Accessibility links

Мектеп директоры мұғалімдерге ақша жинатқанын мойындайды


Молда Мұса атындағы жалпы орта мектебінің ғимаратындағы жазу. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектебінің ғимаратындағы жазу. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Түркістандағы Молда Мұса мектебінің директоры мен екі орынбасарының «мұғалімдерден пара алу кезінде ұсталғаны» хабарланды. Наразы мұғалімдер ақша жинаудан шаршағандарын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласына қарасты Қазақстанның 30 жылдығы ауылындағы Молда Мұса мектебінің мұғалімдері Света Ысқақова мен Айнұр Шериева және Жәудір Алтыбай – «ақша жинауды талап еткен» мектеп басшылығының үстінен шағымданған азаматтар.

«ЖЕМТІК БОЛУДАН ШАРШАДЫҚ»

Мектепте 16 жылдан бері бастауыш сыныптарға сабақ беріп келе жатқан Света Ысқақованың айтуынша, тамыз айының соңында әдістемелік кеңес өтіп, онда қыркүйек айында облыстық білім саласындағы бақылау департаментінен аттестациялау комиссиясы келетіні айтылған.

– Мектеп басшылығы аттестациядан өту үшін әрбір мұғалімнен 30 мың теңгеден жиналатынын айтып, «ақшаны сайлап, келетін комиссияға дайын отыруымыз керек» деген. Аттестациядан өтпейтінімізге көзіміз жетті. Өйткені комиссия келгенше бірде-бір баланы тестке дайындағанымыз жоқ. Бірде-бір құжат реттелген жоқ, – дейді ол.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Света Ысқақова. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Света Ысқақова. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Үш мұғалім «комиисияға ақша жинауға» байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасына арызданған.

– Шыны керек, жемтік болудан шаршадық. Сағатымыз аз. 56 мың теңге жалақы аламын. Бір сағат қостыру үшін ақша сұрайды. Жөндеу жұмыстарына, безендіруге тағы ақша жинайды, – дейді Света Ысқақова.

Қыркүйектің 22-сі күні үш мұғалімнің 80 мың теңге жинап, оны мектеп басшылығына беріп жатқан сәтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері видеоға түсірген. Сол күні мектеп директоры Гүлнәр Нәхипбекова, оның орынбасарлары Меруерт Отарбаева мен Ләззат Ахметованы бюро қызметкерлері алып кеткен.

​– Одан кейін мектептегі жағдай өте ауыр болды. Көпшілік мұғалімдердің қас-қабағы өзгерді, амандаспай қойды. Мұғалімдердің барлығы ақша жинауға қарсы тұрмаса, бұл жағдай басқа жерде де қайталануы мүмкін, – дейді Света Ысқақова.

Света Ысқақовамен бірге арызданған Жәудір Алтыбай да мектептегі «ақша жинау науқанынан» запы болғанын айтады.

– Ел қатарлы 30 мың теңгені беретін едім. Мектепке кірсек, сұрайтыны ақша бола берген соң күйіп кеттік, – дейді ол.

«БҰЛ – БҰРЫННАН ҚАЛЫПТАСҚАН ЖАҒДАЙ»

Азаттық тілшісі мұғалімдер шағымының мән-жайын білу үшін Молда Мұса атындағы жалпы орта мектепке барды.

Денсаулығына байланысты қыркүйектің 26-сында 14 күнге демалысқа шыққан мектеп директоры Гүнәр Нахипбекова «келген комиссияға түскі, кешкі тамағын беру үшін барлық мұғалімге дастарханға деп 3-5 мың теңгеден жинауға тапсырма берілгенін» растады.

Бұл – бұрыннан қалыптасқан жағдай. «Аттестациядан өткізуге келетін комиссияға дастархан жаю үшін жиналсын» деп айтқаным рас деп мойындап отырмын.

– Бұл – бұрыннан қалыптасқан жағдай. «Аттестациядан өткізуге келетін комиссияға дастархан жаю үшін жиналсын» деп айтқаным рас деп мойындап отырмын. Бұл кісілер (комиссия мүшелерін айтады – ред.) жан-жақтан келеді. Созақтан, Қазығұрттан дегендей. Олардың баратын жері жоқ. Үш-төрт күн, кейде апталап жатады. Сондықтан күнделікті түскі тамағын беруіміз керек, – дейді мектеп директоры.

Гүлнәр Нахипбекова мұғалім Света Ысқақованың «сағат қостыру үшін ақша сұрайды» деген сөзімен келіспейді.

– Бұл бас араздығы емес. [Света Ысқақова] өткен жылы 22 сағат алып, істеп жүрген. Тәртібіне байланысты сыныбын алып, 9 сағаттық жұмыста қалған. Биыл 12 сағат берілген. Ертеңгі күні жұмыстан шығып кететінін білмей отыр ғой ол, – деді мектеп директоры Гүлнәр Нахипбекова.

Молда Мұса атындағы мектептегі көңіл-күй ауыр екені ондағы қызметкерлермен тілдескен кезде анық байқалды. Мектеп директорының міндетін уақытша атқарып отырған Уралай Нұрсейітова тілдесуден бас тартты.

– Ешкіммен сөйлесуге уақытым жоқ, мұршам жоқ. Жұмысым басымнан асып жатыр, – деді ол.

Мектептегі кәсіподақ ұйымының төрағасы Маматрайым Айтметов «комиссияға 30 мың теңге жинау жөнінде» кәсіподаққа ешкім шағым түсірмегенін хабарлады.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің кәсіподақ төрағасы Маматрайым Айтматов. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің кәсіподақ төрағасы Маматрайым Айтматов. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

– Менің алдымда ақша жинау туралы айтылған емес. Ақша жинауға қарсымын. Бұл біз шешетін мәселе емес. Құзырлы орындар ақ-қарасын ажыратып, шешеді, – дейді Маматрайым Айтметов.

Кәсіподақ төрағасы «мектеп ұжымының бір-біріне деген қарым-қатынасы өте жақсы, бір-біріне араздығы жоқ» деп біледі.

– Үлкен ұжымды басқару оңай емес. Мысалы, мен арызданған Жәудір Алтыбай деген мұғалімді танымаймын да, көрмегенмін де, – дейді ол.

Мектепте мұғалімдерден «ақша жинау туралы әңгіме болмағанын» ата-аналар комитетінің төрағасы Әлишер Әбдукәрімов те айтады.

– Мектеп мұғалімдерінен ақша жиналған жоқ. Бұрын-соңды мұндай арыз жазылған емес. Адам болған соң бас араздық, кикілжің болған ғой, – дейді ол.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Әлишер Әбдукәрімов. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Әлишер Әбдукәрімов. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

«МҰҒАЛІМДЕР ЕШКІМГЕ ЖАЛА ЖАУЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ»

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Әбдіғали Мұсаев пен Ораз Назаров «әрбір азамат өз құқығын қорғауға құқылы» екенін ғана сөз етті. Әбдіғали Мұсаев арызданушы үш мұғалімнің «кәсіби қызметін тиісті деңгейде орындап келе жатқанын» айтты. Ал Ораз Назаров «мұғалімдердің ахуалын білесіздер ғой – ынжықтаумыз, қорқақтаумыз» деп жауап берді.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ораз Назаров. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ораз Назаров. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

26 жылдан бері осы мектепте жұмыс істеп келе жатқан мұғалім Оразкүл Әшірбекова арызданған әріптестерін қолдайтынын айтады.

– 30 мың теңге мұғалімдердің шағымдануына себеп болған. Әркім өз құқығын қорғап отыр. Мұғалімдер ешкімге жала жауып отырған жоқ, – дейді ол.

Молда Мұса атындағы мектепте аттестациялау комиссиясы үшін «ақша жинау» ұсынысы айтылғанын мұғалімдердің республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы де естіген. Ол бұл хабардыТүркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбековке мәлімдегенін айтады.

– Білім бөлімі басшысы мектеп басшылығына мұғалімдерден ақша жинамау туралы ескерту жасаған. Сонда да мектеп басшылары ақша жинауды тоқтатпаған. Мектептегі ақша жинауға тек мұғалімдер кінәлі ме? Осыдан кейін қатардағы мұғалімге қалай кінә артамыз? – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Мұғалімдердің республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы. Сурет Facebook әлеуметтік парақшасынан алынды.

Мұғалімдердің республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы. Сурет Facebook әлеуметтік парақшасынан алынды.

Ол мектептегі ақша жинауға бірнеше мұғалімнің ғана қарсы болғанын «пара беру біліксіз мұғалімге қолайлы» деп сипаттайды.

– Азаматтарымыздың көп бөлігі өз құқықтарын білмейді. Бірен-саран білетіндері түрлі психологиялық және басқа да кедергілердің әсерінен өз құқығын талап ете алмайды, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбеков 2100-ден аса оқушысы, 250-дей қызметкері бар Молда Мұса мектебінің жағдайынан хабардар екенін айтады.

– Ақша жинау туралы сөзді естіген соң қыркүйектің 19-ы күні мектепке барып, жиналыс жасадым. Бұл сөзді бірде-бір мұғалім растамады. Директорына мұндай әңгімені тоқтату туралы тапсырма бердік. Қыркүйектің 22-сі күні бюро қызметкерлері мектеп директоры мен орынбасарлары ұсталғанын хабарлады. Директор мен оның орынбасарларының әрекетінің ақ-қарасын сот шешеді, – дейді білім бөлімінің басшысы.

Түркістан қалалық білім бөлімі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 қазан 2016 жыл.

Түркістан қалалық білім бөлімі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 қазан 2016 жыл.

Бекарыс Шойбековтің айтуынша, Түркістан қаласындағы 12 мектептің төртеуі облыстық білім саласындағы бақылау департаменті ұйымдастырған аттестациядан өткен, сегіз мектеп өтпей қалған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасының аға тергеушісі Есжан Сертаев Молда Мұса мектебіне қатысты шулы оқиғаны растады.

– Қыркүйектің 19-ында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскен. Қыркүйектің 22-сі күні 80 мың теңге пара берілгені құжаттандырылды, – дейді аға тергеуші Есжан Сертаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы ғимараты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы ғимараты.

Оның айтуынша, Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің директоры Гүлнәр Нахипбекова мен орынбасарлары Ләззат Ахметова мен Меруерт Отарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалы жүріп жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG