Accessibility links

Березовкада оқушылар тағы талып қалды


Березовкада балалар ауруханаға түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:27 0:00

ВИДЕО: Березовкада балалар ауруханаға түсті.

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының сабақта талып қалған алты оқушысы амбулаторияға жеткізілді. Бұл – осы аптада Қарашығанақ мұнай-газ кенішіне жақын орналасқан ауылдағы жаппай улануға байланысты тіркелген үшінші оқиға.

Бүгін Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылындағы ауылдық амбулаторияға орта сыныптарда оқитын алты оқушы жеткізілді. Сабақ үстінде жағдайы нашарлап кеткен оларды мектептен әкелген. Ішінде ес-түссіз бір қыз бала бар ауыр халдегі үш оқушыны улану белгісі бар деген күдікпен жедел жәрдем көлігімен Ақсай қаласындағы аудандық ауруханаға әкетті.

Халі нашар оқушылардың арасында баласы барын естіген Березовка ауылы тұрғыны Елена Фахруддинова жылап, амбулаторияға жүгіріп келген. Бесінші сынып оқушысы Сергей Фахруддинов бір аптада ауруханаға екінші мәрте түскен. Ол – қарашаның 28-і күні ауруханаға улану белгісімен түскен 25 баланың бірі. Жағдайы біраз жақсарған соң ауруханадан шығарған бала бірер күннен кейін денсаулығына қатысты қайта шағымдана бастаған.

Талып қалған оқушыны ауылдық емханаға әкетіп барады. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Талып қалған оқушыны ауылдық емханаға әкетіп барады. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Бұл жолы баланы аудандық ауруханаға жібермей, ауылдық амбулаторияда қалдырған.

Болған жайтқа қатысты комментарий берген кезде жергілікті дәрігерлер жаппай талу себебін ауылға жақын орналасқан мұнай-газ кеніші жұмысымен байланыстырудан қашқақтайды.

Сәрсенбі күні облыс прокуроры Серік Қараманов бірер күн бұрын Қарашығанақ кенішінде апат болып, күкіртті сутек қалдықтары жайылып кеткені туралы мәлімдегенімен, амбулатория дәрігері Мағат Сүйіндіков «балалар зорыққан, қан қысымы көтерілген» дейді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00
Жүктеп алу

ПОЛИЦЕЙЛЕР КӨБЕЙГЕН АУЫЛ

Бір жарым мың адам тұратын Березовка ауылында бір аптаның ішінде жаппай улану оқиғасы үшінші рет тіркеліп отыр. Қарашаның 28-і күні Березовка ауылынан 25 бала мен төрт ересек адам ауруханаға жатқызылған. Желтоқсанның 3-і күні дәрігерлердің көмегіне мектеп жасындағы тағы жеті бала жүгінген.

Ауруханаға түскен балалар. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Ауруханаға түскен балалар. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Азаттық тілшісі қарашаның аяғында балалары улану белгісімен ауруханаға жатып шыққан бес отбасын аралап шықты. Сырқатынан әлі толық айықпаған жасөспірімдердің сөйлесуге шамалары келмеді. Олардың ата-анасы «балаларымыз кеніштен бөлінген зиянды заттардан зардап шекті» дейді. Ересектердің айтуынша, балалар мектепке сабаққа баратын таң мезгілінде ауада шіріген жұмыртқаның иісі сезілген.

Аудандық клиникадан облыс орталығына ауыстырылған үш баланы қазір Орал қалалық ауруханада дәрігерлер бақылауында ұстап отыр.

Жергілікті билік ауылдағы жаппай талу оқиғасына қатысты комментарий беруден қашқақтайды. Березовка ауылдық округының әкімі Жұбаныш Хайруллин «улану себептерін қазір ауылда жұмыс істеп жатқан комиссия анықтауы тиіс» деген уәжбен болған жайтқа қатысты комментарий бере алмайтынын айтты.

Березовкада әкімдік, амбулатория және мектер бір-бірінен таяқ тастам жерде орналасқан. Жаппай талу оқиғаларынан кейін ауылда полицейлер қаптап жүр, орталықта «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының жылжымалы экологиялық бақылау станциясы тұр.

ҚАРАШЫҒАНАҚ КЕНІШІ ІРГЕСІНДЕГІ АУЫЛ

Березовка ауылы Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кеніштерінің бірі - Қарашығанақ кен орнынан небәрі бес шақырым жерде орналасқан. Елдімекеннің шетін айнала «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының санитарлық қорғау аймағы белдеу өтеді. Экологиялық ұйым белсенділерінің айтуынша, ауыл тұрғындарын көшіруден бас тартуға талай жылдан бері Березовканың шекара түбінде орналасуы негіз болып келеді.

Экологиялық мониторинг жасайтын жылжымалы станция. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Экологиялық мониторинг жасайтын жылжымалы станция. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Эколог әрі Crude Accountability ҮЕҰ кеңесшісі Сергей Соляниктің Азаттыққа айтуынша, Березовка белсенділері мен тұрғындары адамдарды қауіпсіз жерге көшіруді 2002 жылдан бері талап етіп келеді.

– Березовкаға қатысты мәселені халықаралық деңгейде де, ел ішінде де айтып келеміз. Мұны тұрғылықты жері мен әлеуметтік шығу тегіне байланысты адам құқығын бұзуға мысал ретінде келтіреміз. Березовка тұрғындарының көбі – тұрмысы нашар адамдар. Ақшасы болса, өздерінің және бала-шағасының өмірін қатерге тікпей баяғыда көшіп кетер еді. Мәселе ақшаға тірелетіндіктен тұрғындар мұнда шарасыздықтан тұрып жатыр, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар да, компаниялар да ештеңе істемей отыр, – дейді қазір Березовка ауылында жүрген Сергей Соляник.

Экологтар Березовканың кейбір тұрғындарымен бірлесіп Қазақстан үкіметі үстінен сотқа талап-арыз берген. 2010 жылы Астана соты шешім шығарып, бұрын қысқарып қалған санитарлық қорғау аймағы қайтадан қалпына келтірілген. Сот шешіміне сәйкес Березовка ауылының екі отбасы басқа жаққа көшірілуі тиіс еді. Бірақ Сергей Соляниктің айтуынша, соттың бұл қаулысы әлі күнге дейін орындалмаған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG