Accessibility links

Шетелдік бірнеше телеарна көрсетілмейтін болды


Басқару орталығы бөлмесі. Тбилиси, 24 қаңтар, 2011 жыл
Басқару орталығы бөлмесі. Тбилиси, 24 қаңтар, 2011 жыл

Наурыздан бастап Қазақстандағы кабельдік операторлар тек тіркеуден өткен шетелдік арналарды көрсете алады. Тіркеуден өтпегендердің ішінде Bloomberg, Russia Today, TV 5 сияқты шетелдік арналар бар.

Бір жыл бұрын қабылданған «Телерадиохабарлар тарату туралы» заңға сәйкес, 2013 жылы наурыздың 2-сінен бастап Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінде қайта тіркеуден өтпеген шетелдік телеарналардың хабарларын Қазақстанда таратуға тыйым салынады.

ТІРКЕУ МЕН ТІРКЕЛУ

Ақпарат және мәдениет министрлігінің электрондық БАҚ басқармасының бастығы Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, 2013 жылы 1 наурызға дейін тіркеуден 159 шетелдік арна өткен.

- Тіркеуге өтініш берген арналардың барлығы өтті. Біз ешкімді тіркеуден өткізбей қойған жоқпыз. Тіркеуден тек бізге құжаттарын тапсырмаған арналар ғана өтпеді, - деді ол наурыздың 4-і күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, министрлік тіркеліп үлгермеген шетелдік телеарналардың өтініш жолдау мерзімін шектеп отырған жоқ. "Олар кез-келген уақытта министрлікке өтініш бере алады» деді шенеунік.

Ләззат Сүйіндіктің сөзінше, заңға сәйкес кабельдік операторлар тек қайта тіркеуден өткен арналарды ғана тарата алады.

Министрліктің мәліметі бойынша, қайта тіркеуге дейін елде 120 шақты шетелдік арна хабар таратып келсе, Қазақстан территориясында бұрын-соңды хабар таратпаған арналардың тіркелуі есебінен қазір олардың саны 159-ға жеткен.

"ЕСЕПКЕ ТҰРУҒА ҚҰШТАРЛЫҚ ТАНЫТЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ"

Қазақстанда кабельдік телехабар таратушы оператор қызметін көрсететін «Digital TV» компаниясының басшысы Қуат Бахридинов өткен апта соңында жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында "көптеген шетелдік телеарналар Қазақстандағы көрермен аудиториясын азсынатындықтан тиісті есепке тұруға құштарлық танытып отырған жоқ" деген еді.

Қазақстандағы ірі кабельдік операторлардың бірі «Алма ТВ» компаниясының Азаттық радиосына берген жазбаша жауабында елде жұмысы тоқтаған арналар тізімі былайша көрсетілген:

"Эксперт ТВ, A-One, XJ TV 1, XJ TV 2, XJ TV 3, CCTV 4, AZ TV, Армения (С1), TVE, TV 5, TRT, Fashion One HD, France 24, Extreme Sports Channel, Bloomberg, Спас, VH 1, Russia Today".

Компанияның айтуынша, кейбір арналардың көрсетілмеуіне байланысты көрермендер тарапынан тұрақты түрде шағымдар түсіп жатыр.

Азаттық тілшісі тіркеуден өтпеген Russia Today арнасына сауал жолдағанмен әзірге, жауап келген жоқ.

Жазбаша сұрақ жолдауды өтінген ресейлік "Эксперт ТВ" арнасының өкілі (есімін айтудан бас тартты) "арнаның өтініш жібермегенін" айтты.

"Алдағы уақытта Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне тіркелесіздер ме?" деген сұрағымызға: "Бұл сұраққа жауап бере алмаймын" деді.

"БАЯҒЫ КӨРЕРМЕНДЕР ЗАРДАБЫН ТАРТАДЫ"

Бұған дейін баспасөз қорғау ұйымдары мен құқыққорғаушылардың сынына талай іліккен «Телерадиохабарлар тарату туралы» заң "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның ойынша, мұнда да азаматтардың еркін ақпарат алу туралы конституциялық құқығына қайшы кеп тұр.

Ол шетелдік арналар үшін тіркелу процедурасын күрделендірудің де еш қисыны жоқ деп есептейді.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 24 желтоқсан, 2012 жыл
"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 24 желтоқсан, 2012 жыл
- Бұған дейін мұның барлығы нарықтық қатынастарға сай реттеліп отырды. Шетелдік арналар кабельдік операторлармен келісім-шарт жасасып, хабар таратып келді. Мұны ақпарат және мәдениет министрлігі арқылы неліктен орталықтандырып жатқаны түсініксіз. Ал нәтижесінде ылғи көрермендер яғни, Қазақстанның қарапайым азаматтары зардабын тартып жатады, - дейді Тамара Калеева.

«Телерадиохабарлар тарату туралы» заң жобасының авторлары кезінде бұл ережелердің "ақпарат кеңістігін экстремистік мазмұндағы материалдардан сақтау" мақсатында енгізіп отырғанын алға тартқан еді.

Тамара Калееваның ойынша, "көрінбейтін дұшпан үшін байбалам салып, көрінген жерге тосқауыл қойып, бәрінен күдіктене беру" тек "азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіреді".

- Нақты жағдайда менің ойымша, азаматтардың еркін ақпарат алу құқығы бұзылып тұр, - дейді Тамара Калеева.

КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ

Шетелдік телеарналардың мемлекет сүзгісінен өтуіне байланысты көрермендердің ой-көзқарастары төмендегідей:

- Тіркеуден өтпеген арналардың тұрақты көрермені емеспін. Тіпті қашан теледидар қосқаным да есімде жоқ. Тек интернеттен ғана көремін. Бірақ бұл заңды қолдамаймын. Менің ойымша, бұл заң К+ арнасына қарсы бағытталған. Бірақ шын мәнінде билік бұл арнаны жабу үшін басқа "кілтипан" тапты, - дейді Серікжан есімді көрермен.

Көрермен айтып отырған К+ арнасының өнімдері бұған дейін "экстремистік" деп танылып, арнаның Қазақстан аумағында хабар таратылуына тыйым салынған еді.

Тіркеуден өтпеген арналар жайлы естімегенін айтқан Алматы қаласының тұрғыны Бейбіт Нәлібаев:

- Қазір теледидар тамашалаушы аудиторияның саны едәуір кеміді. Қаптаған телеарналардың қатарына қандай арналардың қосылып жатқанын да, қандай арналардың шығып қалып жатқанын да көреремендер бағамдап үлгере алып жатқан жоқ. Ондағы таратылатын ақпараттардың бір-біріне қатты ұқсастығы көрермендердің телеарналарға шын жанкүйер болуына кедергі келтіріп жатыр. Сол себепті тізімнен түсіп қалған телеарналарға араша түсушілердің, оны талқылаушылардың үлесі де тым аз.

Тіркеуден өткен арналар тізімін ақпарат және мәдениет министрлігінің сайтынан көруге болады.

159 арнаның басым бөлігі - Ресейдікі. Қалғандарын Украина, Ұлыбритания, Эстония, Корея, Франция, АҚШ, Голландия, Шешенстан және Германияның арналары құрайды.

Министрліктің мәліметі бойынша, қазіргі кезде елде 130-дан астам кабельдік оператор бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG