Accessibility links

Мейрамханаларға корпоративтік кешке тапсырыс түсіп жатыр


Жаңа жыл кешінде Аяз ата болып киінген ер адам.(Көрнекі сурет.)

Жаңа жыл кешінде Аяз ата болып киінген ер адам.(Көрнекі сурет.)

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында министрліктер, ұлттық компаниялар мен өзге де кәсіпорын басшылары корпоративтік кеш өткізуден бас тарту жайлы сөз қозғады. Бірақ, Алматының кейбір мейрамханалары Жаңа жыл кешін ұжым болып тойлауға тапсырыс алып жатқанын айтады.

Қазақстанда Жаңа жыл мерекесіне арналған корпоративтік кештер әдетте желтоқсанның 25-інен келесі жылдың бірінші аптасына дейін жалғасады. Бірақ соңғы кезде баспасөзде биыл көптеген ведомстволар, ұлттық компаниялар мен ұйымдар Жаңа жылды ұжымдасып тойлаудан бас тартқаны туралы мәлімдемелер жарияланды, олар мұның себебін дағдарыспен байланыстырады.

«КОРПОРАТИВКЕ» АҚША ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН

«Адем» сауда үйінің сатушысы Жазира Арыстанова «жыл сайын біздің қызметкерлер Жаңа жылды кафе-мейрамханаларда тойлайтын, бірақ биыл әкімшілік үндемейді» дейді.

– Мүмкін әріптестермен бір жерге баратын шығармыз. Әдетте осы кезде Жаңа жылды ұжым болып қайда тойлайтынымызды біліп отыратынбыз. Биыл ондай ештеңе естілмейді, бәлкім мүлде өткізбейтін шығар, білмеймін, - дейді Жазира Арыстанова Азаттыққа.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының БАҚ-пен байланыс департаменті бастығы Абзал Нұрқасымов биыл Жаңа жыл мерекесін өткізуге компания бюджетінен ақша қарастырылмағанын айтады.

Астанадағы мұз айдынында. 28 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Астанадағы мұз айдынында. 28 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

– Мүмкін, қызметкерлердің өздері жиналып бас қосатын шығар, оны білмеймін. Бірақ биыл корпоративтік кеш болмайды, оған бюджеттен ақша қарастырылмаған, - дейді Абзал Нұрқасымов.

Биыл «Мал өнімдері коропрациясы» қызметкерлері де «корпоративсіз» қалатын сияқты. Азаттықтың «Корпоративтік кеш өткізесіздер ме?» деген сұрағына корпорация қызметкерлері «жоқ» деп жауап берді.

– Биыл ешқандай «корпоратив» болмайды. Оның орнына Жаңа жылға қарай спорттық шара өткіземіз. Ал корпоратив өткізуден теңге девальвациясына байланысты бас тарттық, - дейді корпорацияның офис-менеджері.

Жаңа жылдық «корпоративті» кафе-мейрамханада өткізуден KEGOC компаниясы қызметкерлері де бас тартқан. Компанияның баспасөз қызметі Азаттыққа биыл ешқандай корпоратив болмайтынын айтты. Баспасөз қызметі өкілдері «дағдарысқа байланысты осылай ұйғарған шығар» деп жорамалдайды.

«ТАПСЫРЫСТАР ТҮСІП ЖАТЫР»

Алматы қаласындағы белгілі мейрамхана басшыларының пікірі өзгеше. Олардың айтуынша, қаланың көптеген ұйым, кәсіпорындары дағдарысқа қарамастан корпоративтік кештерін ойын-сауық орындарында өткізбек.

– Биыл жаңа жылдық корпоративтер 25 желтоқсаннан басталады. Компаниялардың көбі әр адамға 12 мың теңгеден есептеп, тапсырыс беріп қойды,- дейді «Қышлақ» мейрамханасының администраторы Елдар Құрабаев Азаттыққа.

Алматыдағы мейрамханалардың бірінің кіре берісіне қойылған мүсіндер.

Алматыдағы мейрамханалардың бірінің кіре берісіне қойылған мүсіндер.

Қаланың жоғары жағындағы экологиясы таза аймақта орналасқан «Алмасай» мейрамханасы да меймандарды күтіп отыр. Мейрамхана администраторының айтуынша, биылғы Жаңа жыл мерекесін дағдарысқа қарамастан ұжым болып тойлауды ұйғарған компаниялар жетерлік. Оның сөзіне қарағанда, олар бір адамға 40 мың теңгеден (шамамен 130 доллар) есептеп, тапсырыс беріп қойған.

– Қазірдің өзінде дастарханға тапсырыс беріп қойды, бос орын қалған жоқ. Біздің мейрамханада қандай компаниялардың корпоративі өтетіні қазір есімде жоқ, бірақ аз емес, - дейді «Алмасай» мейрамханасының администраторы Азаттыққа.

«Бастау» мейрамханасы администраторы Махамбет Өсербаев «биыл сәл азайғаны болмаса, қонақтар бар» дейді. Оның айтуынша, бұл мейрамхана кісі басына 7-13 мың теңгеден (шамамен 20-40 доллар) есептеп, тапсырыс алған.

БАҚ-тағы кейбір хабарларға қарағанда, министрліктердің көбі Жаңа жыл мерекесіне арнап корпоративтік кеш өткізбейтінін мәлімдеген. Бұрын Жаңа жылды думандатып тойлаумен аты шыққан «Қазақстан темiр жолы», «Самрұқ-Қазына», «Казатомпром» және «Қазақтелеком» сияқты ұлттық компаниялар да корпоративтік кештерден бас тартқан.

Өткен аптада берген брифингте осы тақырыпты қозғаған Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов: «Корпоративтік кеш өткізу артық шығын екеніне дауым жоқ, бірақ меніңше, бюджет қаражатын тек корпоратив есебінен үнемдейміз деу – бос сөз», - деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG