Accessibility links

Жәкішевке қарсы «заңсыз әрекет жасалғаны» хабарланды


Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» компаниясының басшысы кезінде. 2 сәуір 2009 жыл.

Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» компаниясының басшысы кезінде. 2 сәуір 2009 жыл.

«Қазатомпромның» бұрынғы басшысы, ұзақ мерзімге сотталған Мұхтар Жәкішевтің «соққыға жығылғаны» туралы ақпаратқа билік екіұшты жауап береді. Құқық қорғаушылар оның «қатыгездікке ұшырағанын» айтады.

«Қазатомпромның» ұзақ мерзімге сотталған бұрынғы басшысы және жергілікті құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп танитын Мұхтар Жәкішевтің қамауда «соққыға жығылғаны» туралы бейресми мәліметке қатысты қылмыстық атқару жүйесі комитеті Азаттыққа жауап берді. Ал тұтқынмен кездескенін айтқан қарағандылық құқыққорғаушы оған белгісіз біреулердің «қатыгездік көрсеткенін» айтады.

«ЗАҢСЫЗ ІС-ӘРЕКЕТТЕР»

Наурыздың 1-і күні Facebook әлеуметтік желісінде Алматыдан Қарағанды облысындағы түрмеге жақында ғана ауыстырылған «Қазатомпром» ұлттық АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің «соққыға жығылғаны» туралы ақпарат пайда болды.

Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина оған шұғыл түрде дәрігерлердің көмегі қажет екенін жазып, дабыл қаққан болатын.

Наурыздың 4-і күні Азаттыққа жазбаша түрде жауап берген қылмыстық атқару жүйесінің комитеті Мұхтар Жәкішевке қатысты АК-159/6 мекемесі қызметкерлерінің «заңсыз іс-әрекеттері бойынша» деректер тексеріліп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта сотталған М.Е.Жәкішевтың жалпы денсаулық жағдайы салыстырмалы қанағаттандырарлық. Мекеменің медициналық бөлім жағдайында қажетті медициналық бақылаумен және еммен қамтамасыз етілген» деп жазылған жауапта.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті осылайша Жәкішевтің соққыға жығылғанын, я жығылмағанын нақты айтпаған. Бірақ оған қатысты түрме қызметкерлерінің «заңсыз іс-әрекеттерін» тексеру жүріп жатқанын мойындаған.

Азаттық тілшісі Долинкадағы түзету мекемесіне хабарласқанмен әзірге, жауап алу мүмкін болмай тұр.

Наурыздың 4-і күні қазақстандық белсенді Бақытжан Төреғожина Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішеваның халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жазған хатын таратты. Хатта Әйгерім әкесінің түрмеде "соққыға жығылғаны" туралы хабарлайды. Ол соққының іздерін жасыру үшін тұтқынды туыстарымен кездестірмей отыр деп санайды. "Бізге, отбасына ресми түрде оның (Мұхтар Жәкішевтің - ред.) созылмалы пиелонефритке шалдыққанын ғана хабарлады. Әкемнің ешқашан бүйрегі ауырмаған. Бүйрегінен кінәрат шыққаны оны ұрып-соққаннан болды деп сенемін" деп жазылған хатта.

«БЕЛГІСІЗ БІРЕУЛЕР ҚАТЫГЕЗДІК КӨРСЕТКЕН»

Адам құқығы бюросының Қарағанды облыстық бөлімшесінің жетекшісі Юрий Гусаков наурыздың 4-і күні Facebook әлеуметтік желісінде Жәкішевпен кездескенін, мекемеде жұмыс жасамайтын белгісіз біреулердің оған «қатыгездік көрсеткенін» жазды.
7 ақпанда мұнда келгеннен кейін мекемеде жұмыс істемейтін белгісіз біреулер оған қатыгездік көрсеткен.

«14 ақпанда «соққыға жығылды» дегенге келсек – ондай нәрсе болмаған. 7 ақпанда мұнда келгеннен кейін мекемеде жұмыс істемейтін белгісіз біреулер оған қатыгездік көрсеткен» деп хабарлады ол.

Гусаковтың жазуынша, Жәкішев қан қысымы ауруына шалдыққан. Қазір АК 159/6 мекемесінің стационарында ем қабылдап жатыр. Ол туыстарына медициналық тексеріс нәтижесінің көшірмелерін түзету мекемесіне дереу жеткізуі қажет екенін жазған.

Ақпан айында Алматы маңындағы Заречный кентінде түрмеде жазасын өтеп жатқан Мұхтар Жәкішевті Қарағанды облысы Долинкадағы АК 159/6 түзету мекемесіне ауыстырған болатын. Туыстарына оны «түрмеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан ауыстырып отырмыз» деп түсіндірген.

Ал жақындары тиесілі медициналық көмектен қағылып, онсыз да күтім көрмей келе жатқан Жәкішевтің денсаулығы мүлдем нашарлап кете ме деп алаңдаған еді.

Жақындарының жазуынша, қорғау тарабы жақында БҰҰ адам құқығы бойынша комитетіне алғашқы сот процесінде болған заң бұзушылықтарға қатысты шағым түсірген.

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда өзі 1998 жылдан бері басқарған «Қазатомпром» компаниясының басшысы қызметінен алынып, тұтқындалған еді. Қазақстандық саяси тұтқындар: бірінші қатар солдан оңға қарай - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатар солдан оңға қарай - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.

Қазақстандық саяси тұтқындар: бірінші қатар солдан оңға қарай - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатар солдан оңға қарай - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.

2010 жылы наурызда Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты Жәкішевті «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимді колонияда өтеуді бұйырған.

2011 жылдың соңында ҰҚК Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғады. Оған «ірі көлемдегі алаяқтық» және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығын ету» айыбы тағылды.

2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішев тағы да 10 жылға сотталды, бірақ бұл мерзім алдыңғы жазамен «біріктіріліп» түпкілікті шешім - 14 жыл сол күйінше қалды.

Алғашқы сот процесіне бірнеше рет наразылық білдірген Мұхтар Жәкішев екіншісотқа өзі де қатыспаған, адвокаттарына да қатысуға тыйым салған.

Мұхтар Жәкішевтің 2009 жылы аяқ астынан қамауға алынуын тәуелсіз сарапшылар екі түрлі себептен көрген. Алғашқы себеп ретінде оның 2003 жылы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап «кепіл болғандардың» ішінде жүргендігі аталады. Екінші себеп ретінде Жәкішевтің уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, «Қазатомпроммен» серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болғаны айтылады.

Бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары былтыр толықтырған «Саяси тұтқындар» тізіміне Мұхтар Жәкішевті де қосты. Олар бұл шешімге «Жәкішев ісінде» кейіннен жария болған мәліметтер әсер еткенін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG