Accessibility links

Оппозициялық компартияның тал қармауы


Ленин ескерткіші жанына жиналған Қазақстан коммунистер партиясы өкілдері. Алматы, 7 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ленин ескерткіші жанына жиналған Қазақстан коммунистер партиясы өкілдері. Алматы, 7 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның коммунистік партиясы өзін жабу туралы биыл тамызда шыққан сот шешімін апелляцияға беріп жатыр. Кейбір сарапшылар бұл шешімнің саяси астары бар екенін айтады.

Былтыр күзде басталған тексерістен кейін Қазақстан коммунистік партиясын жабу туралы шешімді Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соты биыл тамыздың 3-інде шығарған еді. Алайда партияның қазіргі жетекшісі Төлеубек Мақыжанов «сот шешімі заңсыз, өйткені партияның орталық аппараты Семейде болғандықтан, сот Семей қаласында өтуі тиіс» деп санайды. Осы апта Алматы қалалық соты партияның апелляциялық шағымын қарап жатыр. Мақыжанов компартия Қазақстанда әділдікке жете алмаса, БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне дейін шағымдануға ниетті.

«ЖАСТАРЫ 90-ға КЕЛДІ»

Қазақстан коммунистік партиясын жабу туралы сот. Сол жақ шетте отырған - партия төрағасы Төлеубек Мақыжанов. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.

Қазақстан коммунистік партиясын жабу туралы сот. Сол жақ шетте отырған - партия төрағасы Төлеубек Мақыжанов. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.

Қазақстанда бірнеше жылдар бойы оппозициялық партия ретінде танылған бұл партияны былтыр, 2014 жылдың күзінен бастап «мүшелерінің саны жеткіліксіз» деген себеппен әділет министрлігі тексеріп, биыл қаңтардың бас кезінде компартия жұмысын үш айға тоқтатқан еді. Сөйтіп үш ай ішінде партия мүшелерінің санын нақтылап, тізімін тапсыруды талап еткен.

Биліктің бұлайша шұқшиюын компартияның кей мүшелері «саяси тапсырыс» деп сипаттағанымен, кейбірі «партия мүшелерінің саны заң талабына сай келмейтінін» айтқан. Компартияның мүшесі Владимир Косяченко:

- Жергілікті жерлерде Коммунистік партия мүшелері жоқ деуге болады. Партия тізімінде тұрғандардың көбі Ресейге, тағы да басқа елдерге кетіп қалды, біразы қайтыс болды. Қалған мүшелерінің жастары 70-тен асып 90-ға келді, – дейді.

Компартияның қазір Семейде тұратын төрағасы Төлеубек Мақыжанов партия мүшелерін қайта есептеп, 58 мың мүшесі бар екенін көрсеткенін, бірақ әділет министрлігі 38 мыңын ғана есепке алғанын айтады. «Саяси партиялар туралы» заң бойынша партия тіркелуі үшін құрамында кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек.

Азаттық тілшісімен сөйлескен кейбір сарапшылар мен саясаткерлер «партия мүшелерін қайта есептеу тек себеп қана екенін, шын мәнінде билік оппозициялық партияны жабуды көздегенін» айтады.

Саясаттанушы Айдос Сарым. Алматы, 14 мамыр 2012 жыл.

Саясаттанушы Айдос Сарым. Алматы, 14 мамыр 2012 жыл.

Саясаттанушы Айдос Сарым компартияны жабу туралы саяси тапсырма түскен болса, онда қазір парламент мәжілісінде өз алдына фракция құрып отырған Владислав Косарев басқаратын «Қазақстанның халықтық коммунистік партиясын» да жабу керек деп санайды.

- Егер шын мәнінде отарсыздануды қаласа, онда қазіргі билік арылу процесінен өткені жөн. Советтік компартияның идеясын жалғастырушы партияларды жауып, кезінде коммунистік партияға қызмет еткен адамдар биліктен аластатылуы қажет, - дейді ол.

2004 жылы Қазақстан коммунистік партиясынан бөлініп кетіп, халықаралық ұйымдар сынаған 2012 жылғы парламент сайлауында 7 депутаттық мандат алған Қазақстан халықтық коммунистік партиясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Владислав Косарев мұндай ой-пікірлерге түбегейлі қарсы. Ол Қазақстан коммунистік партиясының жабылуын «партия жетекшілерінің әрекетсіздігінен» көреді. Оның сөзінше «бұрынғы коммунист президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты да коммунистік идеяға бет бұрып келе жатыр».

Қазақстан халықтық коммунистік партиясы лидері Владислав Косарев.

Қазақстан халықтық коммунистік партиясы лидері Владислав Косарев.

- Назарбаевтың Қазақстан «жалпыға бірдей еңбек қоғамы» туралы бағдарламасы, адам құқықтарының теңдігі және әділетті билік туралы бастамалары коммунистік идея, социализм емес пе? - дейді ол.

Владислав Косаревтің сөзінше, өзі басқаратын халықтық компартия бұрынғы советтік компартияның қылмыстарына жауап бермейді.

«САЙЛАУДА КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕУ ҮШІН ЖАПТЫ»

Ал сот шешімімен жабылып жатқан Қазақстан коммунистік партиясының алғашқы жетекшісі, ардагер оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған «Нұр Отан» партиясының билікті ешкіммен бөліспеу әдеті ғана КПСС-ке ұқсайтынын айтады.

- Компартия халыққа, ал «Нұр Отан» президенттің билігін күшейтуге жұмыс істейді. Мысалы, совет заманында аупартком, обком хатшылары немесе министрлік басшылары сотталғанын естідіңіз бе? Ал қазір күнара біреуі сотталады. Солар жабылып қалған, қолында билігі жоқ компартияның мүшелері емес, бәрі де «Нұр Отанның» мүшелері. Сонда қай партияның жабылғаны дұрыс? - дейді ол.

Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, «билік коммунистік партияны коммунизм идеологиясы үшін емес, алдағы сайлауда кедергі келтірмеу үшін жауып отыр».

Саясаткер Серікболсын Әбділдин (солдан санағанда екінші) мен Ғазиз Алдамжаров (солдан санағанда үшінші) баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 21 қазан 2014 жыл.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин (солдан санағанда екінші) мен Ғазиз Алдамжаров (солдан санағанда үшінші) баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 21 қазан 2014 жыл.

- Компартия билікке өтіп кетеді деп қауіптенбейді, сайлау трибунасын пайдаланады деп қауіптенеді, - дейді ол.

1996 жылы құрылып, 2003 жылы қайта тіркеуден өткен Қазақстан коммунистік партиясына бұрынғы Жоғарғы кеңес төрағасы, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен. 1999 жылы өткен парламент сайлауында партия мәжілістен екі орын иеленген. 2004 жылы партия екіге жарылып, Косарев бастаған бір топ азамат Қазақстан халықтық коммунистік партиясын құрған. Ал Қазақстан коммунистік партиясы 2004 жылғы парламент сайлауында орынсыз қалып, 2007 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан.

2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында Қазақстан коммунистік партиясының қызметіне айлық тыйым салынып, Косарев бастаған Қазақстан халықтық коммунистік партиясы мәжілістің 7 депутаттық орнына ие болған.

2010 жылы Серікболсын Әбділдин өз еркімен Қазақстан коммунистік партиясы жетекшілігінен бас тартып, орнына Ғазиз Алдамжаровты ұсынған еді. 2014 жылы Алдамжаров денсаулық жағдайына байланысты уақытша қызметтен кетіп, жетекшілікті Төлеубек Мақыжановқа тапсырған.

Ескертпе: Осы мақала әзірленіп жатқан кезде Алматы қалалық соты баспасөз қызметі қыркүйектің 17-сі күні кешке судья Жомарт Рүстембековтің қарауымен апелляциялық сот отырысы өтіп, коммунистік партияны жабу туралы алдыңғы сот шешімі күшінде қалғанын хабарлады. Сотқа компартия мүшелері қатыспаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG