Accessibility links

Ауылдағы пошта жылжымалы қызмет көрсетуге көшеді


Бектау ауылындағы әкімдік кеңсесінде орналасқан пошта бөлімшесі. Ақмола облысы, 7 мамыр 2012 жыл.
Бектау ауылындағы әкімдік кеңсесінде орналасқан пошта бөлімшесі. Ақмола облысы, 7 мамыр 2012 жыл.

«Қазпошта» халық саны мың адамға жетпейтін ауылдардағы пошта бөлімшелерін жабуды жоспарлап отыр. Енді ол жерлерге жылжымалы пошта қызмет көрсетеді.

Қарағанды облысындағы Көксу ауылының өз есімін атамауды өтінген тұрғыны поштаның жарты жыл бойы жұмыс істемегенін айтады. Оның айтуынша, бұрын пошташы болмапты, қазір адам табылып, пошта түске дейін жұмыс істейді.

ДҮКЕНДЕГІ ПОШТА

Көксудағы бұл пошта бөлімшесі ауылдағы дүкеннің бір бөлмесінде жұмыс істеп келген. «Келешекте жеке пошта үйін салып береміз» деген уәде берілген екен.

Ауыл тұрғынының сөзіне қарағанда, бұрынғы пошта үйінен дүкен ашып, поштаны енді әкімдікке көшіріпті. Хат-хабарды әкімдікке әкеліп, сол жерден тұрғындарға таратады.

- Бұрын коммуналдық қызметтің ақысын төлеу үшін немесе зейнетақы алу үшін жұрт әкімдікке баратын. Жалақыны тиісті адамдар келіп таратып, коммуналдық қызметтің ақшасын қабылдайтын. Зейнетақы аударатын карточкасы жоқ болғандықтан, үлкен кісілер зейнетақыны да әкімдіктен алатын. Енді (пошта жабылса - ред.) бәрі басқаша болатын шығар, - дейді Көксу ауылының тұрғын әйелі.

ДЕПУТАТ САУАЛЫ

Парламент депутаты Айгүл Нұркина былтыр желтоқсан айында Қазақстан премьер-министріне арнайы сауал жолдаған еді.

Ол «Қазпоштаның» ауылдық жердегі бөлімшелерін оңтайландыру жөніндегі бағдарлама туралы бұйрығына сілтеме жасай отырып, 2015 жылға дейін Қазақстан ауылдарында 1 мың 379 пошта бөлімшесінің жабылу мәселесін көтерген еді.
Бектау ауылындағы әкімдік кеңсесінде орналасқан пошта бөлімшесі. Ақмола облысы, 7 мамыр 2012 жыл.
Бектау ауылындағы әкімдік кеңсесінде орналасқан пошта бөлімшесі. Ақмола облысы, 7 мамыр 2012 жыл.

Сауалда «Бұл жағдайға ұлттық пошта операторына жүктелген әлеуметтік маңызды қызметтерді көрсетуге мемлекет тарапынан қаржылық көмектің жоқтығы себеп болып отырғаны» айтылды.

Айгүл Нұркинаның айтуынша, «Қазпошта» ауылды жердегі пошта бөлімшелерін екі-екі жарым мың адам тұратын елді мекендерде ғана қалдырмақ. Депутаттың пікірі бойынша, ауылдағы пошта бөлімшелерін жабу салдарынан әлеуметтік теңсіздік орнап, ауылда тұру өте қолайсыз болады.

«Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылды жерде тұрады. Ел азаматтарының басым бөлігі халық саны екі мың адамға жетпейтін ауылдарды мекендейді. Енді олар пошта қызметімен қатар пошта арқылы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет түрлерінен де айырылатын болды. Жалақы, зейнетақы және жәрдемақы алу, коммуналдық қызметтің ақысын төлеу, ақша аудару, депозит ашу, зейнетақы қорларындағы есеп-шоттарымен жұмыс істеу, хат-хабар алмасу, бандероль, сәлем-сауқат алу-жіберу, мерзімді басылымдарды жаздырып алу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтерге қол жеткізе алмайтын болды» деп жазды Айгүл Нұркина өз сауалында.

«ҚАЗПОШТАНЫҢ» ЖАУАБЫ

«Қазпошта» акционерлік қоғамының мамандары Азаттық тілшісіне таяу уақытта халқының саны бір мыңға жетпейтін, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердегі пошта бөлімшелері ғана жабылатынын айтты. Оның арасында техника қауіпсіздігі талаптарына сай емес ғимараттарда орналасқан пошта бөлімшелері де бар. «Қазпошта» «әлі белгісіз» деген уәжбен қанша пошта бөлімшесі жабылатыны жөніндегі нақты цифрды атамады.

«Қазпошта» енді ауыл тұрғындарына жылжымалы (автомобильді) пошта бөлімшелері арқылы аптасына екі рет қызмет көрсетпек. «Зейнетақы, жәрдемақы алу, ақша аудару және коммуналдық қызметтің ақысын төлеу сияқты қызметтер пошта бөлімшелері жабылған соң да көрсетіле береді» дейді «Қазпошта» мамандары. Алайда бұл міндеттердің кімге жүктелетіні әлі белгісіз.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG