Accessibility links

Құлаған үй тұрғындары әділ өтем сұрайды


Жаңадан салынған Бесоба ықшамауданындағы құлаған үйді полицей күзетіп тұр. Қарағанды, 7 сәуір 2012 жыл.

Жаңадан салынған Бесоба ықшамауданындағы құлаған үйді полицей күзетіп тұр. Қарағанды, 7 сәуір 2012 жыл.

Қарағандыдағы «Бесоба» кешенінде үйдің құлау себептерін тергеп жатқан арнайы комиссияның жұмысы сәуірдің 20-сына дейін ұзартылды. Ал қала әкімі баспанасыз қалғандарға екі айдан кейін үй беріледі деп мәлімдеді.


Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев баспанасыз қалған «Бесоба» тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселесін шешу жолдарын түсіндірді.

КЕЗДЕСУ

- Алдын-ала жоспар бойынша сіздерге баспана өз аудандарыңыздан беріледі. Шамамен екі айдан кейін. Ал үйдің жөнделуі мен дүние-мүлік сынды жайттарды біз ескермейміз, - деді әкім сәуірдің 11-і күні кешке тұрғындармен кездесуде.

Ол «үй алдымен мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғандарға берілетінін» айтты. Бұл - қираған 65 пәтердің 17-сі.

- Ал үлескерлер мен өз қаржысына сатып алған азаматтар кейінірек алады, - деді әкім.

Әкімнің бұл сөзіне жиналғандардың көпшілігі наразы болды. Пәтерді несие арқылы немесе өз қаржысына сатып алған азаматтар кезектері нақты қашан келетінін сұрады.
Қарағанды қаласындағы қирау алдында тұрған тұрғын үй. Қарағанды, 5 сәуір 2012 жыл.

Қарағанды қаласындағы қирау алдында тұрған тұрғын үй. Қарағанды, 5 сәуір 2012 жыл.


- Алдымен құжаттарды мемлекеттік бағдарлама бойынша алғандарға жасаймыз, себебі оларға үйді біз - мемлекет бергенбіз. Жалпы барлығыңызға екі айдың ішінде үй береміз, - деді әкім Бауыржан Әбдішев.

Ал бұл уақытта үйсіз қалған 65 пәтердің иелері уақытша берілген баспанада тұруға мәжбүр. Алайда тұрғындардың айтуынша, ол үйлерде жағдай жоқ.

- Пәтер етіп жасалынған бұрынғы жатақхана. Қалай болса солай жөндеген. Оған да көз жұматын едік, бірақ едені мен қабырғасында түк жоқ. Тіпті жарық пен суы да жоқ, - деді баспанасыз қалған тұрғындардың бірі Азаттыққа.

Әкімнің айтуынша, "16 ықшам аудандағы 25-үй – жаңа, өткен жылдың аяғында ғана пайдалануға берілді. Ол жақта өзге де тұрғындар тұрып жатыр".

Алайда тұрғындар, ол үй орналасқан Майқұдық – Қарағандыдағы криминалды аудандардың бірі екенін айтып жатты.

ШАРШЫ МЕТРДІҢ ДАУЫ

Тұрғындардың айтуынша, «Бесобадағы» құлаған үй пәтерлерінің аумағы үлкен, элиталық үйлер санатына жатады. Бұл үйлердегі бір бөлмелі пәтердің ауданы - 54, екі бөлмелі пәтер - 74, ал үш бөлмелі пәтер 100 шаршы метрге жуықтайды.

Атын атамауды өтінген тұрғын 2 бөлмелі үйінен айырылғанын айтады. Енді ол 74 шаршы метрлік баспана не болмаса дәл сол шаршы метрдің ақшасын қайтаруды талап етеді. Оның айтуынша, қалада өздерінікі сияқты үй жоқтың қасы. Сәуірдің 12-сі Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғын:

- Біздің білуімізше, қалада біздікі секілді шаршы метрі үлкен үйлер жоқ. Ал әкім шаршы метріне назар аудармай, тек бөлмесіне қарай баспана беретіндіктерін айтады. Мәселен, бір бөлмелі үйден айырылдың ба - бір бөлмелі пәтер ғана береді. Ал оның шаршы метрі аз болып қалуы мүмкін ғой. Біз 10-20 шаршы метрден қағылып қаламыз, - деді.

Майқұдықта берілген уақытша баспанаға көңілі толмаған сұхбаттасымыз қазір қалада 1 бөлмелі пәтерді 60 мың теңгеге жалдап тұруға мәжбүр екенін айтады. Себебі 4 жасар баласының жағдайы үшін алаңдайды.

ҮЙДІҢ ҚҰЛАУ СЕБЕПТЕРІН ТЕКСЕРУ

Сәуірдің 6-сы күні Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын кешеніндегі төрт подъезді үй құлаған болатын. Апаттың себептерін тергеп жатқан арнайы комиссияның жұмысы 20 сәуірге дейін ұзартылды.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, «қазақстандық көпсалалы қайта жаңарту және дамыту институтының мамандары «Бесоба» кешенінің басқа үйлерін тексеріп жатыр. Алдын-ала жасалған сараптамалық қорытындыға сәйкес, бұл үйлердің техникалық жағдайы «жалпы алғанда қанағаттанарлық» деп бағаланды. Бұл үйлердегі іргетас отырмаған».
Құлаған үйдің тұрғындары 545 милллион теңге шамасында шығынға ұшыраған. Құлаған пәтерлердің бағасы - 330 миллион теңгеге жуық.
Алдын ала бағалау бойынша құлаған үйдің тұрғындары 545 милллион теңге шамасында шығынға ұшыраған. Құлаған пәтерлердің бағасы - 330 миллион теңгеге жуық.

Тұрғындармен кездесуге келген Қарағанды облысы бойынша арнайы прокурор Зейнолла Сәрсенбеков құлаған үйге қатысты мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің үстінен қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлімі бойынша («Қызметтік өкілеттілікті теріс пайдаланудың ауыр зардаптарға соқтыруы») қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады.

Сонымен бірге «Бесоба» тұрғын кешеніндегі үйлерді салған құрылыс компанияларына қатысты қылмыстық кодекстің 245-бабының 2-бөлімі бойынша («Ауыр зардаптарға соқтырған сапасыз құрылыс») қылмыстық іс қозғалған.

Ал бүгін Қарағанды қаласында "Бесоба" кешеніндегі көп қабатты тұрғын үйді салған "Системпромснаб" құрылыс компаниясының бас инженері тұтқындалды. Бұл туралы жұма күні Азаттық тілшісіне Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Мұхамедкәрім Бектұрсынов хабарлады. Инженер Лятуновскийге үй құрылысын сапасыз жүргізді деген күдік тағылып отыр.

Үйдің құлаған сәті түсірілген видео
(YouTube-тегі zhandos salykov деген қолданушыныкі):
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG