Accessibility links

Курамшин қатаң режимде қала бере ме деген қауіп зор


Азаматтық белсенді Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Қамаудың жеңілдетілген түріне ауысу алдында құқық қорғаушы Вадим Курамшин мен адвокаты түрме әкімшілігі арандатуға баруы мүмкін деп қауіптенеді. Түрме басшылығы оны жоққа шығарады.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің бір жылға созылған қатаң режимде жаза өтеу мерзімі наурыздың соңында бітті. Қылмыстық кодексте жазылған нормаларға сәйкес ол сәуірдің соңына дейін дағдылы режимге ауысуға хақылы.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Горный кентінде орналасқан ЕС 164/4 түрмесінде отырған Курамшин өзін қамаудың сәл жеңілдетілген түріне, яғни дағдылы режимге ауыстыруды талап етіп келеді. Қамаудың қатаң режимімен салыстырғанда біршама жеңілдеу дағдылы режимде сотталушы туыстарымен ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат ала алады, сәлемдеме алу мүмкіндігі де артады.

Түрмеден хабар беріп жатқан Курамшин де, оның адвокаты да жаза өтеу шарттары жеңілдемеген күйі қала ма деп қауіптенеді. Өйткені қамаудағы құқық қорғаушыға соңғы 3 жылдың ішінде «ішкі тәртіпті бұзды» деген желеумен бірнеше мәрте жаза белгіленген. Азаттыққа комментарий берген түрме әкімшілігінің мәлімдеуінше, биылғы наурыздың соңына дейін Курамшин дисциплинарлық жазаға тартылмаған.

40 жастағы Курамшин түрмедегі жазасын өтеушілердің құқығын қорғаушы белсенді ретінде танылып келе жатып, өзі мойындамаған «ақша бопсалады» деген ауыр айыппен 2012 жылы өзі 12 жылға сотталған еді. Оны дағдылы режимге ауыстыру туралы шешімді түрме әкімшілігі құрған комиссия қабылдайды. Қамау тәртібін жеңілдетудің негізгі шарттарына сәйкес келу үшін сотталушының тәртібі жақсы, соңғы алты ай ішінде дисциплинарлық жазаға тартылмаған болуы керек.

ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ АЛАҢЫ

Вадим Курамшиннің адвокаты мен Open Dialog халықаралық қорының наурыз айында таратқан соңғы мәліметі бойынша, биылғы қаңтардың соңында түрме әкімшілігі тарапынан тағайындалған «негізсіз» жазалардың барлығы жойылған. Бұған қамаудағы құқық қорғаушының аштық жариялау ниеті туралы мәлімдемесі әсер етуі мүмкін.
Вадим Курамшиннің адвокаттарының шағымы бойынша өткен Жоғарғы сот отырысы. Астана, 25 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Вадим Курамшиннің адвокаттарының шағымы бойынша өткен Жоғарғы сот отырысы. Астана, 25 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Адвокат Дмитрий Барановтың Азаттыққа айтуынша, соңғы алты айда ешқандай жазаға тартылмаса, онда Вадим Курамшиннің дағдылы режимге ауыстырылуына толық мүмкіндігі бар. Бірақ адвокат «түрме әкімшілігі жасап жатқан арандату әрекеттері Курамшиннің дағдылы режимге ауысуына бөгет болуы мүмкін» деп алаңдайды.

«Курамшин өзіне жасалып жатқан психологиялық қысымның жүйелі сипат алғанын айтты. Оның айтуынша, дағдылы режимге ауысу-ауыспауын Ақорда (президент әкімшілігі – ред.) шешеді. Жергілікті қылмыстық атқару жүйесі департаменті, республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті - бәрі соларға тәуелді ғой» дейді Курамшинмен осыдан бірнеше апта бұрын кездескен адвокаты Дмитрий Баранов.

Адвокаттың сөзінше, бұған дейін түрме әкімшілігі «Вадим Курамшинді басқа сотталушылар алдында жеккөрінішті ету үшін» қамаудағылардың барлығына туыстарына хабарласуға және теледидар көруге тыйым салған. Қорғау тарабы облыстық прокуратураға шағымданғаннан кейін оған Курамшинмен екі минут телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік берген.

«Заң бойынша сотталушылардың айына бір немесе екі рет хабарласуларына құқығы бар. Бірақ телефонмен сөйлесу ұзақтығы шектелмеген. Ал Курамшинге екі-ақ минут беріп, үзіп тастаған. Курамшиннің айтуынша, түрме қызметкерлері одан бас иіп, хабарласуға мүмкіндік беруін сұрап жалынғанын күтеді. Ал бірақ Вадим ондайға бармай, тек заңдарға сүйеніп, арыз жазып шағымданады» дейді адвокат.

2013 жылдың аяғында да Вадим Курамшин өзіне қарсы дәл осындай әрекеттер жасалды деп шағымданған еді.

ТҮРМЕ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Әйткенмен ЕС 164/4 қатаң режимдегі колония бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Рүстем Рахметов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында құқық қорғаушыға «психологиялық қысым жасалып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Оның айтуынша, қазір Курамшинді дағдылы режимге ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Хиджаб киюге тыйым салуға қарсы митинг өткізетіндерін хабарлап отырған бастамашыл топ. Сол жақтан санағанда екінші отырған - құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Астана, 28 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Хиджаб киюге тыйым салуға қарсы митинг өткізетіндерін хабарлап отырған бастамашыл топ. Сол жақтан санағанда екінші отырған - құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Астана, 28 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Сотталушының қатаң режимде жазасын өтеу мерзімі наурыздың 28-і күні аяқталған. Бір айдың ішінде жасақ бастығы мекеме ішінен құрылған комиссияға оның мінездемесін көрсетеді. Сотталушының тәртібін, айыппұлдарын, барлығын қараймыз. Сотталушы жаза өтеу тәртібін бұзбауы керек. Оны дағдылы режимге шығаруға бола ма, болмай ма, сол бойынша комиссия мүшелері шешім шығарады. Комиссия шешімі шыққан күннен бастап, дағдылы жағдайға ауыстырамыз» дейді ол.

Рүстем Рахметовтің сөзінше, наурыздың 31-іне дейін Курамшинге ешқандай дисциплинарлық жаза тағайындалмаған.

Адвокат Дмитрий Барановтың айтуынша, комиссия шешімі бірнеше апта ішінде белгілі болып, Курамшин мен оның заңды өкіліне тапсырылуы тиіс. Егер сотталушы шешіммен келіспесе, жергілікті прокуратура мен сотқа жүгінуге құқығы бар.

Түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметі арқылы танылған қоғамдық белсенді Вадим Курамшин 2012 жылғы желтоқсанда «бопсалау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 12 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Курамшин қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы жұрт «Жамансопка» деп атап кеткен тәртібі қатал ЕС 164/4 түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Вадим Курамшин Адам құқығы саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың 2013 жылғы иегері атанған еді. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны «саяси және ар-ұждан тұтқыны» деп таныған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG