Accessibility links

Шіркеу мен газет арасындағы даудың басы – карикатура


«Взгляд на события» газеті веб-сайтының «Про «папу», веру и головную боль» мақаласы жарияланған күнгі (13 қазан 2010 жыл) көрінісі.

«Взгляд на события» газеті веб-сайтының «Про «папу», веру и головную боль» мақаласы жарияланған күнгі (13 қазан 2010 жыл) көрінісі.

«Камо Грядеши» шіркеуі қарағандылық «Взгляд на событие» газетінен жария түрде кешірім сұрауды талап етті. Діндарлар «газетте жарияланған сурет діни сенімімізді қорлады» дейді. Бірақ журналистер «діни бірлестік өздеріне жарнама жасағысы келеді» деген пікір айтады.


Газет пен діндарлардың арасындағы дау-дамайға өткен жылдың қазан айында жарық көрген «Про «папу», веру и головную боль» атты мақалаға қоса берілген сурет себепкер болды.

ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ

Ол оқиғаның қысқаша тарихы мынадай: қарағандылық Игорь деген азамат «Взгляд на событие» газетіне келіп мұңын шағады. Оның айтуына қарағанда, әйелі «Камо Грядеши» деген діни топтың құрамына қосылыпты. Онымен қоймай, бірі төрт жасар, екіншісі сегіз жасар екі баласын да солай қарай жетелейтінді шығарған. Айтқанға көнбесе, қатаң жазалаған. Ақыры ерлі-зайыптылар ажырасып, балалар жүйке ауруына шалдығып тынған.

– Осы мақала жарияланғаннан кейін газетке оқырмандар жан-жақтан қоңырау шалып, «Камо Грядеши» деген дін қайдан шыққан және қаншалықты қауіпті?» деген сауалдар қоя бастады. Осыдан кейін редакция тапсырмасы бойынша газет тілшісі Дана Меңдібаева зерттеу жүргізді. Журналист бұрынғы балалар бақшасында орналасқан шіркеуге сол дінді қабылдаған адам болып кірді, – дейді газет бас редакторының орынбасары Андрей Менщиков.

Журналист Дана Меңдібаева шіркеудің ішкі жай-күйін әңгімелей келе, «Деструктивті «Виктория» сектасынан жапа шеккендерге әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталығы» деп аталатын ұйымның қызметкерлері Татьяна Шапавалова мен Наталья Репинаға байланысты күтпеген жерден пайда болған жанжал туралы жазады.
Бұрынғы советтік елдерде діни азшылық топтарды әртүрлі қысымға алу үшін, үкіметтік емес болса да, үкіметтің астыртын бақылауында жүретін қоғамдық ұйымдар жиі пайдаланылады
Журналистің айтуына қарағанда, шіркеу бұл екі әйелдің келгенін ұнатпай, шығарып жіберген.

Дана Меңдібаева журналистік зерттеу жүргізу мақсатында шіркеуге барған күні әлгі екі белсенді әйел де келген. Батыстық құқық қорғаушылар «бұрынғы советтік елдерде діни азшылық топтарды әртүрлі қысымға алу үшін, үкіметтік емес болса да, үкіметтің астыртын бақылауында жүретін қоғамдық ұйымдар жиі пайдаланылады» дегенді айтады. Алайда бұл ретте шіркеуге журналист пен азаматтық белсенділердің қатар баруы кездейсоқ емес деген ойдан аулақпыз.

Дана Меңдібаева былай деп жазады: «Көңілді эстрадалық музыка ойнап, діндарлар залда бөтен адамдардың отырғанын естен шығарып, шат-шадыман болды. Әйелдер мен ер адамдар секіріп билеп, қолдарын сермеп, түсініксіз бір дыбыстар шығара бастады... Кенет қолына микрофон ұстаған пастор шыға келіп, думанды пышақ кескендей тыйып тастады.

Залдың бір шетінде осы оқиғаларды тып-тыныш қана бақылап, өздерімен өздері отырған «Викторияның» екі қызметкеріне ызбарлана қараған пастор Игорь Пак:

– Маған бұл жердегі бүгінгі атмосфера ұнамай тұр. Қысымды, бақылауды сезіп тұрмын. Желкемнен біреу төніп тұрғанда Құдайға жалбарына алмаймын. Сендер Құдайға құлшылық етуге кедергі келтіріп отырсыңдар! Бұл жерден көздеріңді жоғалтыңдар, бізге кедергі жасамаңдар! – деді».

– Мақала дайын болғанда дизайнерге бұл материалды безен деген тапсырма берілді, – дейді газеттің бас редакторының орынбасары Андрей Менщиков Азаттық радиосына. – Суретші тапсырманы орындады. Бұл тақырып суретшінің көзімен қарағанда осылай болып шықты.

КАРИКАТУРА

Қарағанды облысындағы шіркеу пасторларының CNL-News сайтында жарияланған христиандарға арналған үндеуінде: «Осы оқиға туралы «Взгляд на событие» газетінде 2010 жылдың 13 қазанында (№115 (719), 9 бет) жарық көрген жалған ақпаратқа орай 2010 жылдың 20 қазанында бізді қорлайтын карикатура жарияланды. Карикатурада «Жаратушының бірер сөзі» деген
Орыс суретшісі Михаил Златковский салған карикатура. 24 шілді 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
сөзді айтып тұрып, кесілген бас сүйекке крест бейнеленген кітапты салып жатқан «пастор» көрсетілген» деп жазылған еді.

«Камо Грядеши» протестант діни бірлестігінің пасторы мен оның әйелі осындай үндеулерін арқалап газет редакциясына келді.

– Біз мән-жайдың бетін ашып алғымыз келді, – дейді Азаттық радиосына шіркеу пасторы Игорь Пак. – Оларға үндеуімізді көрсеттік. Бірақ әңгімеміз жараспады. Өздерін сотқа беруімізге болатынын, бірақ соттың ұзаққа созылатынын айтты.

Игорь Пактың ойынша, құлшылық рәсіміне қатысқан журналист діннің не екенін де білмейді. Сондықтан рәсімді дұрыс түсіне алмаған.

– Қасиетті жазбаның не екенін білмейтін адамның дініміз туралы бірдеңе деуінің өзі қиын. Сөйте тұра өз ойыңды бүкіл республикаға жайып салу тіпті қисынсыз. Өз пікіріңді жақындарыңа, достарыңа айтуға болар, ал бұлайша жар салу – шектен шығу деп ойлаймын, – дейді Игорь Пак.

Қарағанды облысы шіркеуінің пасторы CNL-NEWS сайтында жарияланған үндеуінде «Взгляд на событие» газетінде өздерінің «Камо Грядеши» қауымдастығына тіл тигізетін ақпарат пен азаматтардың діни сенімін қорлайтын карикатура жарық көргенін мәлімдеді. Пастордың ойынша, мұндай материалдар «діни жеккөрушілік пен төзімсіздікті» өршітеді.

«Бұл карикатура тек Қазақстандағы діндарлардың ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да ашу-ызасын келтірді, – делінген үндеуде. – Дінге сенушілердің кез-келгені үшін діни рәміздер – қастерлі дүние. Христиан
Бұл материалдар мен карикатура біздің діни сезімімізді мейлінше аяққа таптады
дінінің, Қасиетті Інжіл кітабының және Құдай Сөзінің (бұл термин Інжілде 160-тан аса қайталанады) рәмізі болып саналатын кресті дәл осылай келекелеуге болмайды».

– Қалай болғанда да біз газет бетінде осы ақпараттың теріске шығарылуын талап етеміз, – деп мәлімдеді Азаттық радиосына «Камо Грядеши» протестант шіркеуінің пасторы Игорь Пак. – Өйткені мұндай жалған ақпар арқылы бізді қаралау мақсаты көзделген. Бұл материалдар мен карикатура біздің діни сезімімізді мейлінше аяққа таптады.

«ТЕГІН ЖАРНАМА»

– Әуел баста «Камо Грядеши» діни бірлестігінің өкілдері «журналист бізге келгенде өзінің тілші екенін айтпады» деп талап қойған еді, – дейді Азаттық радиосына газет бас редакторының орынбасары Андрей Менщиков. – Мен оларға діни рәсімнің бөтен адам қатысуға тыйым салынған жабық шара емес екенін түсіндірмекші болдым. Олардың шіркеуіне журналист неге бармауы керек?

Андрей Менщиковтың сөзіне қарағанда, олар кейіннен талаптарын өзгертіп, карикатура жөнінде сөз қозғауға көшкен.

– Олар бұл мақалада өздеріне не ұнамай тұрғанын, қай жерінде өтірік жазылғанын дұрыстап түсіндіре де алмады. Протестант шіркеуінің пасторларының атынан мына бір үндеуді ғана әкеліп тастады, – дейді
Олар бұл мақалада өздеріне не ұнамай тұрғанын, қай жерінде өтірік жазылғанын дұрыстап түсіндіре де алмады
«Взгляд на событие» газеті бас редакторының орынбасары.

Андрей Менщиковтың ойынша, содан бері діни бірлестік өздеріне жарнама жасаумен шұғылданып жүр.

– Біздегі мақала шыққанға дейін олардың бар-жоғын ешкім де білмейтін еді, енді бүкіл ТМД елдерін дүрліктіре бастады. Олар Қазақстан президентіне шағым жолдаса да таңғалмаймын. Біздің демократиялық елімізде әркімнің өз ойын білдіруге, әрине, құқығы бар.

– Оның үстіне бұл сурет, тіпті, карикатура да емес. Оның ойынша, карикатура нақтылы бір адамға қарата жасалады. Яғни карикатурағы бейне мен сол адамның бет-бейнесінде ұқсастық болуы тиіс, көрген адам оның кім
Варшавада президент сарайы алдына қойылған крест маңындағы шеру. Польша, 10 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
екенін ажырата алатындай болуы тиіс. Редактор бұл діни қауымдастықтың өкілдеріне «суретке қайтадан мұқият қарап шығуларыңыз керек» деген кеңес береді, – дейді Андрей Менщиков

– Оларға карикатураның ішінде крестің тұрғаны ұнамады. Бірақ назар аударып қарасаңыз, крестің екі жағы бірдей ғой. Христиандардың кресі ондай болмайды, – деп түсіндіреді Андрей Менщиков. – Суретте бейнеленген адам – олар айтып жүргендей пастор емес, дәрігер. Ол қолына крест бейнеленген кітап ұстап тұр. Бұл тұста дінді қорлайтындай ештеңе жоқ. Егер әлдекім осыған қарап қорланса, өзі білсін. Жұрттың бәріне жауап бере алмаймын. Оқырмандар әртүрлі. Газетке шыққан материалдар қашан да біреуге ұнаса, біреуге ұнамайды.

КРЕСТ ПЕН «ОНДЫҚ»

Алайда пастор Игорь Пак басқаша ойлайды. Оның айтуынша:

– Егер астындағы сөздер болмаса, онда суретті басқаша қабылдауға да болар еді. Бірақ «Құдайдың бірер сөзі, бірер фокус қана. Бұл бір жолғы іс емес, сіздерден тек «ондық» қана керек» деген сөздер карикатураның нені көздейтінін көрсетіп тұр.

Қазақстан діни бірлестіктері ассоцициасының сөзі де бұл орайда пастормен үндес шықты. Қазақстан діни бірлестіктері ассоциациясының төрағасы Александр Клюшев «діндардың» ашық бас сүйегіне «пастор» салып жатқан кітапта христиан дінінің рәмізі – крест айқын көрініп тұр» деді.

– Әрине, ол шіркеу канондары бойынша бейнеленген православ кресі емес. Бұл кресте бейне жоқ. Иса қайта тіріліп, өлімді жеңеді дегенді білдіретін Исаның креске керілу сәті көрсетілмеген. Бұл рәмізді протестанттар мен католиктер пайдаланады. Мұның дөңгелек немесе жарты ай, я болмаса алты бұрышты жұлдыз емес, крест екенін кішкентай бала да айтып береді.
Мұның дөңгелек немесе жарты ай, я болмаса алты бұрышты жұлдыз емес, крест екенін кішкентай бала да айтып береді
Қасиетті рәмізді дәл осы тұрғыда көрсетуді қорлау деп білемін, – дейді Александр Клюшев Азаттық радиосына.

Александр Клюшевтің ойынша, суретте христиандардың ар-намысына тиетін крестен өзге жайттар да жеткілікті. Соның бірі – христиан священнигінің «миды ашыту процесі».

– Қасиетті құлшылық әрекеттері, литургия, ғибадат кезіндегі Құдай Сөзінің уағызы священниктің сол дінге келушінің ойлау процесіне қол сұғуы ретінде көрсетілген, – дейді Александр Клюшев. – «Миға Құдай сөзін салу» кезінде ең әуелі мидағы логикалық ойлау жүйесін алып тастайды-мыс. Яғни миға «сандырақ қосылған бір ғана Құдай Сөзінің» бағдарламасын сала отырып, адамды ойлау, сараптау және дүниені сыни көзбен қабылдау мүмкіндігінен айыру ретінде көрсетілген. Бұл – діндарлардың діни сезімін қорлау. Кез-келген дінде уағыз – қастерлі сәттердің бірі. Сол секілді пастор да діндарларға мәңгілік ақиқаттарды олардың сана-сезіміне қол сұқпай-ақ жеткізеді.

Александр Клюшевтің айтуынша, карикатурада діни уағыз мейлінше қатыгездікпен адамның басын айналдырып, өз бетінше есту мен ойлау мүмкіндіктерінен айыратын нәрсе ретінде бейнеленген; ал дінге келуші – санасына тек «ондық» әкелу керек деген бағдарлама ғана сіңірілген ақылдан алжасқан ауру адам болып көрсетілген.

Ал «ондықты» Қазақстан діни бірлестіктері ассоциациясының төрағасы Александр Клюшев суретте жазылғандай әр «сеанс» үшін төленетін төлемақы емес, әркім өз еркімен беретін шіркеудің табысы деп түсіндіреді.

– Бұл қағидат барлық Ыбырайым діндерінің Қасиетті кітаптарында бар. Сондықтан карикатура «ондықтың» бұлайша бейнеленуі христиандар мен йудей дінін ұстанатындар үшін қасиетті Көне Өсиеттегі жазбаларды қорлайды. Күнделікті жайттарды күлкіге айналдыруды діни рәміздерді аяққа таптаумен шатастыруға болмайды. Бұл – сөз бостандығы емес, керісінше дін мен дінге сенушілерді қорлау, – дейді Александр Клюшев Азаттық радиосына.

«Біздің ойымызша, – деп жазады Игорь Пак CNL-NEWS сайтында жарық көрген хистиандарға арналған үндеуінде, – діни жеккөрушілікті туғызатын мұндай карикатураныың ауторлары мемлекетіміздің қолданыстағы заңы бойынша жауап беруі қажет, ал карикатураға сарапшылар психолингвистикалық және өзге де талдаулар жасауы тиіс».

Алайда, газет бас редакторының орынбасары Андрей Менщиковтың ойынша, «бұл суреттің христиандардың діни сезіміне қалай әсер ететінін анықтап бере алатын арнайы мамандар Қазақстанда әзірге жоқ».

САРАПТАМА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті өздеріне 2010 жылы желтоқсанның бас кезінде протестант шіркеуі пасторларынан арыз түскенін растады.

Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Жаңатай Сембеков пасторлардың «Взгляд на событие» газетінде жарияланған сурет жөнінде шағым жасағанын Азаттық радиосына айтып берді.

– Қазір бұл іс бойынша тергеуге дейінгі тексеріс жүруде. Бұл суреттің сипаты мен мазмұнын анықтайтын сараптама тағайындалды. Содан кейін процессуалдық шешім шығарылады, – дейді Жаңатай Сембеков.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG