Accessibility links

Қазақстан үкіметінің жанынан үлескерлер қаржысына жүргізілетін құрылыс мәселесімен айналысатын комиссия құрылады. Оған вице-премьер төрағалық етпекші.

Астана әкімшілігінде банкирлермен, құрылыс компанияларының басшыларымен және алданып қалған үлескерлермен кездескен премьер Кәрім Мәсімов проблемалық нысандарға кезекті рет берілген республикалық бюджеттен алынған 17 миллиард теңгенің тегін сыйлық емес, қайтарылуы қажет ақша екендігін ескертті.
- Салық төлеушілердің қаржысын біз дербес біреулер үшін бере алмаймыз, бұл уақытша көмек. Қазақстан тұрғындарына айтарым, Астана проблемалары сіздің ақшаңыз арқылы шешіліп жатқан жоқ, бұл ақша қайтадан бюджетке оралады, - деді премьер.
«Лайықты баспана үшін» азаматтық қоғам кампаниясының төрайымы Зәуреш Батталова үкіметке әкімшілік берген ақпарат толық емес деп отыр:
- Проблемалық нысандар деп 17 миллиард теңгеге тізім жасадығой, сол шынайы емес. Құрылыстарда жұмыс басталды ма? Әлі басталған жоқ. Сондықтан үлескерлер премьердің бірінші рет кездескеніне риза. Оны айту керек. Бірақ, кездесу ол нақты шешім емес.
Премьер Мәсімов: Бюджеттен бөлінетін 17 млрд теңге кейін қайтадан қазынаға қайтарылады.
Премьер кезекті рет заң бұзған құрылыс компанияларының басшылары жауапкершілікке тартылып, мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленетіндігін жеткізді. Премьер Астана әкімі Иманғали Тасмағанбетовке алғысын білдіріп,өзге қалаларда бұлайша кездесу өткізе алмайтындығын айтты.
Сондықтан вице-премьер Өмірзақ Шүкеевке жаңадан құрылатын комиссияға жетекшілік ету тапсырылды. Комиссия құрамына азаматтық қоғам өкілдері де шақырылады, деді премьер Мәсімов.
Үш сағаттық кездесуде алданған үлескерлер, мансард құрылысының үлескерлері және үйлері күрелетін тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды. «Лайықты баспана үшін» кампаниясының төрайымы Батталованың айтуынша, үлескерлердің бір бөлігі биліктің кез келген әрекетіне риза:
- Үлескерлердің арасында мүлдем ақшасыз қаламыз деп қорқатындары бар. Олар әйтеуір аз да болса бірдемеге ие болайық деп отыр. Ол - бір, екіншіден, үлескерлердің көбінің мүлдем пәтері жоқ. Бір жерде пәтер жалдап тұратындары бар. Пәтерге төлейді бір, ипотекаға төлейді екі, тағы шешілмесе мүлдем бәрінен айырыламыз деп қорқып, әйтеуір не болса да салса екен дейтіндеріде бар.
Өз кезегінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов жылдың соңына дейін 18 мың үлескердің мәселесін шешетін 87 тұрғын үй кешені салынып бітеді деген уәде берді. Оның сөзінше, барлық үлестік құрылыс беске бөлінген.
- Біріншісі - «Қазына» қоры арқылы қаржыланатын үйлер, екіншісі - Астана әкімшілігі пәтер сатып алатын ғимараттар, үшіншісі - құрылыс компаниялары өз ақшаларына салынып жатқан кешендер, төртіншісі - үкімет атынан қаржыланатын проблемалық нысандар, бесіншісі - аяқтауы мүлде тиімсіз үйлер. Дәл осы соңғы жобаның үлескерлері өзге тұрғын үйлерге көшіріледі, кейбіреуіне қаржысы қайтарылады, - деді әкім.
Саясаткер Батталова кейбір үлескерлер шынайы жағдайды көріп билікке сенбей отыр дейді:
Экс-сенатор Зәуреш Батталова "Лайықты баспана үшін" қоғамдық қозғалысын басқарады.
- Үкіметке сенбей қорқып отыр, тағы алданып қаламыз деп. Олар керек болса митингтерге, пикеттерге шығуға дайынбыз дегенді айтып отыр. Мысалы, біз 6-тамызға пикетке, 6-қыркүйекке митингке өтініш бердік.
Ресми мәлімет бойынша «Қазына» қоры арқылы құрылысқа 48 миллиард, әкімшілікке пәтер сатып алуға 41 миллиард және тоқтап қалған проблемалық құрылысты аяқтауға 17 миллиард теңге бөлінген. Барлығы 1 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалған.
Астана әкімі Тасмағамбетовтың мәліметінше, 6 құрылыс компанияның басшыларының үстінен қылмыстық істер қозғалған. 2 басшы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шілденің 28 күні Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов үлескерлердің қаржысын алған құрылыс компанияларынан 108 нысан және 107 көлік тұтқындалғанын хабарлады. Бірақ, егерде компания басшылары құрылысты жалғастырамыз десе қозғалмайтын және қозғалатын мүлік қайтадан иелеріне қайтарылады, деді ол.
XS
SM
MD
LG