Accessibility links

Өзбекстан ФИФА-ның Fair Play жүлдесін алды


Өзбекстанның футбол командасы Ливан құрамасымен әлем чемпионатының іріктеу матчында ойнап жатыр. Бейрут, 8 маусым 2012 жыл. Сурет ФИФА-ның ресми сайтынан алынды.

Өзбекстанның футбол командасы Ливан құрамасымен әлем чемпионатының іріктеу матчында ойнап жатыр. Бейрут, 8 маусым 2012 жыл. Сурет ФИФА-ның ресми сайтынан алынды.

Футболдан өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде екі бөлек құрлықта ойнап жатқан Өзбекстан мен Қазақстанның көрсеткіштері де екі бөлек.

Футбол мамандары Өзбекстандағы футболдың Қазақстандағыдан жақсы дамығанын айтады.

Футболдан Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары ірі халықаралық жарыстарға 1996 жылдан бері қатыса бастады. Екі ел де Азия футбол конфедерациясы (АФК) құрамына кірді. Осы жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өткен Азия кубогына Өзбекстан құрамасы қатысып қайтты. Ал Қазақстан футболшылары Сирия мен Катар құрамасынан ұтылып, лицензия ала алмады.

ӨЗБЕКСТАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА ТӨРТ РЕТ ҚАТЫСТЫ

Футболдан Өзбекстан құрамасы. Сурет ФИФА-ның ресми сайтынан алынды.

Футболдан Өзбекстан құрамасы. Сурет ФИФА-ның ресми сайтынан алынды.

Араға төрт жыл салып, 2000 жылы екі елдің құрамалары тағы да Азия чемпионатының іріктеуіне қатысты. Өзбекстан өз тобындағы қарсыластары БАӘ, Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка құрамаларын ұтып, екінші рет құрлық біріншілігіне жолдама алды. Ал Қазақстан құрамасы Иордания, Палестина, Пәкістан командаларын ұтқанымен, шешуші кезеңде Катардан жеңіліп, тағы да Азия чемпионатына қатысу құқығынан айырылды.

Өзбекстан құрамасы осылайша 1996 жылдан бастап, 2011 жылға дейін Азия чемпионатына үзбей қатысып келеді. 2004 және 2007 жылдары Азия чемпионатының ширек финалына дейін жетсе, 2011 жылы төртінші орын алды.

Ал Қазақстан құрамасы 2002 жылы сәуірдің 25-і күні АФК құрамынан шығып, УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастығы) мүше болды.

12 ОЙЫН – 11 ЖЕҢІЛІС

Қазақстанның Еуропа аймағындағы алғашқы жарысы 2006 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінен басталды. Украина, Түркия, Дания, Грекия, Албания, Грузиямен бір топқа түсті. Осы топта 12 ойын өткізіп, оның 11-інде жеңілді. Грузия құрамасымен ғана тең түсті – 0:0.

Осы іріктеу жарысында Түркиядан 0:6, Даниядан 0: 3 есебімен жеңілді. Төмен нәтижелерден кейін Қазақстан ФИФА рейтингінде 137-орынға дейін төмендеп кетті (2005 жылғы көрсеткіш). Бұл уақытта Азия футбол конференциясында ойнап жүрген Өзбекстан құрамасы 2005 жылды 59-орында аяқтады.

2007 жылы Өзбекстан құрамасы Азия чемпионатына жолдама алды. Қазақстан ұлттық командасы 2008 жылы Австрия мен Швейцарияда өтетін Еуропа біріншілігінің іріктеу жарысына қатысып жатты.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.


Іріктеу кезеңінде Қазақстан өз тобындағы Польша, Португалия, Финляндия, Бельгияны алға жіберіп, тоғыз команданың ішінде жетінші орын алды. Бұл жолы Қазақстан құрамасы Армения мен Әзербайжанды ғана ұтып, Еуропа аймағындағы алғашқы ресми жеңісіне жетті.

Осы іріктеу кезеңінде (2007 жылы) Қазақстан құрамасы Алматыда Сербияны 2:1 есебімен ұтқанымен, олар топтық нәтижеде Қазақстаннан озып кетті. Сөйтіп, Қазақстан футбол командасы Еуропа чемпионатына жолдама ала алмады. Өзбекстан құрамасы сол жылы Азия чемпионатының ширек финалына дейін барды.

2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатының іріктеуіне қатысқан Қазақстан құрамасына тағы да жолдама бұйырмады. Англия, Украина, Хорватия, Беларусь командаларынан ұтылды. Тек футболы нашар дамыған Андорра құрамасын ғана екі ойында да жеңді.

Өзбекстан құрамасы да Африкада өткен әлем чемпионатына қатыса алмады. Бірақ 2011 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, төртінші орын алды. Ал Қазақстан бұл кезде 2012 жылы Украина мен Польшада өтетін Еуропа чемпионатына жолдама ала алмай, іріктеу жарысын ерте аяқтаған еді.

«ӨЗБЕКСТАННЫҢ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСУ МҮМКІНДІГІ ЗОР»

Қазір Қазақстан - УЕФА аймағында, ал Өзбекстан - Азия құрлығындағы 2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып жатыр.

Әзірге Қазақстан төрт ойын өткізіп, үшеуінде жеңіліп, біреуінде тең түсті. Ал Өзбекстан Азия аймағында бес ойын өткізіп, екеуінде жеңіп, екеуінде тең түсті, бір ойында жеңілді. Сарапшылар Өзбекстанның биыл әлем чемпионатына жолдама алуға мүмкіндігі мол дейді.
Футболдан әлем чемпионаты (Оңтүстік Африка Республикасы - Мексика командаларының кездесуі). Йоханнесбург, 11 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Футболдан әлем чемпионаты (Оңтүстік Африка Республикасы - Мексика командаларының кездесуі). Йоханнесбург, 11 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


- Өзбекстан құрамасы Иран, Оңтүстік Корея, Катар, Ливанмен лицензияға таласып жатыр. Өзбектер соңғы матча басты қарсыластары Иранды ұтып, топта бірінші орынға шықты. Енді қалған үш ойында Ливан мен Катарды өз алаңында қабылдап, Оңтүстік Кореяға қонаққа барады. Ташкенттегі екі ойында жеңіске жетсе, онда Өзбекстан әлем чемпионатына қатысады. Себебі бес команданың ішінен үздік екі команда Бразилияға барады. Ал Қазақстан құрамасына әлем чемпионатына жолдама алу - арман. Алда бұл құраманы Германия, Швеция сияқты мықты командалар күтіп тұр, - дейді спорт шолушысы Рауан Оқасов.

«НӘТИЖЕНІ КҮТУ КЕРЕК»

Футбол бапкері Асқар Қожабергенов «Қазақстан футболы болашақта дамиды» деген пікір айтты.

- Өзбекстан футболында жақсы дәстүр бар. Сол дәстүрді жалғастырып әкетті. Қазір ұлттық құрамасы жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Ал Қазақстан УЕФА құрамына кіріп, футболдың дамуын біраз кешіктіріп алды. Бірақ өз басым Қазақстанның Еуропаға өтуін қолдаймын. Себебі УЕФА-да футболдың инфрақұрылымы жақсы дамыған. Ұйымдастыру жұмыстары Азиядағыдан қарағанда біршама жоғары. Футболы мықты дамыған елдермен ойнау арқылы тәжірибе жинауға болады, - дейді бұрынғы футболшы.

Ал Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков 2012 жылы: «Біз Қазақстан футболын, стадиондар мен алаңдарды қалпына келтіріп жатырмыз. Бұл - УЕФА құрамына кірудің арқасы. Нәтижені күту керек, келеді. Егер нәтижені күтуден шаршасақ, Азия футбол аймағына қайта ораламыз ба? Қазақстанның қазіргі деңгейі Азияда алғашқы ондыққа енуге мүмкіндік береді. Бірақ Азия Еуропа емес. Ол жақта бәсекелестік төмен» деген еді.

Спорт журналисі Несіп Жүнісбаев федерация басшысының пікірімен келіспейтінін айтты.
2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен футболдан әлем чемпионатындағы жанкүйерлер. Йоханнесбург, 23 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен футболдан әлем чемпионатындағы жанкүйерлер. Йоханнесбург, 23 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


- Қазақстан УЕФА-ға кіру арқылы әлем чемпионаттарына қатысу арманын елу жылға шегерді. Қазақстан футболын дамытамыз деп Еуропаға кетіп қалдық. Ал футбол Еуропада ғана дамиды деген ойды Өзбекстан жоққа шығарды. Азия аймағында отырып-ақ футболды жақсы дамытуға болатынын Өзбекстан дәлелдеді. Еуропада футболдың дамуы жоғары. Оған дау жоқ. Бірақ біз үшін Еуропа чемпионатына қатысу - орындалмайтын арман. Ал Азия чемпионаты 1996 жылдан бері Өзбекстан құрамасынсыз өтпейді. Стадиондарымыз жақсарды, инфрақұрылым күшейді деген дамудың нақты көрсеткіші емес. Қазақстан Еуропада Испания, Германия, Англия сияқты мықты елдермен доп тебеміз дейтін шығар. Бірақ Өзбекстан жақында әлем чемпионатына жолдама алуы ғажап емес, - дейді спорт журналисі.

Өзбекстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2011 жылы әлем чемпионатының ширек финалына шықты, 2012 жылы Азия чемпионатын ұтты.

Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер командасы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу жарысында Чехия мен Ирландиядан ұтылып, жолдама ала алмады.

2013 жылы қаңтардың 7-сі күні Цюрихте (Швейцария) өткен ФИФА-ның «Алтын доп» және футбол үздіктерін марапаттау рәсімінде Өзбекстан құрамасы «Fair play» (әділ ойын үшін) сыйлығын иеленді.
Өзбекстан жасөпірімдер құрамасының 2012 жылы Азия чемпионатын ұтып алған кезі. Сурет ФИФА-ның ресми сайтынан алынды.

Өзбекстан жасөпірімдер құрамасының 2012 жылы Азия чемпионатын ұтып алған кезі. Сурет ФИФА-ның ресми сайтынан алынды.


«Fair Play» сыйлығын алған соң Өзбекстан футбол федерациясының президенті Мираброр Усманов жанкүйерлерге арнайы мәлімдеме жасады.

- 1991 жылдан бері Өзбекстан футболы дамып келеді. Үкімет пен Өзбекстан футбол федерациясы ұлттық құрамаға, жасөспірімдер мен жастар футболына көп көңіл бөліп отыр. Елде футбол мектептері мен академиялары көбейді. Ташкентте халықаралық стандартқа сай стадион салынды. Жыл сайын ұлттық құрама шетелдерде оқу-жаттығу өткізеді. Өзбекстан чемпионаты да дамып, «Бунедкор» командасы Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін шықты. Бұл өзбек футболының дамуын көрсетеді, - деді Усманов мәлімдемесінде.

1994 жылдан бері Қазақстан мен Өзбекстан футбол құрамалары алты рет кездесті. Бұл кездесулердегі екі матчта Өзбекстан құрамасы жеңіске жеткен. Бір ойында ғана Қазақстан командасы басым түсіпті. Үш ойын тең есеппен аяқталған. Осы кездесулерде соғылған гол жағынан да Өзбекстан ұлттық командасы Қазақстаннан алда тұр - 8:4.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG