Accessibility links

Рафаэль Балгин депутат Тәңірберген Бердіоңғаровты енді жекпе-жекке шақырды


Рафаэль Балгин баспасөз мәслихатында. Алматы, 23 тамыз 2011 жыл.
Рафаэль Балгин баспасөз мәслихатында. Алматы, 23 тамыз 2011 жыл.

Өзін журналист ретінде таныстырған Рафаэль Балгин мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердіоңғаровпен арадағы дау-дамайды жекпе-жек арқылы шешпек. Ал депутат «екеуміздің саяси салмағымыз тең емес және оның артында біреулердің мүддесі бар» дейді.


Шілденің 4-і күні парламент депутаты Тәңірберген Бердіоңғаровтың бетіне түкірген Рафаэль Балгин 23 тамызда адвокаты Серікқали Мусинмен бірге Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «жанжалды шешудің жаңа жолын» ұсынды.

Тәңірберген Бердіоңғаров Азаттық радиосына берген сұқбатында өзінің «кеңпейілді адам» екенін айта келе, «егер Рафаэль Балгин менен кешірім сұраса, кешіруге дайынмын» деген еді.

Алайда баспасөз мәслихатында Рафаэль Балгин «әуелі Бердіоңғаров 2003 жылғы әрекеті үшін кешірім сұрасын, содан соң бетіне түкіргенім үшін мен де кешірім сұраймын» деп жауап қайтарды.

«САНАЛЫ ТҮРДЕ «ЫҚЫЛАСПЕН» ТҮКІРГЕНМІН»

– Тәңірберген Бердіоңғаровтың 2003 жылды еске алуға ешбір құлқы жоқ екенін білемін. Егер ол оқиғаны айтатын болса, абыройынан айырылатыны анық. Міне, осыны ескере келе онымен ымыраға келу мүмкін еместігін ұғып отырмын. Бірақ өз әрекетімнен бас тартпаймын. Өйткені оның кім екенін, қандай адам екенін біліп тұрып, бетіне саналы түрде «ықыласпен» түкіргенмін, – дейді Рафаэль Балгин.

Бірақ ол екі тарапты ымыраға келтіретін «жалғыз жолдың әлі де бар екенін» айта кетті.

– Мына затты, – дейді ол боксшылардың ұрыс кезінде ауызына киетін қорғаныш құралын көрсетіп: – Бердіоңғаровқа сыйға тартып, оның үстіне өз ақшама бокс қолғабын сатып әпермекпін. Сөйтіп сіздер арқылы жекпе-жекке шақырмақпын.

Рафаэль Балгин Бердіоңғаровпен арадағы дау-дамай «бір қызға байланысты өршіді» деген пікірдің шындыққа сай келмейтінін айтты. «Мәселе Бердіоңғаровтың сол қыздың құралы болып, бірнеше рет қоқан-лоққы жасағанында» дейді ол.

«ДЕПУТАТ ҚЫСЫМ ЖАСАП ОТЫР»

Рафаэль Балгиннің адвокаты Серікқали Мусин Алматы қалалық ішкі істер басқармасы «депутаттың ар-намысына тиіп, қызметіне кедергі келтірді» деген бап бойынша Балгиннің үстінен қозғалған қылмыстық іске мәжіліс
Адвокат Серікқали Мусин. Алматы, 23 тамыз 2011 жыл.

депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров тарапынан қысым жасалып отыр деп санайды.

Бұл бап бойынша Балгинді екі жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. «Бірақ бұл бапты қолданудың өзі заңсыз. Өйткені 4 шілдеде Тәңірберген Бердіоңғаров еңбек демалысында болған, сондықтан оны депутаттық міндетін атқарып жүрді деуге болмайды» дейді ол.

Мусиннің сөзіне қарағанда, Тәңірберген Бердіоңғаров әуелі Алматы қалалық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне арыз-шағым түсірген. Депутаттың арызы кейін қалалық прокуратура арқылы ішкі істер департаментіне жеткен. Ал олар Тәңірберген Бердіоңғаров бұл кезде қызмет бабында жүрмегендіктен аталған бап бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.

Осы сәтте «Тәңірберген Бердіоңғаровтың дәл осы кезде іссапарда болғаны» туралы анықтама пайда бола кетіп, қайтадан қылмыстық іс қозғалған. Адвокат Мусин өзі күдікті деп санаған тағы да бірқатар жайттарды тізе келе, «бұл іс тапсырыспен жасалып отыр деген қорытындыға келіп отырмыз» дейді.

Оның айтуына қарағанда, бұл іс депутат пен журналистің арасындағы жанжал емес, жеке тұлғалар арасында жанжал ретінде қарастырылуы тиіс. Балгинге «ақыл-есі кеміс», я болмаса «ауытқушылығы бар» деген сықылды медициналық диагноз қойдыруға тырысуы да қысым бар екенін көрсетеді.

Рафаэль Балгин өзінің ақыл-есі түзу екенін, нашақор емес екенін теріске шығара алатын тағы бірқатар құжаттар бар екенін айтты.

– Интеллектуалдық меншігімнің тіркелгені туралы, кандидаттық емтихан тапсырғаным туралы куәлік, жетім балаларға арналған «Жанұя» қайырымдылық қоғамының 2010 жылы берген алғыс хаты, Марат Барманқұлов берген мінездеме қолымда тұр. Оның үстіне өз еркіммен барып наркодиспансерден «нашақор емес» деген де анықтама алдым, – дейді ол.

«Бердіоңғаров мені танымаймын деп жүр. Бірақ мен 1991 жылы СССР қарулы күштері қатарынан «нашақор» деген жалған анықтамамен кеткенімді, 2006 жылы әкелік құқығымнан айырылғанымды қайдан біледі» дейді Балгин.

«САЯСИ САЛМАҒЫМЫЗ ТЕҢ ЕМЕС»

Азаттық радиосының тілшісі осы баспасөз-мәслихатынан кейін Тәңірберген Бердіоңғаровқа хабарласып, Рафаэль Балгиннің жекпе-жекке шақыруын қалай қабылдайтынын сұраған еді.

– Ол әуелі Амантай қажымен жартылай финалда жекпе-жекке шықсын, – деді депутат. – Амантай қажы мен Рафаэль Балгин – саяси салмағы бір
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров.

адамдар. Екеуі де жұрт назарын өздеріне аудару үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оның мақсаты – жекпе-жекке шығу емес, өзін-өзі жарнамалау. Есірткі тартатын, әскерден «нашақор» деген диагнозбен қайтқан және әкелік құқығынан айырылған, еш жерде жұмыс істемейтін адамды кім деуге болады? Меніңше, екеуміздің саяси салмағымыз тең емес, – деп жауап берді мәжіліс депутаты.

«ТАҒЫ ДА ТҮКІРЕР ЕДІМ»

Даудың басы Рафаэль Балгиннің биыл шілдеде Тәңірберген Бердіоңғаровты кездейсоқ көріп қалып, бетіне түкіруінен басталған еді. Бердіоңғаров осы оқиғаға орай «ар-намысыма тиді, депутаттық қызметіме кедергі келтірді» деп, құқық қорғау органдарына шағымданған болатын.

Ал Рафаэль Балгин «Тәңірберген Бердіоңғаровқа 2003 жылы жасаған әрекетіне байланысты түкірдім» дегенді айтады. Балгиннің айтуынша, жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқарып жүрген кезінде әлдебір студент қызға сол кездегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Тәңірберген Бердіоңғаров «қамқоршылық» танытып, өзіне қоқан-лоққы көрсеткен.

– «Диссертациялық жұмысыңды қорғауға кедергі жасаймын» деген соң үндемей қоя салып едім. Кейін осындай адамның депутат болып жүргенін көргенде шыдай алмадым. Дәл сондай әрекет жасаса, қазір де түкірер едім, – дейді Рафаэль Балгин.
XS
SM
MD
LG