Accessibility links

Астаналық адвокат Бауыржан Азанов сот күзетінің портфелін ашып, ішін көрсету талабы орынсыз екенін дәлелдеуге тырысып жүр. Күзет талабын орындаудан бас тартқаны үшін оны сот отырысына кіргізбей қойған.

Бұл оқиға 2015 жылдың қарашасында болған, бірақ қазірге дейін созылған. Қаңтар айында Астананың Алматы аудандық соты Бауыржан Азановтың Астана мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (МКҚБ) қызметкерінің үстінен түсірген арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Адвокат берген апелляциялық шағымның қашан қаралатыны белгісіз.

АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ

Былтыр қарашада адвокат әрі Павлодар облыстық адвокаттар алқасы мүшесі Бауыржан Азанов Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына келген. Сот ғимаратының кіре берісінде тұрған күзетші оның портфелін ашып, ішінде не бар екенін көрсетуді - «визуальды тексеруден» өтуін сұраған.

- Мен оларға «егер портфелімнің ішінде не барын көргілерің келсе, тексеру өндірісі тәртібі туралы қолданыстағы заңға сәйкес, өздерің ашып қараңдар, мен кедергі жасамаймын, керісінше мұны тіпті өзім ұсынамын» дедім. Куә болатын екі адамды шақырсын да, хаттама толтырып, қарай берсін. Бірақ олар мұны істеуден бас тартты әрі мені сот отырысы өтетін залға да кіргізбей қойды, - дейді Бауыржан Азанов.

Адвокаттың пікірінше, ол портфелінің ішінде не бар екенін біреуге көрсетуге міндетті емес. Оның айтуынша, ешқандай заңда, заңға қосымшаларда немесе нормативті актілерде «визуальды тексеру» туралы мұндай ереже жоқ.

- Әлгі ереженің қолданыстағы заңдарға, конституция нормаларына, адвокат қызметі туралы заңға, ішкі істер органдары туралы заңға сәйкестігі еш жерде ешқандай заңды сараптамадан өтпеген, біреудің ойлап тапқаны, - дейді Бауыржан Азанов.

Қазақстан адвокатурасы тарихында адвокаттардың құқығын бұзғаны үшін біреуді тым болмаса әкімшілік жауапкершілікке тартқаны есімде жоқ. Соған қарағанда, Қазақстанда адвокаттар еш қиындықсыз жұмыс істейтін болғаны ғой.

«Адвокаттық қызмет туралы» заңға сілтеме жасаған оның айтуынша, адвокаттың мүлкін заңда қарастырылған жағдайларда ғанаашып тексеруге болады деп жазылған. Мысалы, адвокат қылмыс жасады деген күдікке ілінген кезде.

- Заң саласында 17 жыл жұмыс істеген тәжірибем бар, бірақ Қазақстан адвокатурасы тарихында адвокаттардың құқығын бұзғаны үшін біреуді тым болмаса әкімшілік жауапкершілікке тартқаны есімде жоқ. Соған қарағанда, Қазақстанда адвокаттар еш қиындықсыз жұмыс істейтін болғаны ғой, - дейді Бауыржан Азанов.

Оның мәлімдеуінше, сотқа кірерде әлгі «визуальды тексеруден» өтпейтін полиция мен прокуратура қызметкерлеріне артықшылықтар берілген.

ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ

Астананың Алматы аудандық соты шешімінде МКҚБ қызметкері «портфелінің ішінде не барын көрсетуден бас тартқаны үшін» Азановты ғимаратқа қазіргі заңдар мен ережелер аясында кіргізбеген деп көрсетілген. Сотта күзетшінің өзі де осылай айтты.

Астана мамандандырылған күзет қызметі басқармасы өкілі сотта адвокат Бауыржан Азановтың «Адвокатура туралы» заңға сілтеме жасауы орынсыз, өйткені ол «заңда қарастырылған жағдайлардан бөлек» жайттар болатынын ескермеген деп мәлімдеді. Жауапкерлер нысандарды қорғауды «Терроризмге қарсы іс-қимыл» заңының 7-бабына сәйкес ұйымдастырып, бақылаймыз деп мәлімдейді.

МКҚБ қызметкерлері «ҚР ішкі істер органдары туралы» заңды басшылыққа алатынын әрі мемлекеттік деңгейде күзетілетін нысандарға кіргізу режимін қамтамасыз ету үшін жеке тұлғаларды, олардың заттарын, транспорт құралын тексеруге міндетті екенін айтады. Олар қол жүгінде сот залына алып кіруге тыйым салынған заттар болуы мүмкін деген уәж айтады.

Астана белсенділері процеске кіргізуді сұрап, Қазақстан жоғарғы сотына арыз жазып тұр. 18 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана белсенділері процеске кіргізуді сұрап, Қазақстан жоғарғы сотына арыз жазып тұр. 18 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Сот шешімінде «Жалпы юрисдикция соттары мен мамандандырылған сот ғимараттарының бәрінде қол жүгін тексеретін техникалық құрал жоқ, сондықтан бұл жайт постта тұрған полицейлердің қол жүгін иесінің келісімімен тексеруіне негіз болады» деп жазылған.

Сот шешімінде Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты постында тұрған күзетшінің адвокат Азановқа қатысты әрекеттері заңды деп хабарланады.

Астана қалалық соты сайтында «Құқық қорғау органдары туралы», «Ішкі істер органдары туралы», «Күзет қызметі туралы» және «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға сәйкес құрастырылған ғимаратқа кіргізу және нысан ішіндегі режимді қамтамасыз ету тәртібі туралы ереже жарияланған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG