Accessibility links

Әскерге алынғандар музыкасыз аттанды


Әскерге шақырылған жігіттерді туыстарымен қоштасу үшін алаңға әкеле жатыр. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Әскерге шақырылған жігіттерді туыстарымен қоштасу үшін алаңға әкеле жатыр. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Әскерге адам алудың күзгі және қысқы науқаны желтоқсанның 30-ы күні аяқталады. Алматыда ұлттық гвардияға алынған жігіттердің соңғы тобын жұрт музыкасыз шығарып салды.

Жуырда Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы әскерге шақыру пунктіне барып қайтты. Сол күні ұлттық гвардияға жаңадан алынған жігіттердің соңғы тобын туыстары шығарып салды.

ОРКЕСТР БОЛМАДЫ

Әскерге шақырылғандарды әуелі сапқа тұрғызды, сосын туыстарымен қоштасу үшін оларға «тараңдар!» деген пәрмен берді. Бірақ әскери оркестрдің үйреншікті музыкасы ойналмады.

Әскерге шақырылған 20 жастағы Ербол Әбдікеров те туыстарымен қоштасып жатты. Саптан босаған бетте жанына жүгіріп келген қарындастары оны бас салып құшақтап, смартфонға суретке түсіре бастады. Бірақ оның тағы біреуді күтіп, елеңдеп тұрғаны байқалды. Бір кезде анасы келді, ол кісіні бәрі қаумалай қоршап, қоштасар сәтке дейін құшақтасып тұрды.

Әскерге Алматыдан шақырылған 20 жастағы жігіт Ербол Әбдікеров анасымен қоштасып жатыр.

Әскерге Алматыдан шақырылған 20 жастағы жігіт Ербол Әбдікеров анасымен қоштасып жатыр.

Ал бұл кезде әскерге шақыру пункті ауласында тұрған КамАЗ жүргізушісі жас жігіттерді вокзалға апаруға толық әзір болу үшін көлігінің шамдарын ауыстырып жатты. Болашақ жауынгерлерін қызмет ететін жерлеріне алып кетуге әр аймақтан келген офицерлер де жүрді.

«ЖАЛТАРҒЫШТАРДЫ» ҚУДАЛАУ

Биылғы әскерге шақырудың бір ерекшелігі – науқан биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген жаңа қылмыстық кодекс талаптарын ескере отырып өткізіліп жатыр. Алматы қаласы қорғаныс істері дептартаменті бастығының орынбасары подполковник Омар Айтқазиннің айтуынша, қылмыстық кодексте әскери қызметтен жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатын бап бар. Ол «әскерден «жалтарғыштар» саны былтырмен салыстырғанда көбейген жоқ» дейді.

Бірақ кейбір ақпарат құралдары биыл «жалтарғыштар» саны көбейгенін хабарлаған еді. Подполковник Айтқазиннің пікірінше, әлгі БАҚ-тар бір ерекшелікті ескермеген. Оның айтуынша, бұрын «жалтарғыштар» қылмыстық жауапқа тартылмайтын, ал биыл тиісті құжат жинап, прокуратура бірнеше жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Сондықтан жалтарғыштар саны былтырмен салыстырғанда көбеймеген, бірақ биыл олардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр. Подполковник Омар Айтқазин «кейбір БАҚ-тар осыны байқаған сияқты, ал бұрын олар «жалтарғыштарға» онша мән бермейтін» деп түсіндіреді.

- Бірақ қылмыстық істі қорғаныс министрлігі қозғамайды, олар тек құжат жинаумен айналысады, - дейді Айтқазин.

АЗАТТЫҚ ВИДЕСЮЖЕТІ (орыс тілінде):

ІШКІ-СЫРТҚЫ ҚАТЕРДІ ЕСКЕРУ

Былтырғы жылмен салыстырғанда, әскерге шақырылатындар саны да өзгермеген.

- Алматыдан орта есеппен алғанда, көктем мен күзде бір мың адамнан – жылына екі мыңға жуық адам жөнелтеміз. Экстерриториялық принцип бойынша әскерге шақырылғандар әскери міндетін бір жыл бойы елдің солтүстік, шығыс және батыс аймақтарында, яғни Алматыдан тыс жерде өтейді. Біздің қаладан әскерге шақырылғандардың ешқайсысы Алматыда қалмайды, - дейді подполковник Айтқазин.

Жуырда қарулы күштердің бас қолбасшысы әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «қазір Қазақстанға сырттан ешкім ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ» деп мәлімдеді. Бірақ Назарбаев елдегі тұрақтылыққа іштен, оның ішінде трайбализмді (рушылдық – ред.) қоздырып жүргендерден қатер төнуі мүмкін екенін ескерткен. Ол экстремизмнің таралу қаупі жайлы бұдан ертеректе де талай айтқан.

Алматы қаласы қорғаныс істері дептартаменті бастығының орынбасары подполковник Омар Айтқазин.

Алматы қаласы қорғаныс істері дептартаменті бастығының орынбасары подполковник Омар Айтқазин.

Подполковник Омар Айтқазиннің айтуынша, әскер жасындағы әр жігіт күні бұрын мұқият тексеруден өтеді. Олардың өздерімен, әке-шешесімен, мектеп психологтарымен және полицияның учаскелік инспекторларымен сұхбат өткізіледі. Суицидке, дене мүшесін зақымдауға бейім, есірткіге тәуелді, яғни психикасы құбылмалы топты анықтау үшін оларды наркологиялық және психологиялық тестен өткізеді. Кейін штаттағы психолог жас жігітті әскерге алуға қатысты ұсыныс сипатында ұйғарым шығарады.

Подполковник Омар Айтқазиннің түсіндіруінше, экстремистік пиғылдағы жастарды әскерге шақыруға жол бермеу үшін әскери комиссариаттар бұл мәселені үнемі пысықтап отырады әрі ҰҚК (ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Ертеректе БАҚ күзде әскерге шақыру мерзімі кейінге қалдырылған немесе әскерден босатуға жатпайтын 18 бен 27 жас аралығындағы 12 мың қазақстандық азаматты қарулы күштерге шақыру жоспарланғанын хабарлаған. Аймақтарда әскерге шақыру науқанын жергілікті әкімдіктер қазір қорғаныс істері департаменті деп аталатын әскери комиссариаттармен бірлесіп ұйымдастырады.

Әскерге аттанатын жігіттердің қоштасуға келген туыстары. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Әскерге аттанатын жігіттердің қоштасуға келген туыстары. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Шілде-қыркүйек айларында әскер жасындағы жігіттермен, әке-шешесімен және олар оқитын немесе жұмыс істейтін оқу орындары не кәсіпорын өкілдерімен арнайы сұхбаттар өткізілген. Әскерге шақырылған жігіттерді іріктеп, әскери бөлімдерге бөлу кезінде олардың осы уақытқа дейін алған мамандығы, денсаулық жағдайы, дене дайындығы және моральдық-психологиялық ахуалы ескеріледі.

Бұдан сәл ертеректе БАҚ қорғаныс министрлігі әскерінде қызметін өтеуге күзде төрт мың адам аттанатынын хабарлаған. Олардың екі мыңға жуығы ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, алты жарым мыңы ІІМ-нің ұлттық гвардиясына, ал 300-ге жуық адам мемлекеттік күзет қызметіне аттанады. Соңғы топтағылар Қазақстан президенті мен мемлекеттің өзге де жоғары лауазымды тұлғаларын (күзетуге жататын) және мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетумен айналысады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG