Accessibility links

«Уикиликс»: Қазақстандағы жемқорлыққа британ банкирінің де қатысы бар


Қазақстандағы газ құбыры құрылысы. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы газ құбыры құрылысы. (Көрнекі сурет)

«Уикиликс» жариялаған құпия құжаттардың жаңа топтамасында бұрынғы совет елдеріндегі мұнай басшыларына 219 миллион долларлық келісім-шарт үшін төленген параның көлемі қаншалықты қомақты екендігі айтылған.

Америкалық дипломаттар британ магнатын жақында Америкада болған ең жағымсыз жемқорлық дауына қатысы бар адам ретінде атап отыр. Сол кезде аса қомақты пара Қазақстанға берілген деген болжам бар.

БАСТЫ ДЕЛДАЛ

Британ банкирі әрі коммерсант Роберт Киссин құпия төлемдер арқылы 4 миллион доллар (2,5 миллион фунт) берген басты делдал болған деген күдікке ілікті.

«Уикиликс» жариялаған АҚШ дипломаттары депешаларына сәйкес, бұл ақша Лондонда орналасқан Барклайс банкі арқылы Мэн аралында тіркелген оффшорлық компанияның есепшотына барып түскен.

Техастағы «Бейкер Хагс» мұнай компаниясына құны 219 миллион доллар болатын келісімшартты алып беру үшін бұл ақша қазақстандық мемлекеттік мұнай компаниясының басшыларына берілуі тиіс еді.

Бұл жайттар әшкереленгеннен кейін, шетелдегі жемқорлық заңына сәйкес «Бейкер Хагс» АҚШ билігіне 44 миллион доллар айыппұл төледі.
Бұл сома – 2007 жылы Вашингтонда төленген ең ірі айыппұл. Осылайша АҚШ шет елдегі жемқорлықпен күрестің алғашқы қадамын жасалды.

ДЕЛДАЛ – ЛОРДТЫҢ ҰЛЫ

Айта кету керек, сот бұл істі шешпес бұрын компания басшылығы Қазақстандағы АҚШ елшісіне 2000 жылы жалданған британ агенті «лорд Киссанның ұлы» дегенді айтқан. Бұған 2007 жылдың 11 сәуірінде өзара жүргізілген құпия хаттар дәлел.

63 жастағы Роберт Киссин – бизнесмен Гарри Киссиннің ұлы. Гарри Киссинге 1974 жылы Ұлыбританияның премьер-министрі Гарольд Вилсон лорд атағын берген еді.

Кіші Киссин әкесінің жолын қуып, шикізат саласының маманы болды.
Совет одағы тараған соң ол тәуелсіздігін алған Қазақстанмен қарым-қатынасты жақсартты.

1991 жылы Қазақстанның сауда және даму компаниясының директоры ретінде компанияға Тим Белл деген пиар менеджерді жұмысқа алған. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға сапарын жарнамалаумен айналысты.

Киссин Лондондағы Lewis&Peat Oil and Gas компаниясының кеңсесінде отырып Гардианға берген сұхбатында, «мен ол кезде «Бейкер Хагстің» қызметкері болғанмын. Расында да сол жағдайға қатысым болды, бірақ ол – ескі оқиға. Оған қоса ол жерде көптеген бұлыңғыр жайттар бар, сондықтан оған үңілгім келмейді» деген.

Бұл мәселеге қатысты «Қазмұнайгаз» компаниясына хабарласқанымызбен, ешқандай жауап ала алмадық.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым, өкінішке қарай Қазақстандағы ірі инвестициялық салымдардың тасасында жемқорлықтың кездесетіндігі жасырын емес дегенді айтады.

– Қазақстанда инвестициялық келісімшарттардың және бизнесмендердің осындай жолмен өз ісін жасап жатқандығы белгілі. Ол Қазақстандағы саяси, қоғамдық ахуалға, экономикалық дамуға, инвестициялық климатқа еш пайда әкелмейді. Өкінішке қарай, саяси жүйе өзгермей, оларға тиісті баға да берлімейді және оларға қатысты ешқандай шара да қолданбайды, – дейді саясаттанушы.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ

«Уикиликс» жариялап отырған құжаттарда Өзбекстанда жемқорлық ауыздықталмаған, өзбек үкіметі сыбайлас жемқорлықпен байланысты делінген.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов ТМД саммитінде. Мәскеу, 10 желтоқсан 2010 жыл.
Жария болған мәліметтер Ауғанстандағы соғысқа көмек беріп отырған президент Ислам Каримов пен АҚШ-тың өзіндік қарым-қатынастары бар екенін көрсетеді.

«Уикиликс» сайты өткен жылғы бір жайтқа айрықша тоқталған. Онда АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон өзбек құқық қорғаушысына сыйлық беріп марапаттаған соң өзбек президентінің «Ауғанстанға қажетті жабдықтар таситын жолды жауып тастаймын» деп ескерткенін жазады.

«Уикиликстің» жазуына қарағанда, өткен жылы наурыз айында Каримов АҚШ елшісін шақырып алып, қатты ұрысқан. Құқыққорғаушы ұйым өкілдері жиырма жылға жуық билік басында отырған Каримовты «елде адам құқықтарын сақтамайды» деп сынаған еді. Каримов ондай айыптауларды жоққа шығарады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG