Accessibility links

Құрылыс компаниясы үй салудың орнына журналистпен соттасуда


"Время" газетінің тілшісі Мәдина Айымбетова. Алматы, 4 желтоқсан, 2008 жыл
"Время" газетінің тілшісі Мәдина Айымбетова. Алматы, 4 желтоқсан, 2008 жыл

«Спецстальснаб» ЖШС-нің бас директоры Айгүл Жеңісқызы «Время» газетінің тілшісі Мәдина Айымбетованы қыркүйек айының 6-сы күні шыққан «Алданғандар саны көбейіп барады» деген мақаласы үшін сотқа беріп отыр, бейсенбі күні соттың алғашқы отырысы өтті.

Мақалада аталған компанияның коттедж қалашығын салып береміз деп уәде етіп, тұрғындардан қалай ақша жинап алғаны, ақырында уәделері желге ұшқандығы турасында жазылған. Енді компания басшылығы сотқа жүгіну арқылы мақалада жазылған айыптарды жуып-шаймақшы көрінеді.

Аталған жағдайға қатысты, Алматыда бейсенбі күні өткен сот отырысына шағым иесі Айгүл Жеңісқызы келген жоқ. Оның орнына компанияның атынан келген қорғаушы директордың отбасылық жағдайларға байланысты келе алмайтынын айтты. Ал Жетісу аудандық сотының судьясы К.Мурзаев шағым иесінің келмеуінің себебі орынды екенін жеткізіп, сот отырысын онсыз да бастай беруге болатынын айтты.

Әуелі куәгерлер ретінде сұралған үлескерлердің барлығы бірауыздан арада болған келісімді компанияның орындамай отырғанын айтып, бұл жерде үлескерді немесе шындықты жазған журналисті емес, компания басшылығын айыптау керек уәждер білдірді. Үлескерлерден кейін сөз алған «Время» газетінің тілшісі Мәдина Айымбетова мақалада болған жайды еш қоспасыз баяндап бергенін айтты. Азаттыққа берген сұхбатында ол былай дейді:

- Мен өзімнің әрекетімнің дұрыстығына сенімдімін. Мен бір жыл бойы не ақшасын ала алмай, не үйлері дайын емес үлескерлердің жиынына барып, сондағы болған оқиғаны қаз-қалпында баяндадым. Ол жерде құрылыс орны қаңырап тұр, ал үлескерлер өздері жинап берген ақшаны компания дұрыс мақсатта жұмсамаған сияқты деп өз тұжырымдарын жеткізді. Мен «сияқты» деген сөздің астын әдейі сызып айтып тұрмын. Себебі, онда ешкім бұлайша кесіп айтқан жоқ. Ал сотқа берген шағымда «сияқты» деген сөзді мүлде алып тастаған.

Алматы тұрғыны, үлескерлердің бірі Гуля Басығараева. 4 желтоқсан, 2008 жыл.


Өз кезегінде тілшіге сұхбат берген үлескер Гуля Басығараева жауап беруші ретінде өзінің емес, компания басшыларының тұрмағанына күйінеді.

- Компания басшылығы берген уәдесінде тұрмағанмен қоймай, біздің атымызға шағым түсіреді. Бұдан бөлек олар несие алу үшін біздің үйлеріміз бен жерімізді "Казкоммерцбанкке" кепілдікке беріп қойған.

Ал құрылыс компаниясының қорғаушысы болса, үйлер объективті себептерге байланысты уақытында салынбай отырғанын, мұндай жағдайға кездейсоқ түсіп қалғандарын айтады. Енді компания басшылығы мақалада жазылғандарды жоққа шығарып, тілші мен үлескердің өздерінен кешірім сұрауын талап етіп отыр. Сонымен қатар моралдық шығын ретінде 5 млн теңге өндіріп беруді сұрады.

«Спецстальснаб» ЖШС-гі 2006 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы Бесағаш-2 ауылынан коттедж қалашығын салып береміз деп 55 үлескерден 9.5 млн доллар көлемінде ақша жинап алады. Ақыр соңында үйлер салынбай, компанияның үлескерлері қаладағы мәселесін шеше алмай жүрген 30 мыңға жуық үлескердің қатарына қосылады. Олар бұған дейін әкімшілік, құқық қорғау органдарына барған көрінеді. Нәтижесіз аяқталған соң ақпарат құралдарына жүгінуге тура келіпті.

Аталған іс бойынша келесі сот отырысы желтоқсанның 18-не белгіленді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG