Accessibility links

Азаматтық белсенді Цуканов полициямен соттасып жатыр


Андрей Цуканов, азаматтық белсенді. Алматы, 12 мамыр 2014 жыл

Андрей Цуканов, азаматтық белсенді. Алматы, 12 мамыр 2014 жыл

Андрей Цуканов «тұтқындалу кезінде моральдық зиян шектім» деген уәжбен Алматы полициясынан өтемақы талап етеді.Полиция қарсы дәйек-уәж келтіруге дайын емес болып шықты.

Мамырдың 12-сі күні Алмалы аудандық сотында белсенді Андрей Цукановтың Алматы қаласы ішкі істер департаментіне (ІІД) қарсы талап-арызын қарау жауапкер өкілінің кешігуіне байланысты шамамен бір жарым сағатқа кеш басталды. Кешігіп келген полиция заңгері Серік Етекбаев соттан іске қатысты материалды алмағанын айтып, сол себепті талап-арызды қайтарып алуды сұрады.

Азаматтық белсенді Андрей Цуканов Алматы қаласы полициясымен ақпанның 20-сы күнгі тұтқындалуына байланысты соттасып жатыр. Полицейлер тұтқындауға негіз ретінде бір адам қаза тапқан жол апатына кінәлі әуесқой көлік жүргізуші Мақсат Үсеновтің арызын атаған.

Ол кезде Цуканов басқа әкімшілік айыптар бойынша 18 тәулікке қамалған болатын.

"Полицияға қарсылық көрсетті" деген желеумен 15 тәулік, ал бетіне «Масқара сот!» дегенім үшін судья тағы 3 тәулік қосып берді. Ал мені қатаң жазалауды өтінген Мақсат Үсеновтің арызы бойынша ресми түрде жазалаған жоқ" дейді Андрей Цуканов.

Цукановтың болжамынша, полицейлер оны Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтің ақпанның 20-сы күні қала тұрғындарымен өткізген кездесуіне жібермеуді көздеп тұтқындаған.

Белсендінің айтуынша, полиция бөлімшесінде полицейлер оған күш көрсеткен. Ол Алматы қаласы ішкі істер департаментін «моральдық зиян келтіргені үшін» жауапқа тартуды талап етеді.

Оның пікірінше, полицейлер конституция мен адам құқығы мен еркіндігі туралы халықаралық құжаттарда кепілдік берілген азаматтық құқығын бұзған. Андрей Цуканов өтемақы ретінде өз пайдасына Алматы қаласы ІІД-нен бір миллион теңге (5,5 мың долларға жуық) өндіріп беруді сұрайды.

Жауапкердің өкіліне сот процесіне дұрыс дайындалып келуді ескерткен судья Нұркен Жексембиев келесі сот отырысын мамырдың 13-іне, сейсенбіге белгіледі.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG