Accessibility links

Бастауыш оқушыларын да «зерттеуші» еткен науқан


Қазақстандық бастауыш мектеп оқушылары. Көрнекі сурет

Қазақстандық бастауыш мектеп оқушылары. Көрнекі сурет

«Бастауыш сынып оқушыларының ғылыммен шұғылдануы – көз бояу» дейді ата-аналар. Ал білім беру саласының өкілі оқушылар жастайынан ғылыммен шұғылданып, «жаңалық ашуы тиіс» деп санайды.

Бастауыш сыныпта оқитын баласының «ғылыми жобамен қалай шұғылданатынын» өз басынан өткерген ата-аналардың бірі Нұрбибі Иманбаева Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде сабақ беретін, ғылыми дәрежесі бар оқытушы. Оның айтуынша 2-сыныпта оқитын баласының «ғылыми жобаcын» және оның әрі қарай қалай қорғалатынын көре келе бұдан әрі «баланың басын қатырмауды» ұйғарған.

«БАЛАМДЫ АЯДЫМ»

«Бастауыштың оқушысына реферат сияқты ғылыми жоба жазу керек екен. Жобаға қойылған талап бойынша оқушы зерттеудің мақсатын, өзектілігін, жаңалығы мен құндылығын көрсетуі керек. Үлкендердің ғылыми диссертациясына қойылатын «өзектілік, құндылық» деген ұғымдарды 3 сыныптың оқушысы қайдан біледі» дейді ол.

Оның айтуынша баласының «Киттер әлемі» деген ғылыми жобасын өзі редакциялаған. Содан кейін мектептен «рецензия керек» деген тапсырма берілген. Ғылыми дәрежесі болған соң рецензияны өзі жазып берген. Нұрбибі Иманбаева, баласы бастауыш сыныпта оқитын алматылық ана.

Нұрбибі Иманбаева, баласы бастауыш сыныпта оқитын алматылық ана.



«Баламның ғылыми жобасына қалалық байқауда бірінші орын берілетін болыпты. Бірақ делдалдар арқылы 500 доллар пара сұрады, бермедік, сөйтіп 3-орын алды. Ең қызығы, балам ғылыми жұмысын еш жерде қорғаған да жоқ. Биыл мектептен тағы да ұсыныс келді, бас тарттым. Болымсыз нәрсені «ғылыми жоба» деп дабырайтып жүрген мұғалімдерді де, сол үшін жұмыс істеп жүрген комиссияны да, баламды да аядым» дейді Нұрбибі Иманбаева.

Оның айтуынша, мектеп мұғалімдерінің жұмысына соңғы жылдары «оқушы портфолиосы» деген тағы қосымша жүктеме қосылған. Баланың «ғылыми зерттеуі» туралы деректердің барлығын арнайы папкаға жинастырып, мұғалімге тапсырған. Портфолионы жасауға ата-ананың да біраз уақыты кетеді, мектеп мұғалімін де шаршатады.

«АТАУЫН АЙТУДЫҢ ӨЗІ ҚИЫН»

Азаттыққа хабарласып, аты-жөнін атамауды өтінген ата-аналардың бірі баласы оқитын мектептегі оқушылардың зерттеумен шұғылдану науқанының ресми атауын бір деммен толық айтып шығудың өзі қиын екенін айтып күлді.

Бұл сипаттаманы Қазақстандағы көптеген орта және жекеменшік мектептердің қабырғалары мен құжаттарынан ұшырастыруға болады. Онда: «Заманауи гимназия - мектеп түлегінің бәсекеге қабілетті тұлғасын қалыптастырудың серпінді дамыған инновациялық білім беру кеңістігі» атты 2013-2018 жылдарға арналған жаңа ғылыми-әдістемелік проблеманы шешу үшін 2013-2014 оқу жылына арналған «Оқу-тәрбие үрдісін инновациялық тұрғыдан қайта құруға қабілетті, оқушылардың танымдық жұмысының ұзақ мерзімді диагностикасы мен болжауды іске асыратын педагогикалық ұжымды қалыптастыру» ғылыми-әдістемелік тақырыбы бойынша жұмыс істеп жатырмыз» деп жазылған.

«Қазір мектептеріміз осындай тақырыбының өзін оқуға демің жетпей, тынысың тарылып кететін «ғылыми-әдістемелік проблема, тақырып, стратегияларды жүзеге асырумен» айналысады. Мұндай проблеманы шешпек түгілі, тақырыбының мағынасын ұқпайтын ұстаздарымыз жылдар бойы «оқушы портфолиосы», «мұғалім портфолиосы» дегенді жинайды. Яғни, көзіне «инновация», «бәсекеге қабілетті», «жобалау, диагностикалау, болжау» және т.с.с. сөздері бар қағаз түссе, әлгі «портфолиосына» тықпалай береді» дейді аты-жөнін жарияламауды өтінген ол. Қазақстандық бастауыш мектеп мұғалімі. Көрнекі сурет.

Қазақстандық бастауыш мектеп мұғалімі. Көрнекі сурет.



Атын атамауды өтінген тағы бір орта мектеп мұғалімінің сөзіне қарағанда мұғалімнің аттестациядан өтіп, біліктілік санатын көтеруге оқушылардың ғылыми жобасы қолайлы болып тұрғанға ұқсайды.

«Кез-келген мұғалім тәуір оқитын бір-екі оқушысына «ғылыми жоба қорғатқысы» келеді. Біліктілік санатын көтеріп, жалақысын көбейткісі келетін мұғалім ғылыми байқаудан оқушысының қайткенде де жүлде алғанын қалайды, сол үшін пара да береді. Мектеп оқушылардың олимпиадасынан жүлде алу қиындау, оған ақша да көп керек. Ал ғылыми жұмыстың жарасы жеңілірек» дейді ол.

Оның айтуынша «ғылыми жобаға» көбіне дайын материалдар беріледі. кейбірде ата-аналар өздері дайындайды. «Оқушының портфолиосы» да ата-ананың мойнына ілінеді, өйткені мұғалім өзінің жеке портфолиосын жасаумен әлек болады.

«Жетістіктеріңнің бәрін портфолиоға жинайсың. Портфолиоң толып тұруы үшін оқушының ғылыми жобасынан бөлек, ашық сабақты да көбейттік. Бұрын жылына бір рет ашық сабақ өткізуге міндетті едік. Қазір айына екі реттен де өткізетін болдық. Оған келуге басшылықтың да уақыты жоқ, сондықтан «ашық сабақ өтті» деген қағаз жасаймыз» дейді ол.

«ТЕРЕҢГЕ ҮҢІЛУ КЕРЕК»

Алайда білім беру саласындағы бірқатар мұғалімдер мен басшылар «бастауыш сынып оқушысының ғылыми жұмыспен шұғылдануы баланың өзіне пайдалы» деп санайды. Алматы қаласындағы №16 қазақ-орыс аралас мектептің оқу ісінің меңгерушісі Союзхан Шорманованың айтуынша, мектептегі ғылыми жұмыс 3-сыныптан басталады. Шамамен әр сыныптан 3-4 оқушы ғылыммен шұғылданып, бір мектептен оншақты оқушы қалалық байқауға қатысады.
Ғылыми жұмыс жазу да, жазбау да оқушының өз еркі. Бірақ ғылымның қадірін кетірмей, тереңге үңілу керек. Ел білмейтін нәрсені тауып, жаңалық ашу керек.


«Ғылыми жұмыс жазу да, жазбау да оқушының өз еркі. Бірақ ғылымның қадірін кетірмей, тереңге үңілу керек. Ел білмейтін нәрсені тауып, жаңалық ашу керек. Кітап оқып, интернеттен қарасын, жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатынас жасасын» дейді ол.

Союзхан Шорманованың айтуынша, оқушылардың ғылыми жұмысқа тарту мәселесіне Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған «Дарын» орталығы басшылық жасайды.

Алматы қалалық білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Максима Темірбекованың сөзіне қарағанда оқушылардың құжаттары «Жалпы білім беретін оқу орындарында мектеп ішілік құжаттамасын жүргізу жөнінде» 2003 жылы қаңтардың 13-і қабылданған нұсқаулық бойынша жиналады. Ол нұсқаулықта «портфолио» туралы сөз жоқ. Бірақ «әр мектеп өз оқушысы туралы көбірек дерек жинағысы келуі мүмкін».

«БАЛАЛАР ҮШІН БӘРІН ЖАСАЙМЫЗ»

Азаттық тілшісі Алматы қалалық білім басқармасының жанындағы «Дарын» орталығының жетекшісі Гүлсім Пашаевамен де сөйлесті. Оның сөзіне қарағанда осы орталықтағы «Зерде» бағдарламасы бойынша оқушылар 1-сыныптан бастап ғылыммен шұғылданады.

«Қазіргі балалар мектепке дейінгі дайындық сыныптарында-ақ әріп танып келеді. Сондықтан олар, мысалы «Қар неге аппақ?» немесе «Қар неге жауады?» деген тақырыпты қарастыра алады. Кітаптан оқиды, интернеттен іздейді, атасынан сұрайды, әйтеуір зерттеп шығады» дейді Гүлсім Пашаева.
Кітаптан оқиды, интернеттен іздейді, атасынан сұрайды, әйтеуір зерттеп шығады.


Алматы қаласындағы 151 мыңнан аса оқушы, 13 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейтін барлығы 186 мемлекеттік және 41 жекеменшік орта мектептің ғылыми жұмыстары осы «Дарын» орталығына түседі.

Азаттық тілшісіне Гүлсім Пашаеваның айтуынша, жұмыс ауқымы үлкен болғанымен «Дарын» орталығында небәрі төрт адам жұмыс істейді. «Төрт адам қалай үлгересіздер» деген сұраққа ол: «Ұйымдастыра білу керек. Балалар үшін бәрін жасаймыз» деп жауап берді.

Алматы қалалық «Дарын» орталығы республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының бағдарламасын жүзеге асырады. 1998 жылы білім және ғылым минстрлігінің жанынан құрылған бұл орталық мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстарын сараптап, республикалық жарыстар ұйымдастырумен шұғылданады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG