Accessibility links

ТМД-дағы өлім-жітімнің басты себепкері - ішімдік


Ауласында арақ ішіп отырған ресейліктер. Курган, 31 қазан 2010 жыл.

Ауласында арақ ішіп отырған ресейліктер. Курган, 31 қазан 2010 жыл.

Постсоветтік елдердегі адам өмірі қысқарып келеді. Британдық The Lancet журналының зерттеуінде Қазақстандағы жағдай да айтылған.

СССР тарағалы 20 жыл өтсе де постсоветтік елдердің көбінде адам өлімі көрсеткіштері Батыс Еуропа мемлекеттерінен әлдеқайда жоғары болып тұр.

ЖҮРЕК ДЕРТІ

Британияда шығатын The Lancet медициналық журналының зерттеулеріне қарағанда, жүрек-тамыр ауруларының, жұқпалы індеттердің көбеюі, сәбилердің жиі шетінеуі, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасының нашарлығы мен қаржының азаюы – адам өліміне себеп болып отырған басты факторлар.

«ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы) елдеріндегі денсаулық ахуалы және денсаулық сақтау жүйесі» деп бұл мақалада «жүрек-тамыр ауруларының көбеюіне еңбекке қабілетті адамдар мен жастар арасында алкоголь мен темекі тұтынудың артуы әсер еткен» деген тұжырым жасалған.
Ауруханадағы ішімдікке тәуелді адамдардың каталогы. Беларусь, Светлогорск, 22 қазан 2008 жыл.

Ауруханадағы ішімдікке тәуелді адамдардың каталогы. Беларусь, Светлогорск, 22 қазан 2008 жыл.


​Мақала авторы, Еуропадағы Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Мартин Макки (Martin McKee) Лондонда сәуірдің 2-сі күні баспасөз мәслихатын өткізіп, мынадай пікір айтты:

– Ресей, Украина, Беларусь және солтүстіктегі славян халықтарының арасындағы ең үлкен проблема – алкоголь. Бірақ көп адам арақтан емес, көбіне техникалық алкогольден, қолдан жасалған спирттен, қырынғаннан кейін жағатын лосьон, әтір мен самогон ішуден зардап шегіп отыр. 95 пайыз этанолдан тұратын бұл өнімдерді жұрт ішімдік ретінде пайдаланады. Олар еркін сатылады. Бұларды тұрғындар салынып ішеді. Алкоголь деген қазір бұл аймақта үлкен зауалға айналды.

БІРІНШІ - БЕЛАРУСЬ, СОҢЫНДА - ҚАЗАҚСТАН

Мақалада «жүрек-тамыр аурулары Ресейдегі өлім-жітімнің басты себепшісі» деген қорытынды жасалған. Еңбек жасындағы он еркектің - алтауы, үш әйелдің біреуі ішімдіктің кесірінен өледі.

Ресейде өмірді қысқартып отырған факторлар арасында туберкулез және СПИД сияқты жұқпалы аурулар, көлік апаттары да аталған.

Ресейде ер адамдар өмірінің ұзақтығы 1990 жылы 63 жас болған. 2000 жылы бұл көрсеткіш 58 жасқа құлдырады. 2009 жылы қайта өсіп, 62 жасқа жетті. Бұл елде әйелдер өмірінің ұзақтығы біршама тұрақты: 1990 жылы 74 жас болса, 2000 жылы 72 жасқа төмендеп, 2009 жылы қайтадан 74 жасқа тұрақтаған.

Трактор зауытының алдында заңсыз сауда жазап тұрған әйелдер. Беларусь, Минск, 15 қаңтар 2013 жыл.

Трактор зауытының алдында заңсыз сауда жазап тұрған әйелдер. Беларусь, Минск, 15 қаңтар 2013 жыл.

​Беларусь пен Украинада ер адамдар өмірі қысқара түскен. Беларусьте 1990 жылы ерлер өмірінің орташа ұзақтығы 66 жасқа жетсе, 2009 жылы 64 жасқа кеміген, ал Украинада 65 жастан 62 жасқа төмендеген.

Қазақстан - бұрынғы СССР елдері ішіндегі ер адамдар ең аз жасайтын ел, мұнда ерлер өмірі 61-ден 59 жасқа қысқарған.

ТМД елдерінің сегізінде және Грузияда ерлердің өмірі ұзарған.

ЕУРОПА ОДАҒЫНДАҒЫ ӨМІР 12 ЖЫЛҒА ҰЗАҚ

ТМД елдерінің көбінде әйелдер өмірінің ұзақтығы көп өзгермеген. Әйелдері орташа есеппен 76 жыл өмір сүретін Беларусь бұл тізімде бірінші орында тұр. Тек бір ғана ел – Украинада әйелдер өмірі 75-тен 74 жасқа қысқарған.

Жалпы көрсеткіштер бойынша Еуропа Одағымен (ЕО) салыстырғанда ТМД-да еркектер 12 жылға, әйелдер сегіз жылға аз жасайды.

1990-2009 жылдар аралығында ЕО елдеріндегі адам өмірі орташа есеппен алты жылға ұзарды. Қазір мұнда ерлер мен әйелдер шамамен 80 жасқа дейін өмір сүреді.

Зерттеуде Ресейдегі 20 жастағы жігіттің алпысқа жету мүмкіндігі 63 пайыз болса, ЕО елдерінде бұл көрсеткіш 90 пайызға тең екені айтылған.
Темекі тартып тұрған еркек. Ресей, Красноярск, 25 ақпан 2012 жыл.

Темекі тартып тұрған еркек. Ресей, Красноярск, 25 ақпан 2012 жыл.


​Сарапшылар ТМД елдеріндегі халық өмірін ұзарту үшін ғалымдар алкоголь мен темекі өнімдері сапасын бақылауды күшейтіп, халық арасында денсаулықты күтуге қатысты ағарту шараларын көбейтуді ұсынады. Денсаулық сақтау саласын дамытып, ондағы қызмет сапасын арттыру қажеттігі де сөз болды.

Маккидің пікірінше, «бұл елдердің денсаулық сақтау саласында реформалар жүріп жатыр, бірақ әлі де тындыратын шаруа көп».

«Постсоветтік елдердегі денсаулық сақтау саласының басты проблемасы - СССР-дағы медицина ғылымы идеология құрсауында болғаны, дәлелге негізделген тәжірибенің дамымауы» дейді Макки.

Мақала ЮджинТомиучтің шолуы негізінде жазылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG