Accessibility links

Киімнің сапасы мен жарнамасы қатар айтылады


Киім қарап тұрған клиент. Қарағанды, 14 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Киім қарап тұрған клиент. Қарағанды, 14 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сатушылар мен тұтынушылар қазақстандық киімдердің сапасына сене бермейді. Ал өндірушілер «біздің өнім шетелдікінен кем емес» дейді.

Алматылық Фериде есімді тұрғын Қазақстанда өндірілген киімдерді кигісі келетінін, бірақ жергілікті өнімдер көңілінен шыға бермейтінін айтады.

– Бұрындары Совет Одағы тұсында бізден шыққан өнімдер өте сапалы болатын. Қазір бізде ондай киімдер жоқ. Енді-енді қолға алып, жаңадан тігіп жатқандықтан сапасы да онша емес әрі аз. Сондықтан сырттан, онда да Қытай мен Қырғызстаннан келетін киімдерді сатып алуға мәжбүрмін, – дейді ол.

«КИІМ – ҚЫРҒЫЗСТАН, ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯДАН»

Көлек киіп көріп жатқан әйел. (Көрнекі сурет)
Көлек киіп көріп жатқан әйел. (Көрнекі сурет)

Алматының орталығындағы «Көк базардағы» киім сататын орындарды түгел аралап шыққан Азаттық тілшісі Түркия мен Қырғызстан және Қытайда тігілді делінген киімдерді ғана көрді.

– Сырттан келетін киімдерге ол елге барып келетін жол шығындарымыз бен ішіп-жемімізді қосамыз. Оның сыртында кедендік салық бар. Бәрін қоса есептегенде тауардың бағасы екі есеге жуық қымбаттап кетеді, – дейді сол базардағы шетелдік киімдерді сатушылардың бірі Гүлниса.

Ол «бұл киімдер Қазақстанда жасалса, арзан болар еді» деп біледі.

Қаладағы киім дүкендерінің бірінің сатушысы Жанар «Қазақстанда киім тікпейді, тігілмейді де сапасы сенімсіз» деп ойлайды.

– Сондықтан алушылар арзан киім іздесе – Қырғызстан мен Қытайдан әкелген, ал сапалы киім алғысы келсе – Түркияда тігілген киімдерге ұмтылады. Өзім де тек Түркияда тігілген киімдерді аламын. Базарда тұрған алты жылымда Қазақстанда тігілген киімді ұсынған ешкім болмапты, – дейді ол.

Жанар өзі қызмет ететін дүкеннің иесі де аларманның ыңғайына қарап, тауарларды Түркиядан әкелетінін айтады.

«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН» ДЕСЕҢ, БӘРІ БАС ТАРТАДЫ»

Тұрғындардың Қазақстанда тігілген киімдерді алуға құштар емес екенін елдегі киім тігуші цехтардың бірінің иесі Насим де айтады.

– Неге екенін білмеймін, «Қазақстанда жасалған» десең болды, базардағы сатушылардан бастап бәрі бас тартады. Оларға бізде тігілген киімнен гөрі Қытай мен Қырғызстаннан әкелген киімдерді сату тиімдірек. Бірақ себебін біле алмадым, – дейді Насим.

Жұмыс және спорттық киімдерді, ерлер мен әйелдердің сырт киімдерін тігетін Насим «маталарды Түркиядан әкелеміз, мастерлерім де сол елден келген» дейді.

Тігіншілерім ғана – қазақстандық қыз-жігіттер. Киімдеріміз тігілуі мен сапасы жағынан Түркияда өндірілген өнімдерден кем емес... өнімдерімді түркиялық компания логотипін жапсырып сатуға мәжбүрмін.

– Тігіншілерім ғана – қазақстандық қыз-жігіттер. Киімдеріміз тігілуі мен сапасы жағынан Түркияда өндірілген өнімдерден кем емес. Сонда да сатушылар алмағандықтан өнімдерімді түркиялық компанияның логотипін жапсырып сатуға мәжбүрмін, – дейді кәсіпкер.

Бірақ Насимнің «Қазақстанда тігілген киімді алуға ешкім құштар емес» деген сөзімен келіспеушілер де бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы тігін компаниясының менеджері Жанар Сәрсенбаева тауарлары биыл жаздан бастап жақсы өте бастағанын айтады.

– Ерлер костюмі мен шалбар, оқушыларға арналған мектеп формасын тігеміз. Доллар бағамы өскенімен біздің тауарлардың бағасы былтырғы күйінде қалды. Содан болар, биылғы саудамыз жақсы, – дейді Жанар Сәрсенбаева.

"Қазақстанда жасалған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

ЖАРНАМА

Психолог Бақытгүл Әбдіраманованың пікірінше, Қазақстанда тігілген киімдердің сұранысқа ие болмауына сапасынан бұрын жарнамасының кемшіндігі себеп.

– Адам психологиясына ең бірінші әсер ететін – жарнама. Өз басым осы уақытқа дейін қазақстандық өнімді көрмеппін де естімеппін. Қай жерде тігетінін, қайда сататынын да білмеймін. Сол себепті тауарға жарнама жасай білу керек, – дейді Бақытгүл Әбдіраманова.

Қазақстанда жергілікті өнімдерді жарнамалау жайы билік тарапынан да жиі айтылады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл ақпанның 11-і күні үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғындарды отандық өндірушілерді қолдауға, отандық тауарды сатып алуға шақырған. Бұдан кейін іле-шала «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы «Қазақстанда жасалған» акциясын бастап, тұрғындарды отандық тауарды сатып алуға үгіттеуге кіріскен.

Президент Назарбаев қазақстандық өнімдерді биыл қыркүйектің 17-сі күні Атырауда батыс облыстардың әкімдерімен кездесуі кезінде де насихаттаған. Ол: «Қазақстанда тігілген костюм киемін, аяқ киімім де өз елімізде тігілген. Өзіміздің жеңіл өнеркәсібімізге осылай жарнама жасаймын» деп мәлімдеген.

Азаттық тілшілері ел президентінің осы сөзінен кейін Астанадағы базар мен сауда орталығын аралап, Қазақстанда шыққан киім-кешекті іздеп көрген еді.

КӨРІҢІЗ: Қазақстанда тігілген киімдер

Қазақстанда тігілген киімдер
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:38 0:00

XS
SM
MD
LG