Accessibility links

Сұлтан Махмадов империясының ҰҚК-мен теке-тіресінің себептері неде?


Ағайынды Махмадовтар компаниясының өндірістік корпустары. Тараз, 4 желтоқсан, 2008 жыл.

Ағайынды Махмадовтар компаниясының өндірістік корпустары. Тараз, 4 желтоқсан, 2008 жыл.

Сұлтан Махмадовтың бизнес-әріптесі ҰҚК қудалауының басты себебі, жоғары лауазымды мемлекет қызметшілерінің бірінің «БМ» ны өзіне тартып алуы үшін жасалып отыр деп мәлімдеді. Ал Тараздағы белгілі тұлғалар өз пікірлерін ашық айтудан қорқақтайды.

Махмадовтың басындағы іс —әріптестердiң де мәселесі

3 желтоқсан, сәрсенбі күні өзін Петропавлдағы «Баян-Север» компаниясының директоры деп таныстырған Қуаныш Ахметов жергілікті журналистерге баспасөз конференциясын өткізіп, онда «БМ» компаниясын банкроттыққа ұшыратып, түкке тұрғысыз бағаға сату үшін жұмысының тоқтатылып тұрғанын баяндады.

«Менің ойымша, мемлекет қызметшісінің бірі, ол облыс көлемінен емес, одан да жоғары орыннан болуы ықтимал, Махмадовтың өркендеп тұрған бизнесіне ниеті ауып, міне 10 айдан бері «БМ» компаниясын мақсатты түрде банкроттыққа ұшыратып, оның құнын түсіріп, болашақта арзанға сату үшін дайындауда. Соның салдарынан оның өзі ғана емес, бизнестегі әріптестері де зардап шегуде. Мысалы, менің фирмамның «БМ» компаниясымен жасаған шарты басталмай жатып құрдымға кетті. Себебі, Сұлтан Махмадов қаржы мәселесіне байланысты алған міндеттерін орындай алмады. Бұған кінәлі тек қана ҰҚК!»

Ол сонымен бірге, оның компаниясы үстіміздегі жылдың басынан бастап, Петропавловскідегі жанар- жағар май құю бекеттерін бензинмен қамтамасыз етуі керек екенін айта кетті.
Петропавлдағы "Баян-Север" компаниясының директоры Қуаныш Ахметов.


-Сұлтан Махмадов менің компанияма бензин беруі керек еді, ал мен оны жергілікті автобекеттерге сатуға тиіс болатынмын. Бірақ,«БМ» ға ақпан айынан бері қысым жасалып, соның салдарынан ол қаржы қиындығына тап болды. Жұмысшылар алты айдан бері жалақы алмағандықтан, тамыздың бірінен бастап ұжым тарады. Біз бар-жоғы бір жылдай өмір сүрдік.

ҰҚК- нің олардан 25 қару жарақ тәркілегенін Қуаныш Ахметов былай түсіндірді:

«ҰҚК өткізген тәркілеуден бұрын-ақ, оларды сақтауға рұқсатымыз бар болатын»

"Іс жүзінде Сұлтан Махмадов тарапынан қарулы қарсылық болды ма?"- деген журналистер сұрағына ол баяу үнмен былай деп жауап берді:
-Мен ол кезде болмадым. Мұнда Сұлтан Махмадовтың бизнес-әріптесі ретінде өзіме тигізген зиянын айту үшін келдім.


ҰҚК айыптауды жалғастырып, жаңа айғақтар қосуда

Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД -нің 2 желтоқсанда ресми электронды БАҚ тар арқылы таратылған баспасөз релизінде:

«Құпия мәліметтерді жария ету фактісі бойынша, Жамбыл облысы ҰҚК департаменті қылмыстық Кодекстің 272- бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы бап бойынша Сұлтан Махмадовқа, сонымен қатар 2008 жылдың 28 қарашасында ҰҚКД қызметкерлеріне ұстау кезінде қарулы қарсылық көрсеткен «БМ» ЖШС қауіпсіздік қызметі бастығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, «БМ» ЖШС кәсіпорынын тексеру кезінде 25 дана «ПМ» пистолеті табылып, тәркіленді және қолданудан алынып тасталды» делінген.

Сонымен бірге, Рамазан Есіргеповке қатысты ( құпия мәлімет жариялағаны үшін) 172- бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жария етілді.

Келесі күні, 3 желтоқсанда ҰҚК нің Жамбыл облысы бойынша департаменті тағы бір қылмыстық істі жариялады.

«ҚР Жамбыл облыстық ҰҚК департаменті С.Махмадовқа қатысты құпия мәліметтерді жария еткені үшін қылмыстық Кодекстің 172- бабы (мемлекеттік құпияны заңсыз түрде алып, жария ету) бойынша тағы бір қылмысты іс қозғады. Осындай баппен «Тараз» ЖШС ның қауіпсіздік қызметі бастығына қатысты да қылмыстық іс қозғалды.

3 желтоқсанда Азаттық радиосы тілшісінің электронды адресіне «Алма-Ата-инфо» редакциясынан олар жариялаған мәліметтердің неге мемлекет құпиясы болмайтындығына негізделген хат келіп түскен.

«Біздің көзқарасымыз бойынша, ҰҚКД басшыларының іс әрекеттері «Тараз» кәсіпорны басшылары мен жұмысшыларының қалыпты еңбек ету құқықтарын бұзып отыр, (тексеріс басталған соң мыңдаған адам жұмыстан босады, құжаттар мен компьютерлерді алып кеткендіктен жұмысшылардың жалақысы уақытылы берілмеді. т.с), соттардың тәуелсіз, дербес үкім шығару құқығын, жергілікті прокуратура органдарының өз әрекеттерін заңға сүйене отырып жасау құқығын шектеп отыр.ҰҚКД бұл хаты құпия емес, мемлекеттік, тіпті, қызметтік құпия да бола алмайды. Мұндай хаттар болмауы тиіс, себебі ондай хаттар адамдардың жеке ісіне, ресми адамдардың ісіне араласуды көздейді. Құқық қорғау органдары мен соттардың басшыларына қысым жасап, оларды заңсыз әрекетке итермелейді. Бұл орайда егер «Тараз» ЖШС нан ұрланған спиртті еске алсақ, онда оған әрине, ҰҚК-нің қызметкерлері кінәлі. Солардың кезекшілігінде осындай олқылықтардың болғандығы тергеуде де, сотпен де дәлелденген. Ал бұдан басқа кінәлілерді ҰҚКД де таба алған жоқ.»,-деп жазылған баспасөз релизінде.


"Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз"

Азаттық радиосы тілшісінің жүргізген сауалнамасы бойынша, қаланың белгілі адамдары қатарындағы қоғам қайраткерлері, сонымен қатар кәсіпкерлер өз пікірлерін білдіруден бойын аулақ салады, олар ҰҚК тарапынан болуы мүмкін жағымсыз салдарлар үшін қорқады.

Жиырмаға жуық танымал кісі «Сіз Махмадов айналасындағы жағдайды білесіз бе»?- деген сұраққа былай деп жауап берді:

-Әрине, білеміз, Интернеттен кімдер оқымады дейсіз, бүкіл ел айтып жүрген жоқ па?

-Ал осы туралы сіз не ойлайсыз?- деген екінші сұрағымызға олар таңырқай қарады:

- «Ой, не дегеніңіз, біз Махмадов пен Есіргепов дегендерді бірінші рет естіп тұрмыз деді»

Екі-үш адам ғана өз пікірін ашық айтып беруге келісті.

Жамбыл облысына танымал, жергілікті қоғамдық қайраткер Әділ Ғұбашев Сұлтан Махмадовтың мәселесін саяси емес деп есептейді:

-«Ол «Нұр Отан» партиясына алғашқылардың бірі болып кірген. Сұлтан Махмадов облыстық маслихаттың депутаты - ондағылардың бәрі жуас. Оның үстіне, Махмадов Елбасы саясатына ешуақытта қарсы шығып көрмеген жан. Оны басынудың себебі, оған күш көрсету арқылы, «БМ» компаниясында аумалы-төкпелі әлеуметтік жағдай туғызып, оны өз еркімен бизнесінен кететіндей ахуал туғызу мақсаты болған».

ЖСДП-ның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Григорий Тен екіұштылау былай деді:

- Махмадовтың жеке өзін ұстап әкеткенде тұрған ештеңе жоқ. Қорқыныштысы істеп тұрған кәсіпорынды құртпақшы. Егер Махмадов кінәлі болса, оның өзін жазаласын, ал қарапайым жұмысшыларда несі бар? Екі мыңға жуық жұмысшы өмір сүру мүмкіндіктерінен айрылды. Бірақ, Махмадов темір тордың аржағында ұзақ отыратын адам емес, ол ықпалы күшті тұлға.

Психолог Аруна Омарова ҰҚК Рамазан Есіргеповке қарсы қылмыстық іс қозғау арқылы "отқа май құя түсті" деп есептейді.

-«Журналистер қауіп-қатерде» сияқты беделді ұйымның араласуы мен АҚШ елшілігінің қолдауынан туған қоғамдық пікір ғана ҰҚК- ін Рамазан Есіргеповті тек куәгер ретінде көрсетуге мәжбүрледі.

Аруна Омарова Сұлтан Махмадов тек қоғамдық пікірдің арқасында түрмеге қамалудан құтыла алады деп есептейді.

«Махмадовтың ісіне ҰҚК- нің Рамазан Есіргеповке қатысты көпке белгілі тәсілдерді қолданғаны әсер етті. Менің ойымша, қоғамда тарап кеткен пікірді ескеріп, Сұлтан Махмадовты қамамайды. Себебі, ҰҚК-нің Қазақстан жұртшылығына және халықаралық ұйымдарға Сұлтан Махмадовқа тағылған әрбір айып үшін жауап беруіне тура келеді».

«БМ» компаниясы «Вайнах» өндірістік кооперативі негізінде құрылған. Сұлтан Махмадов еңбек жолын кеңестік одақ тұсында аудандық тұрмыстық комбинатта банкі қақпағын шығаратын цехта жұмыс істеуден бастаған.Тоқсаныншы жылдардың басында, өндірістік кооперативтер құруға жол ашылған кезде, ол осы цехты сатып алып, банкі қақпақтарын өзі шығара бастаған. Банктен несие алып, арақ-шарап өнімдерін шығаруды қолға алған дейді білетіндер. Тоқсаныншы жылдың басында халықтың әлеуметтік жағдайы ауыр еді, арақ өнімдері сұранысқа ие болды, сондықтан болар, Махмадовтың тасы өрге домалады.

Осы кезге дейін өнімнің 38 түрі шығарылып келді. Оның ішінде түрлі тамақ қоспалары, мал азықтандыруға арналған биоэтанол өндірісі тағы басқа өндірістер болды.

Ұзақ уақыт Сұлтан Махмадов Назарбаевпен достық қатынаста болғандықтан оның бизнесі тез өркендеді дейтіндер де бар.

Азаттық радиосының тілшісі Сұлтан Махмадовтың президентпен достығы туралы сұрағанда Қуаныш Ахметов былай деді:

- Дос туралы артығырақ айтылған болар, бірақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрындары бірнеше мәрте Сұлтан Махмадовтың зәулім үйіне тоқтағаны бар,- деп жауап берді Қуаныш Ахметов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG