Accessibility links

Оппозиция желтоқсандықтарды соғыс ардагерлеріне теңеді


Жармахан Тұяқбай, Азат ЖСДП төрағасы. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл

Жармахан Тұяқбай, Азат ЖСДП төрағасы. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл

Жұма күні Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы құрметіне қойылған Тәуелсіздік таңы ескерткішіне желтоқсандықтар, саяси партиялардың өкілдері мен қарапайым азаматтар гүл қойып, құрбандарға тағзым етті.


Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіштің алдына ондаған адам жиналды. Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталған соң, жиналған топ бірден Тәуелсіздік монументіне бет алды. Қол ұстаса жылжыған топ ту ұстап, «Менің Қазақстаным» әнін шырқай отырып, монумент алдына жеткен соң шағын митинг ұйымдастырды.
Желтоқсан оқиғасын еске алушылар. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл


«СОҒЫС АРДАГЕРІНДЕЙ ДӘРЕЖЕ БЕРІЛСІН!»

Жұрт алдына шыққан Мұхтар Шаханов Желтоқсан оқиғасына 2011 жылы 25 жыл толатынын, сондықтан оған осы бастан дайындалу қажет екенін атап өтті.

- Ол жөнінде кітаптар, фильмдер шығарылуы, түсірілуі керек. Міне, осыған бәріміз құлықты болуымыз керек. Қазір біздің осындай ғана мүмкіндігіміз қалды. Егер басқа кезде алаң шығатын болсақ, бізді жауапқа тартады, - деді Шаханов.

Желтоқсандықтар Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығына мемлекет қарайласуы қажет екенін, егер үкімет қол ұшын созбаса, онда 1986 жылы өздері тұрған жатақханаларға қайта жиналып, сол жерден алаңға сол кездегі көшелері арқылы өтіп, әркім өз үйінен әкелген аспен атап өтетіндіктерін айтты.
Желтоқсан оқиғасы құрметіне қойылған Тәуелсіздік таңы ескерткіші. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл

Ал «Азат» ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай 1990-жылдары республика прокуроры болып тұрған кезінде Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталған азаматтардың ақталып шығуына және заңды құқықтарының орнына келуіне көмектестім деген тұрғыда сөйледі.

- Сол кезде қан төгісті ұйымдастырған азаматтар осы уаққа шейін анықталған жоқ. Солардың көзі тірі кезінде оны анықтауға болады. Ол үшін 25 жылдықтың қарсаңында президент, әлде үкімет мемлекеттік-қоғамдық комиссия құруы керек. Неге біз 2011 жылды «Желтоқсан жылы» деп айтпаймыз? Үкімет неге осыған байланысты тиісті шаралар жасамайды? Меніңше, Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға ұлы отан соғысына қатысқан ардагерлермен бірдей дәрежеде статус берілуі керек, - деді Жармахан Тұяқбай.
Желтоқсан оқиғасын еске алу шарасынан бір көрініс. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл

Оппозиция жетекшісінің өзі 1986 жылдан соң толқуға қатысқан жастарды жауапқа тартқан прокурорлардың қатарында болғаны да айтылып қалды. Жармахан Тұяқбайға сөз берердің алдында Мұхтар Шаханов: «Жармахан Желтоқсан кезінде жоғарының тапсырмасын орындады. Басқа лажы жоқ еді», - деп оны ақтай сөйледі.

Оқиғаға қатысушылардың бірі Құрманғазы Айтмұрзаев «Желтоқсан көтерілісіне, міне, 24 жыл толды. Бірақ зиялы қауымға, заңгерлерге, тарихшыларға өкпелеуге қақымыз жоқ. Алайда, үкімет тарапынан әлі күнге дейін бұқтырылып келе жатыр. Енді Желтоқсанның 25 жылдығын халық болып биік деңгейде өткізе алмайтын болсақ, бұл - сүйекке таңба», - деді.

Жиынға қатысқандар әдеттегідей Желтоқсан оқиғасы құрбандарына бағыштап құран оқылған соң бірден тарап кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG