Accessibility links

Қазақстанда «Сотталғандар аналарының комитеті» құрылмақ


Сотталған азаматтың туысы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алдында жылап отыр. Алматы, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Сотталған азаматтың туысы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алдында жылап отыр. Алматы, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Құқық қорғайтын мемлекеттік орындардан да, бейресми ұйымдардан да «қайыр жоқ» деген бір топ ана «түрмеде жатқан туыстарымыздың құқығын енді өзіміз қорғаймыз» деп отыр.


Комитетті құрушылардың бірі Лейла Мухлисованың ағасы 25 жылға түрмеге жабылған. Ол Ақмола облысындағы Аршалы елді мекенінде жатқан ағасын көрмегелі бес жылға жуықтағанын айтады.

«КОЛОНИЯ – БИЗНЕСТІҢ ОРДАСЫ»

– Соңғы рет оны Арқалық түрмесінде осыдан төрт жарым жыл бұрын көрдім. Содан бері кездесе алмай келемін. Тек телефон шалады. Оның отырғанына он жыл болды. Қазір намаз оқиды, ешкімге зияны жоқ. Бірақ ағама қысым жасалады екен. Өздеріңіз білесіздер, колонияның іші – нағыз бизнестің ордасы. Арақ, есірткі дейсіз бе, барлығын сатады, сөйтіп колониядағылар ақша табады. Ал менің ағам сияқтылар, діндарлар оларға пайдасыз, – дейді Лейла Мухлисова.

Ол ағасының жағдайын айтып, қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне, адам құқығын қорғау ұйымына барған екен – «алайда еш көмек болған жоқ» дейді.

– Қазіргі үкіметтік емес ұйымдарды таратып жіберу керек. Олар ешкімге ешқандай көмек көрсеткен емес, көрсетпейді де. Өйткені олар тек қағаз бетінде ғана жұмыс істейді. Мен оны өз тәжірибемнен білемін, – дейді Лейла Мухлисова.

Оның сөзінше, өзі сияқты біреулерден көмек күтпей, үміті үзілгендер көп екен. Жанна Әбдірахманова Степногорск түрмесінде отырған, ВИЧ-ке
Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро басшысының міндетін атқарушы Роза Ақылбекова. 13 желтоқсан 2010 жыл.
шалдыққан ұлының жағдайы нашар екендігін айтып, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроға бір емес, бірнеше рет шағымданғандығын айтады.

– Бірақ ұлым соққыға жығылған қараша айынан бері көмектескен ешкім жоқ, – дейді Жанна Адрахманова.

«АЛҒЫС АЙТУШЫЛАР АЗ ЕМЕС»

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро басшысының міндетін атқарушы Роза Ақылбекова Азаттыққа сәуірдің 14-і күні берген түсініктемесінде өз ұйымын ақтауға тырыспайтындығын айтты.

– Қандай жұмыс істеп жатқандығымызды біз көмектескен сотталушылар біледі. Бізге алғыс айтушылар да аз емес. Ал құрылып жатқан комитетке қатысты айтар болсам, кезінде біздің бюроның жетекшісі Владимир Жовтис «біздің жұмысымызға көңілі толмайтын жандар болса, өздері ұйым құрып, бізден де жақсы жұмыс істесін» деген еді. Сондықтан мен оларға тек сәттілік тілеймін, – деді Роза Ақылбекова.

Ал жаңа комитет сотталған туыстарының құқығын қорғауда бар күшін салатындықтарын айтып отыр.

– Біз әр істе обьективті боламыз. Кез-келген фактіге үңіліп, оның түбіне дейін анықталуын қадағалаймыз. Керек болса, наразылық шараларын да өткіземіз. Әрине оның барлығы заңның шеңберінде болады, – деді Азаттыққа сәуірдің 14-і күні Лейла Мухлисова.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG