Accessibility links

«Жеті құрлықтағы жеті шыңға түгел шықсам»


Аконкагуа шыңына шыққан қазақ альпинисі Сапфира Канаева Қазақстан туын ұстап тұр. Жеке мұрағаттағы сурет.
Аконкагуа шыңына шыққан қазақ альпинисі Сапфира Канаева Қазақстан туын ұстап тұр. Жеке мұрағаттағы сурет.

Альпинист Сапфира Канаева жуықта Аргентинадағы 6962 метрлік Аконкагуа шыңын бағындырды. Қазір Мәскеуде тұратын қазақстандық альпинист Азаттық тілшісіне енді қай шыңға шығатынын айтты.

Ол әр құрлықтағы ең биік жеті шыңның үшеуіне – 5895 метрлік Килиманджароға (Танзания), 5621 метрлік Эльбруске (Ресей), 6962 метрлік Аконкагуаға (Аргентина) шықты.

Сапфира Канаева Азаттық тілшісіне берген сұхбатында биылғы жылдың басында Аконкагуаға шыққан сапары жайлы, алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі.

Азаттық: – Аргентинаға жалғыз сапар шектіңіз бе?

Сапфира Канаева: – Аконкагуа шыңына шығатын альпинистер тобын аргентиналық гид Улисс Корвалан басқарды. Топта АҚШ-тан – төрт, Гватемала, Жаңа Зеландия, Аргентина, Қазақстаннан бір-бір алпинист болды. Гватемалалық қыз Аконкагуаға екі рет, аргентиналық қыз бір рет талпыныс жасап шыға алмағандарын айтты.

Шыңның ортасына келгенде тісім ауырып, қайта қалаға түстім. Тісімді емдеткен соң топты қуып жетіп, сапарымды жалғастырдым. Шыңға шығайын деп тұрғанда
Сапфира Канаева (сол жақта) Эльбрус шыңында.
Сапфира Канаева (сол жақта) Эльбрус шыңында.
гватемалалық әріптесім менен жаттығу әдісімді сұрады. «Еш жаттығу жасамаймын» дегенімде олар шыңның басына шығатыныма күмән келтірген еді. Ал мен шыңға бірінші талпыныстан шыққаныма қуандым. Әр шыңға шыққан сайын қаймақ пен қою сүт (сгущенка) ішемін – сол маған күш береді.

Азаттық: – Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Сапфира Канаева: – Әлем құрлықтарындағы ең биік жеті шыңның үшеуін бағындырдым. Енді Папуа – Жаңа Гвинеядағы Пунчак-Джая (4884 метр), Аляскадағы (АҚШ) Мак-Кинли (6168 метр) шыңдарына шықсам деймін. Бұл шыңдарды бағындыру қиын. Сондықтан қаймақ пен сүттен бөлек жаттығу да қажет. Қазір дайындалып жүрмін. Күніне бес шақырым жүгіріп, велосипед тебемін. Бос уақытымның барлығын жаттығу залында өткіземін.

Папуа – Жаңа Гвинеяда этнографиялық-ғылыми жұмыстар жүргізгім келеді. Қазір Қазақстандағы арнайы институттармен келісім-шарт жасасып жатырмын. Бұл сапарларым сәтті өтсе, одан кейінгі мақсатым Эверест (8848 метр, Непал) пен Винсон шыңы (4897 метр, Антарктида) болмақ.
Сапфира Канаева Килиманджаро басында тұр.
Сапфира Канаева Килиманджаро басында тұр.
Азаттық: – Әр сапарыңызға қанша қаржы жұмсайсыз?

Сапфира Канаева: – Аргентинадағы Аконкагуа шыңына шығу үшін 18 мың доллар кетті. Қаржыны өзім жинап, біразын демеушілерден алдым. Папуа – Жаңа Гвинеядағы Пунчак-Джая шыңына сапарыма – 25 мың доллар, Аляскадағы Мак-Кинли шыңына сапарыма 15 мың доллар қажет. Қазір осы қаржыларды табу үшін ірі компаниялармен сөйлесіп жатырмын. Ал Эверестке шығу үшін 70 мың доллар керек.

Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет. Сапарларыңыз сәтті болсын!
XS
SM
MD
LG