Accessibility links

Сотталған белсенділер «терроризмді қолдаушылар» тізімінде жүр


«Алауыздық қоздырған» деген айып тағылған белсенді Ермек Нарымбаев Алматы аудандық сотында тұр. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

«Алауыздық қоздырған» деген айып тағылған белсенді Ермек Нарымбаев Алматы аудандық сотында тұр. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

«Алауыздық қоздырғаны үшін» сотталған белсенділер «терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға» қатысы бар тұлғалар тізіміне енгізілгендіктен банктер оларға қызмет көрсетуден бас тартып жатыр. Кей белсенділер ондай тізім жайлы ешкім ескертпегенін айтады.

Астанада тұратын азаматтық белсенді Болатбек Біләловтің айтуынша, ол жуырда банк картасын жасату үшін «Халық банкінде» талай сағат кезек күткен. Бірақ оған менеджер «Сізге карта жасай алмаймыз, өйткені сіз – террориссіз» деген. Кейінірек банк қызметкерлері Біләловке ол туралы деректер «2016 жылдың 3 маусымында жарияланған терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне» енгізілгенін хабарлаған. Әлгі тізім қаржы мониторингі комитетінің сайтында ашық жарияланған.

БАНК КАРТАСЫ

2016 жылдың басында «алауыздық қоздыру» айыбымен сотқа тартылған Болатбек Біләловтің бас бостандығы үш жылға шектелген. Ол жалақы алу үшін банк картасын жасатып, жұмысқа орналасқысы келгенін айтады.

– Меніңше, бұл сот үкім кескен әлгі 174-бап - «экстремистік» бапқа (Болатбек Біләлов осы бап бойынша сотталған - ред.) байланысты. Бұған қоса әлгі тізімнен осы бап бойынша жауапқа тартылған Сәкен Байкенов, Ермек Нарымбаев пен Татьяна Шевцова-Валованы да таптым. Ол тізімде 500-ге жуық адам бар, - дейді Болатбек Біләлов Азаттыққа.

Белсенді «маған шығарылған үкімде мұндай шектеулер мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар қауіпті адам деп көрсетілмегендіктен, құқығым бұзылды» деп санайды.

Болатбек Біләлов өзіне қарсы қылмыстық іс бойынша Сарыарқа аудандық 2-сотындағы процесс кезінде. Астана қаласы, 13 қаңтар 2016 жыл.

Болатбек Біләлов өзіне қарсы қылмыстық іс бойынша Сарыарқа аудандық 2-сотындағы процесс кезінде. Астана қаласы, 13 қаңтар 2016 жыл.

Болатбек Біләлов Астанада үйлері сүрілгені үшін төленетін өтемақыға наразы және баспанадан қиындық көрген өзге де тұрғындардың мүддесін сотта қорғаумен танылған. Ол гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандарды Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының да белсендісі болған.

Қазір ол көбінесе үйден шықпайды. Айтуынша, түнде үйіне полицейлер жиі келіп, оны тексеріп тұрады. Біләлов айына екі рет полицияға өздігінен барып, белгіленіп тұруы, бостандығы шектелген мерзімдегі мінез-құлқы жайлы актіге қол қойып тұруы тиіс.

АҚША АУДАРЫМЫ

Алматылық тағы бір белсенді Ермек Нарымбаев бір ай бұрын «Еуразиялық банктегі» есеп-шотына аударылған ақшаны ала алмағанын айтады. Ол «банк қызметкерлері менің атыма аударылған ақшаны таба алмады да, ақшамның қайда жоғалып кеткенін ұқпадым» дейді.

– Бірақ кейін әлгі ақшаның ешқайда жоғалмағаны анықталды, ал мені банк қызметін, несие алуға, ақша аударуға, есеп-шот ашып, карта жасатуға, тіпті коммуналдық қызмет ақысын төлеп, жалақы алуға тыйым салынған адамдар тізіміне кіргізіп тастапты. Бірақ мені терроризмді қаржыландырудың алдын алу бағдарламасы тізіміне неліктен кіргізіп жібергенін түсінбеймін, - дейді Ермек Нарымбаев.

Бас прокуратура, ҰҚК, қаржы министрлігінің бірлескен ұйғарымы бойынша мұндай нұсқауды Қазақстанның бүкіл банктері алған, бірақ неліктен сот шешімінсіз істегендері түсініксіз. Қолымда тіпті ол тізімге мені қандай негізде енгізгенін көрсететін акті де жоқ.

Кейінірек банк Нарымбаевқа қызмет көрсетуден бас тартқан. Онымен іскерлік қатынас орнатудан бас тартқан банктің ескерту қағазының көшірмесін белсенді Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.

– Бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы министрлігінің бірлескен ұйғарымы бойынша мұндай нұсқауды Қазақстанның бүкіл банктері алған, бірақ неліктен сот шешімінсіз істегендері түсініксіз. Қолымда тіпті ол тізімге мені қандай негізде енгізгенін көрсететін акті де жоқ, – дейді Ермек Нарымбаев.

Биыл наурызда Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасы «Ветер с улицы» кітабының интернеттен көшірілген деп мәлімделген әрі «қазақ халқының ар-намысын қорлайтын» үзіндісін жариялау арқылы «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни алауыздық қоздырды» деген қылмыстық айыппен Ермек Нарымбаевтың бостандығын үш жылға шектеп, бес жылға қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салған. Нарымбаевтың тергеу абақтысында өткізген уақытын ескеріп, оның жаза мерзімін екі жыл бес айға дейін қысқартқан.

ҚЫЛМЫСТЫҚ АҚШАНЫ ЗАҢДАСТЫРУ ТУРАЛЫ ЗАҢ

«Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар» ұйымдар мен тұлғалар тізімі «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабына сәйкес түзілген. Қаржы министрлігіне қарасты қаржы мониторингі комитеті сайтында аты-жөні көрсетілген азаматтар тізімі үнемі жаңартылып тұрады – ол тізімге біреулерді қосып немесе алып тастайды.

Сот экстремистік және террористік сипаттағы қылмыс жасады деп таныған адамға қатысты заңды күшіне енген сот үкімі азаматтарды сол тізімге енгізуге негіз болып саналады. Заңда ол тізімге іліккен адам күнкөріссіз қалса және бала-шағасын асырай алмаса, «ақшасы немесе өзге мүлкіне қатысты операциялар жүргізу үшін қаржы мониторингі субъектісіне жүгіне алады» деп жазылған.

Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізілген жеке тұлғаға тіршілік етуге қажет қаражат төлеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді

Мысалы, терроризм мен экстремизм айыбымен сотталған адам «бір айда тиісті қаржы жылына белгіленген күнкөріс шегінен аспайтын әрі отбасының әр мүшесіне шаққандағы мөлшерде» жалақы алуына болады. Бұған қоса сотталған адам зейнетақы мен жәрдемақы алып, бюджетке салық сияқты міндетті төлемдер мен өсімақы, айыппұлдар төлей алады.

Заңда «терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізілген жеке тұлғаға тіршілік етуге қажет қаражат төлеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді» деп жазылған.

Азаттыққа қаржы мониторингі комитетінен толығырақ комментарий алудың сәті түспеді. Мекеменің қабылдау бөлмесі қызметкерлері «бізде баспасөз қызметі жоқ, ал мына жағдайға қатысты толық комментарийді кім бере алатынын білмейміз» деп мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG