Accessibility links

Олимпиада кезінде байқалған екі алуан «ұлтшылдық»


Лондон олимпиадасының чемпионы, қазақстандық боксшы Серік Сәпиев Қазақстан туын ұстап тұр. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы, қазақстандық боксшы Серік Сәпиев Қазақстан туын ұстап тұр. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.

Олимпиадада Қазақстан жеті алтын, бір күміс, бес қола алды. Бұл - елдің спорт тарихындағы ірі жеңісі. Ал мамандар осы тұста Қазақстанда «этникалық» және «азаматтық» ұлтшылдық қатар байқалды дейді.

Саясаттанушы Рүстем Қадыржанов олимпиада кезінде елде «азаматтық ұлтшылдықтың» айқын белгілері байқалғанын айтты.

«АЗАМАТТЫҚ ҰЛТШЫЛДЫҚ»

Яғни, Қазақстан тұрғындары жүлде алған спортшылардың ұлтына назар аудармай, олар әкелген жүлделерге риясыз қуанып, ортақ жеңіс ретінде қабылдады.

– Азаматтық ұлтшылдық - адамдардың этникалық белгілері емес, құжаты (азаматтығы - ред.) бойынша тұрғылықты мекеніне қарай бірігуі. Олимпиада Қазақстанда осы азаматтық ұлтшылдықтың бар екенін көрсетті, - дейді Рүстем Қадыржанов.

Олимпиада кезінде британдық BBC ақпарат құралының орыс қызметі «Қазақстан қоржынында алты алтын болса да, жүлдегерлер арасында мемлекет құрушы ұлт өкілінің жоқтығына өкініш барын» да жазды.
Лондон олимпиадасының жеті алтын алған чемпиондар: Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин, Ольга Рыпакова, Серік Сәпиев. Суретті дайындаған Анса Мұстафа, 13 тамыз 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының жеті алтын алған чемпиондар: Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин, Ольга Рыпакова, Серік Сәпиев. Суретті дайындаған Анса Мұстафа, 13 тамыз 2012 жыл.


Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі талқылауларда мұндай сипаттағы пікірлер аракідік кездескенімен, оларды «азаматтық ұлтшылдық» сипатта жазылған пікірлер екпіні басып кетті. «Жікшілдіктен мезі болған» кейбір қолданушылар «Олимпиаданың арқасында тұтас ұлт екенімізді сезіне алдық» деп ағынан жарылды.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов әлеуметтік желіде «Олимпиада жеңістері қазақстандықтарды біріктірді, біртұтас ұлт екенімізді сезінуге мүмкіндік берді. Енді қоғам адам құқығы, саяси жүйені демократизациялау мен біртұтас азаматтық ұлт ретінде қалыптасу ісінде жеңіске жету үшін күш біріктіруі қажет» деп жазды.

Журналист, белсенді интернет қолданушысы Жұлдыз Әбділдә Facebook-та «Алтын алғандардың арасынан қандастарымызды іздеп жатқандарды түсінбеймін. "Не ексең, соны орасың" деген дұрыс, әркім өзінің еңбегіне қарай алып жатыр. Біздің қазекеңдердің жалқаулығы басым екені, сосын таза қазақтардың арасында (жаттықтырушылар) сыбайластық басым екені де өтірік емес. Әйтпесе алтын алуға қабілетті балуандарымыз, боксшыларымыз аз емес...Сондықтан, "неге қазақтар емес?" деген ақымақ сұрақтан аулақ болайықшы!» деп жазды.

Олимпиада кезінде әлеуметтік желілердегі мұндай мазмұндағы жазбалардың өте көп болғаны белгілі.

ЭТНИКАЛЫҚ ҰЛТШЫЛДЫҚ НЕМЕСЕ «ПАСПОРТ ДАУЫ»

2009 жылы паспорттан ұлт графасының алынып тасталатыны белгілі болған кезде қоғамда әжептәуір пікірталас туды. Ол дауда әсіресе «Бұл - қазақ ұлтын жоюға бағытталған әрекет» деген зиялы қауым өкілдерінің даусы қаттырақ естілді.

«Егер бәрі де паспортқа қарап тұрса, онда жүзімізді де, құдайға деген сенімімізді де, тіпті нәсілімізді де паспортқа жазайық» деп «ұлтқа» бөлінуге қарсы шыққандар да кездесті.
Қазақстан тұрғынының орыс тілінде жазылған төлқұжаты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан тұрғынының орыс тілінде жазылған төлқұжаты. (Көрнекі сурет)


Бір мемлекетте этникалық ұлтшылдық пен азаматтық ұлтшылдықтың қатар көрінуін кейбір мамандар «Қазақстан қоғамында «ұлт ұғымына» қатысты «дуалистік көзқарастың» әлі қатар өмір сүріп келе жатқандығымен түсіндіреді.

Мәселе «қазақ» және «қазақстандық» ұғымдары туралы пікірталастан шығады.

– Біздің үкіметіміз ұлттарға байланысты қарама-қайшы саясат ұстанып отыр. Бір жағынан ол ұлтаралық татулық пен келісімге үгіттеп, «қазақстандық ұлт» болуды мақсат етеді. Сонымен бірге, кей кезде қазақ ұлтшылдығын да демеп, қолдап отырады, - дейді ғалым Рүстем Қадыржанов.

«ҚАЗАҚ» АТАУЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҰҒЫМҒА АЙНАЛУЫ

Саясаттанушы Айдос Сарым бұл екі мысалдан да (олимпиада кезіндегі «ұлтшылдық» түрлері мен паспорт дауы – ред.) ешқандай қайшылық көрмей тұрғанын, «қазақ» атауының азаматтық ұлтты білдіретін ұғымға айналып келе жатқанын айтты.

– Қазақстанда бір ғана ұлт бар. Ол - қазақ ұлты. Бұл - тек бізге ғана тиесілі этникалық көрсеткіш емес, оны тұтас мемлекет атауы ретінде қарастырайық. Шетелдің журналисі яки саясаттанушысы Қазақстаннан шыққан әрбір азаматты «қазақ» дейді. Демек осындай дуализммен қазақтың өзі «ауырып» жүрген сияқты. Осындай кезде өзіне тиімдісін алады да, қалған уақытта бөлуге де, басқаға да бармыз. Оны мойындауымыз керек, - дейді Айдос Сарым.
Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.


Сарым «қазақстандық» ұғымы 10 жылдан кейін «қазақ» ұғымына орын беріп, толықтай жойылады деп есептейді.

«Біз - әлі күнге дейін өз атауымызды таба алмай отырған мемлекетпіз» деген саясаттанушы Дос Көшім мұндай екіжақтылыққа ұрынуға мемлекеттің дұрыс аталмауының да үлес қосқанын айта кетті.

– Өткен ғасырдың 30-жылдары «Қазақстан» деген жасанды атау пайда болды. Оған дейін «Қазақстан» деген сөз болған жоқ. Егер біз Қазақ республикасы, Қазақ мемлекеті деп аталсақ, мұндай проблема болмас та еді. Біз қазақ мемлекеті десек, Ильин да, Чиншанло да еш уақытта «мен ондай емеспін» деп айтпас еді. Әңгіме өзіміздің сол қазақ мемлекеті сөзінен қорқатынымызда. Бұл - ең қорқынышты нәрсе. Менің түсінбейтін нәрсем де - осы, - дейді Дос Көшім.

АССИМИЛЯЦИЯ

Ұлт мәселесін көп жылдардан бері зерттеп жүрген саясаттанушы Рүстем Қадыржанов азаматтық ұлттың пайда болуының тиімді сценарийі – «халықтың бір тілде сөйлеуі» дейді.

– Ол үшін «мәдени ассимиляция» болуы керек. Мысалы түріктерді алайық. Түркияда этникалық тегі басқа ұлттардың бәрі түрікше сөйлейді. Оларды тіл біріктіріп тұр. Польшада бұрынғы украиндер, беларусьтер бар. Олардың бәрі полякша сөйлеп, поляк болып кетті. Бізде де солай болуы керек. Қазақ тілі мен мәдениеті бәріне ортақ бола алуы керек. Сонда тұтас ұлт боламыз, - деді Рүстем Қадыржанов.
Түркияда басқа ұлттар түрікше сөйлейді. Тіл біріктіріп тұр. Польшада бұрынғы украиндер, белорусьтер поляк болып кетті. Бізде де солай болуы тиіс.

Оның айтуынша, ең әуелі қазақтардың өздері жүз пайыз қазақ тілінде сөйлеуі керек. Сонда өзге ұлттар қазақ тілінде сөйлей бастайды. Бізде алғашқы кезеңнің белгілері бар. Яғни, жер-су аттары қазақшаланып жатыр. Алайда «бұл - ұзақ процесс».

Ғалым Айдос Сарым сияқты 10 жылдан кейін «қазақстандық ұлт» ұғымы жойылады деп кесіп айта алмайтынын, бәрін уақыт көрсететінін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG