Accessibility links

Балгин Бердіоңғаровтан кешірім сұрап, «енді депутаттарға түкірмеуге» уәде берді


Желтоқсанның 13-і күні Алматының Медеу аудандық сотында «түкірік дауы» бітіммен аяқталды.


Мәжілістің бұрынғы депутаты Тәңірберген Бердіоңғаровтың бетіне түкірген бұрынғы университет оқытушысы Рафаэль Балгин одан кешірім сұрады. Ал экс-депутат «кешіргенін, ешқандай моральдық өтемақы талап етпейтінін» айтты.

«ЭКСПЕРИМЕНТ» ПЕН «ДОСТЫҚ»

– Бердіоңғаров мырзадан өз істегенім үшін ресми түрде кешірім сұраймын. Өз ісімнің дұрыс емес, әдепсіз әрі этикаға жат қылық екендігін мойындаймын, – деді Балгин.

Ол «бұдан былай Бердіоңғаровқа қатысты мұндай журналистік тәжірибені қайталамауға, әрі бұл оқиғаны интернет пен өзге де БАҚ арқылы әрі қарай өрбітпеуге» уәде етті. Рафаэль Балгин өзінің сотқа дейін жеткен ісі «шығармашылық эксперимент» екенін айтады.

– Бұл парламенттегі ең жас әрі танымал депутаттың қатысуымен журналист ретінде менің шығармашылық экспериментім еді, – деді ол соттағы сөзінде.

Экс-депутат Тәңірберген Бердіоңғаров Рафаэль Балгинге кешірім бергенін айтып, «мүмкін, алдағы уақытта дос болып кетерміз» деді.

– «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейді. Биік болу керек, кешіре білу керек. Бұл мәселеде Рафаэль Амурұлын толықтай кешіремін, – деді бұрынғы депутат.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Балғин мен Бердоңғаров арасындағы дау биыл шілденің 4-і күні Алматыда болған. Өзін «тәуелсіз журналиспін» деп атаған Рафаэль Балғин көшеде мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаровты көріп қалып, бетіне түкіріп жіберген.

Кейінірек бұл ісінің себебін түсіндірген Балғин бұған «Бердоңғаров екеуінің арасындағы сегіз жыл бұрынғы оқиға түрткі болғанын» айтқан.

Балғиннің айтуынша, 2003 жылы Алматыдағы оқу орындарының бірінде оқытушы болып жүргенде бір студент қыз оған «жаман сөз айтып», ол қыздың үстінен оқу орны басшылығына рапорт жазыпты. Студент қызға сол кездегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Тәңірберген Бердіоңғаров «қамқорлық» танытып, оқытушы Балгинге қоқан-лоққы көрсеткен.

Бердіоңғаров осы оқиғаға орай «ар-намысыма тиді, депутаттық қызметіме кедергі келтірді» деп, құқық қорғау органдарына шағымданған еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG