көрерменді де алдаған болар едім. Кейіпкерімді шарасыз күйге дейін жеткіздім, бірақ ол қарсыласқан күйде жеңіліс тапты, мен үшін сол – жеңіс. Мен үшін ең бастысы – ақырына дейін күресу, - дейді Әділхан Ержанов.

«Art Линия» компаниясы продюсері Еркежан Мақсұт бұл фильмді Қазақстан кинотеатрлары көрсетпейді деген пікірде. Оның айтуынша, картинаны көрсету құқығын әлдебір француз дистрибьюторлары сатып алып, қазір түрлі елдерді аралап жүр.

– Әділханды Эмир Кустурица [серб кинорежиссері] кинофестиваліне шақырды. Айтпақшы, Канн фестивалінің арнайы көрсетілімінде жұрт фильмді өте жақсы қабылдады. Фильм көптеген наградалар алған. Өткен жұмада қазақстандық тәуелсіз сыншылар оны 2014 жылдың ең үздік фильмі, ал Әділханды 2014 жылдың үздік режиссері деп таныды, - дейді Еркежан Мақсұт.

32 жастағы Әділхан Ержанов – көрерменге «Риэлтор» және «Құрылысшылар» деген фильмдерімен танылған қазақстандық режиссер әрі сценарист. «Қожайындар» – оның үшінші туындысы. Қазақстанда бұл фильмдердің ешқайсысы прокатқа шықпаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG